Ақтоғай орта мектебінде Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай әдеби-сазды кеш өтті

Мұқағали - ғажайып, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқырлы бояулардан, естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ жан.

Оның өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды. Мұқаңның мұрасы - біздің бүгінгі игіліміз ғана емес, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы. Ақтоғай орта мектебінде қазақ поэзиясының "Хантәңіріне" айналған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасау мақсатында «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби сазды кеш өтті.

Кештің шымылдығы М.Мақатаевтың өмір жолынан деректерді  бейнероликтен көрсету арқылы ашылса, келесі болып асыл сөздің құдіретін жете түсінген, зерделі, зейінді өрендер көпшілік алдында өздерінің «сөздің патшасы, сөз сарасына» деген құрметі мен сүйіспеншіліктерін паш етті.

Араларында "поэзия десе ішкен асын асын жерге қоятын", түрлі сайыстарда талай мәрте топ жарған ұландар да бар. Жас таланттардың оқыған отты жырлары ақын өлеңдеріне жазылған әсем әнге ұласып жатты. 11-сынып оқушылары Шияпов Наурызбек пен Сапарғалиева Шұғыла ақынның жырларын мәнерлеп оқып, көрермендерді тәнтті етті. Сахна төріне шыққан оқушылардың әрқайсысы сөйлеу мәнерімен, үйлесімді ырғағымен өз өнерлерін ортаға салды. Мектебімізде ақындық өнеріне қызығушылық танытып, ойлаған ойларын қағаз бен қаламға түсіріп жүрген оқушыларымыз да аз емес. 5-сынып оқушылары Нұрым Мирас пен Хами Қуандықтың ақиық ақынға арнаған жүрек жарды өлеңдері оқылып, барша көрермендерге керемет әсер қалдырды.

Ақындықтан бөлек, мектебімізде жас термешілеріміз: 8-сынып оқушылары Мұхамбетқали Гүлсанам мен Фазыл Аяулым, Халық әні «Еркемайды» шырқап, өз өнерлерін ортаға салды. Кеш соңында ұйымдастырушы ретінде М.Мақатаевтың «Сәби болғым келеді» әнін  домбырамен шырқадым. Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік , болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін мұрасы, ақын көкірегін буырқана ағылған жыр жанартаулары өлеңқұмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына бермек. Балаларға шалқар шабыт берген әдемі кеш арқылы Алаштың ардақтысына айналған ақиық ақынның жаңғыра түскені анық.

 

Самат ЕСҚАЛИЕВ,

Ақтоғай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521