Әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ

Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияда «Адалдық-ардың ісі» атты адалдық сағаты өтті.

Оған 9 сынып оқушылары, мұғалімдер, аудандық мәслихат депутаты А.Қабенов қатысты. Өзін-өзі тану пәні мұғалімі Г.Тасмағамбетова жүргізген адалдық сағатында қазақ қоғамындағы қылмыс пен жаза, әрекет пен айыптау мәселелерінің әділдігі, Отанға, отбасына деген адалдық, сенім, ізгілік кеңінен сөз болды.

t

Бұл ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бүкіл республика көлемінде жалпы білім беретін мектептерде бірыңғай «Адалдық сағаттары» өтіп жатқанын тілге тиек етті. Адалдық сағатында оқушылар «Адам», «Қоғам», «Заң» деп аталатын үш топқа бөлініп, адалдық дүкенінен заттар сатып алды. «Әуе шары» бөлімінде үш топ білім орындарындағы, жұмыс орындарындағы, қоғамдық қарым-қатынастағы адалдықты саралады. Сауалдарға жауап беруге көшті. Әр топ адалдықты сыбайлас жемқорлық кідіртетінін, оңай табыс шатастыратынын, білімі таяз жанды жемқорлық қылмысқа итермелейтінін меңзеді. Бұдан шығатын қорытынды адалдық арқылы кез келген жетістікке жетіп, арамдықпен, парақорлықпен тапқан дүние-мүлік дүние болмайтынын, ол уақытша нәрсе, адал адамның жанында көп адам жүретінін білдік.

t

«Ала жіп», «Ыстық картоп» ойындарын ойнап, қос жазба күнделігін толтырды. Әр топқа «Мұғалімге гүл сыйлау пара болып табыла ма?», «Ала жіпті аттама!» дегенді қалай түсінесің?», «Пара алу деген не?» т.б сауалдарға жауап берді. Қай отбасында да «Кісі ақысын жеме!», «Ала жіпті аттама!» дегенді ұл-қызына аманат етпейтін ата-ана жоқ шығар. Кім-кімде артында өнегелі ұрпақтың, өшпес іздің қалғанын қалайды. Санғасырлардан қалыптасқан әдеп әліппесін нарықтың қатал заңы құрдымға жібергендей әсер қалдырады. Кеше ғана адалдық деп алғашқы адымын жасаған ұрпақ бүгінде алтынның буы, ақшаның лебіне төтеп бере алмай, абыройын аяқасты етіп жатқанына куә болып отырмыз. Тіпті сатылап өсіп, өз саласының шыңына жеткен, кейінгілер пір тұтқан майталмандардың өзі азғантай ақша үшін сынаптап жинаған абырой-беделінен бір-ақ күнде айырылуы таңсық болмай қалды. Болашағымыз жарқын болу үшін ғұмыр бойы алаңсыз күн кешу үшін адал болуға ұмтылайық.

Мына кең дүниеге адам болып келген соң адам болып кету абзал. Адалдық сағатын өзін-өзі тану пәні мұғалімі Г.Құмарқызы белгілі ақын М.Шахановтың «Ұлы Ғ.Мүсірепов-қара сөздің кемелі» өлеңімен қорытындылады. Мектеп директоры Т.Ғабитқызы адалдық сағаты қызықты, есте қаларлықтай өтіп, оқушылар оған белсенді қатысып, өз ой-орамдарын қосқанын меңзеді.

Аудандық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы А.Қабенов адалдық сағаты тақырыпқа сай ұйымдастырылып, саналы ұрпақ қалыптастыруда мұның маңызы зор екенін, болашақта оң жол көрсететінін, сыбайлас жемқорлыққа жол жоқтығын айтты.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT