Амангелді Ташекенов: «Шәкірттерімнің барлығы грант иегері атанды»

Кәмелұлы келбеті

Мамандығына адал, физиканың қыр-сырын бес саусақтай меңгерген, әдістемелігі әбден шыңдалған Амангелді Ташекенов өзінің  іскерлігімен, педагогикалық дарындылығымен ерекше. 40 жылға жуық тәжірибесі бар білікті маманның оқушылары физика пәнін терең меңгеріп, осы пәнге байланысты мамандықтарға таңдау жасауы, өмірде өз орнын табуына атсалысып отырғаны өзінің қызықты, заманауи әдістерінің арқасы.

Амангелді Ташекенов 1959 жылы Бақсай ауданы, Бақсай ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Бақсай бастауыш мектебіне оқуға барып, 1977 жылы Сарытоғай орта мектебін бітіргеннен кейін «Сарытоғай» санаториясына техникалық қызметкер ретінде жұмысқа орналасқан. 1978-1980 жылдары Кеңес Әскері қатарында болып, 1980-1985 жылдар аралығында Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқып білім алған. 1985 жылдан Ақтоғай орта мектебінде физика, сызу және бейнелеу өнері пәндерінен сабақ беріп келеді. 1989-1996 жылдар аралығында мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін, 2001-2017 жылдары мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Зейнетке шықса да, қазіргі уақытта мектепте физика пәнінің мұғалімі болып қызметін жалғастыруда.

– Ұстаздық – адамзат өркениетінде қаншама мың сан мамандықтың ішіндегі ең ізгісі, құрметтісі. Осы ізгі мамандықтың атына қылаудай кір келтірмей, өзім таңдаған салама адал қызмет етіп, оның шыңын бағындыруыма мектеп директоры болған Мұқажан Жүнісов, ғылыми жұмыстар жөніндегі жетекші Мұрат Аташев, Ғарифолла Дауылбайұлының жәрдемі көп болды. Ал физика пәнінен сайысқа қатысқанда Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде бірнеше жыл шәкірт тәрбиелеген, ауданның білікті ұстазы Айтқали Бағытовтың көмегі тиді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде физика пәнін таңдаған оқушылардың біразы мемлекеттік иегері атанып, үмітімізді ақтап келеді,- дейді А.Ташекенов.

Тәжірибелі мұғалім Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Инноватор меңгеруші – 2011» аудандық сайысында инновациялық үрдісті іске асырудағы педагогикалық жаңашылдығы мен ізденісі, жүйелі жұмысын көрсетуде 6-сынып оқушыларымен өткізген «Ертегі мазмұнына иллюстрация жасау» тақырыбында ашық сабағы Бас жүлдемен және осы сайыстың облыстық кезеңінде алғыс хатпен марапатталды.  2012 жылы Атырау облыстық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы көшбасшыларының І облыстық форумы аясында өткізілген «Біздің жетістігіміз – еліміздің жетістігі» балалар шығармашылығы көрмесіне кеме сұлбасын дайындап, қатынасып, белсенділік танытқаны үшін «Алғыс хатқа», бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімдерінің педагогикалық олимпиадасында кәсіби шеберлігі мен жаңашыл бағыттағы озат педагогикалық шеберлігі үшін ІІ дәрежелі дипломға ие болды.

2013 жылы «Білім берудің сапасын арттыру, тұлғаның бағытталған қатынас механизмдерін іске асыру, зерделеу бағытында инновациялық жобаларды жоспарлау, ұйымдастыру, жүзеге асыру» тақырыбындағы  ХІV аудандық педагогикалық оқуларында ІІ дәрежелі және облыстық педагогикалық оқуларда ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сол жылы «Білім беру жаңарту жағдайында оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолану» семинарын аудан көлемінде ұйымдастырса, «Жаратылыстану пәндерін оқытуда коммуникативтік құзыреттілікті арттыру» тақырыбындағы семинарда үлгілі сабақ көрсеткені үшін «Үлгілі сабақ» дипломымен ұлығыланды.

– Мектептің 40 жылдық тарихын өз көзімен көріп, талай шәкіртті түлетіп ұшырған аяулы ұстаз, зейнеткерлік жасқа шықса да жастармен біте қайнасып еңбек етіп жүрген Амангелді Кәмелұлын мақтан тұтамыз. Бақсай сегіз жылдық мектебі мен Ақтоғай орта мектебінің арасын сабақтастырып тұрған тұлға десек те болады. Өз пәнін оқушыларға жете игерту қабілеті былай тұрғанда мектептің оқу-әдістемелік бағытының дамуына сүбелі үлес қосты. Оған мектеп түгелі ауылдың да таласы жоқ деп ойлаймын,-дейді мектеп директоры Ж.Ізғали.

Ұстаз 2014 жылы физика пәні мұғалімдерінің республикалық қашықтық олимпиадасына қатынасып, сертификатқа ие болса, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігі «Жұлдызды талант» ІV республикалық балалар мен оқушылар фестиваліне қатысқаны үшін «Алғыс хатпен» марапатталды. Ал 2016 жылы облыстық «Үздік сабақ» байқауында І дәрежелі диплом иеленсе, сол жылы аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. 2018 жылы «Жаhандық бәсекеге қабілетті және тұлғаны дамытудағы инновациялық технологиялардық тиімділігін арттыру жолдары» тақырыбындағы өтілген облыстық педагогикалық оқуларда ІІ дәрежелі дипломға ие болды.

Аудандық «Jaiyq shugylasy» газетіне «Жаңаша оқыту – өмір талабы», «Жауапты бақылауға дайындық жүргізуде», «Ізден жетер мұратқа», «Баршаға түсінікті тіл – математика», «Жүйе тиімділігі», «Мақал – сөздің мәйегі» және басқа еңбектері жарияланды. Амангелді Кәмелұлы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және Атырау қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Ұстаздың оқушылары да түрлі форматта өткізілген олимпиада, байқауларда жүлделі орындарға ие болып, өзгелерден оза шауып жүр. Мысалы, 2021 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде физика пәні бойынша оқушысы Бекторы Елжанқызы ІІ орын иеленді.

Рас, ұстаз жолы – қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың төресі. Осы бір ұлағатты мамандықтың ыстығына  күйіп, суығына тоңып, абырой мен бақыт тауып жатқан жандар шын бақытты  жандар деуге болады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT