Жуырда «Атырау облыстық әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен «Арнайы үздік педагог» байқауы өтті. Оған Махамбет ауданынан психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің логопед маманы Толғанай Ибатоллақызы қатысып, жүлделі 1 орын алып келді. Бұл орталықтың екінші жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрінуі. Өткен жылы осы байқаудан дефектолог маманы Альмира Күнтазиева да жеңімпаз атанған еді.
Педагог-психолог, логопед, дефектологтар арасында дәстүрлі түрде өтіп жүрген байқауға 6 ауданның білікті мамандары қатысты. Видеожолдама, үздік сабақ, портфолио, үздік әдістемелік кейс және ерекше баланың үздік жеке даму бағдарламасы атты кезеңдерде Толғанай Ибатоллақызы өзінің тәжірибесі мен дайындығының нәтижесінде әріптестері арасында үздік деп танылды. Байқаудың әділқазылар алқасы да логопед маман дайындаған көрнекіліктерге, оқу бағдарламасына, өз жұмысын қорғауы мен шеберлігіне жоғары баға берді. Енді репсубликалық кезеңге жолдама алған ол аймақтардан жиналған өз саласының үздіктер арасында бақ сынайтын болады.
Жалпы 100 ден аса баланы қамтып отырған аудандағы психологиялық-педагогикалық кабинет соңғы жылдарда жас, білімді мамандармен толығып келеді. Әр түрлі диагноздармен барып, сөйлеу, ойлау қабілетін қалыпқа келтірген балалар мектепке қабылданып, оқушы қатарына қосылып жатыр.
А.Сатаева