Жылқы жылы – елдік рухтың, еркіндіктің жылы

УАҚЫТ ШІРКІН ТАҒЫ БІР МҮШЕЛДЕН АСЫП, 2026 ЖЫЛ – ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ ТАБАЛДЫРЫҒЫМЫЗДАН АТТАДЫ. ҚАЗАҚ ҮШІН БҰЛ – КҮНТІЗБЕДЕГІ КЕЗЕКТІ ЖЫЛ АТАУЫ ҒАНА ЕМЕС, МІНЕЗ БЕН БОЛМЫСТЫ, ЕРКІНДІК ПЕН ӨР РУХТЫ АЙҚЫНДАЙТЫН АЙРЫҚША КЕЗЕҢ. «АТ – ЕРДІҢ ҚАНАТЫ» ДЕП ТАНЫҒАН ХАЛҚЫМЫЗ ЖЫЛҚЫНЫ ЕЖЕЛДЕН ҚАСИЕТ ТҰТЫП, ОНЫҢ ЖҮРІСІНЕН УАҚЫТТЫҢ ТЫ¬НЫСЫН, МІНЕЗІНЕН АДАМ БОЛМЫСЫНЫҢ АЙНАСЫН КӨРЕ БІЛГЕН. СОНДЫҚТАН ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ ҚАШАНДА ҚОЗҒАЛЫСҚА, ҮЛКЕН ІСТЕРГЕ, БАТЫЛ ҚАДАМДАРҒА ТОЛЫ ЖЫЛ САНАЛҒАН.

Шығыс күнтізбесі бойынша 2026 жыл – қызыл отты Жылқы жылы. Ол 2026 жылдың 17 ақпанында басталып, 2027 жылдың 5 ақпанына дейін жалғасады. Жылқы – қозғалыс пен дамудың, тәуелсіздік пен табандылықтың символы. Ал от стихиясы бұл белгінің табиғатын одан сайын күшейтіп, оған жігер, құмарлық, тез шешім қабылдау мен шығармашылық серпін береді. Сол себепті бұл жыл жаңа бастамаларға, кәсіби бағытты өзгертуге, тәуекелге бел бууға қолайлы кезең ретінде сипатталады. Дегенмен отты жыл қызбалықты да арттырады, сондықтан сабыр сақтап, эмоцияны басқару – табыстың басты кепілі. 

Қазақ өзін бекерге «жылқы мінезді халықпыз» демейді. Жылқы – бауырмал, иесіне де, үйіріне де адал, кекшіл емес жануар. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген тәмсіл де осыдан шықса керек. Жалпы аламан десе делебесі қозатын қазақ үшін жылқы – қасиетті жануар. Төрт түліктің жаманы жоқ, бірақ жылқы туралы жыр бөлек. Өйткені, қазақ ықылым заманнан өз мәдениетін, тіршілігін, тіпті дүниетанымын жылқымен тікелей байланыстырған. Ержеткен баласын «ат жалын тартып мінді» деп бағалаған, құрметті қонағына ат мінгізген, жақсы тілек айтқанда «алаңнан атың озсын» деп бата берген жұрттың санасында жылқы еркіндіктің, мәртебенің өлшемі болды. Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасындағы пырақ бейнесі де осы ұғымның бүгінге дейін үзілмей жеткенінің дәлелі. 

Халық ұғымында Жылқы жылы әрдайым қуатты, бірақ сақтықты қажет ететін кезең ретінде қабылданған. «Жылан жылы жылыс болады, жылқы жылы ұрыс болады, қой жылы зеңгір тоғыс болады» деген сөздің төркіні де тарихпен сабақтас. Мәселен, 1221 жылы Шыңғыс хан Орта Азияға жорық жасап, Отырар қаласының қирауы дәл осы Жылқы жылымен тұспа-тұс келген. Сондықтан ертедегі қазақтар бұл жылды барымта мен қозғалыс көбейетін, ел ішіндегі қарым-қатынас сыналатын шақ деп ұққан. Соған қарамастан Жылқы жылы несібе мол, елдік рух күшейетін, алыс сапар мен үлкен іске қолайлы уақыт деп те ырымдалған. 

Махамбет ауданында Жылқы жылы орын алған оқиғаларға шолу жасап көрсек,1966 жылы Махамбет ауылында «ПМК-904» құрылыс мекемесі ашылса, 1978 жылы Махамбет мұражайының негізі қаланды. Негізгі оқиғалар легі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары өткен. 2002 жылы ақын баба Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арналған Махамбет-Сарайшық марафоны өтті. Орталық аурухана ресми түрде ашылып, оған Тұңғыш Президенттің өзі қатысты. Халық тезек теріп, көмір жағудан құтылып, ауылдарға газ желілері тартыла бастаған сәт те осы жылға тура келді. 2014 жылы Алға ауылында жаңа емхана, Ақжайық ауылында жаңа мәдениет үйі, Махамбет ауылында мемлекеттік бағдарлама аясында «Алтын-Ай» бөбекжай-бақшасы және әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнап жаңадан салынға 10 тұрғын үй пайдалануға берілді. 

Ғалымдардың айтуынша, жылқыны қолға үйрету тарихы қазақ жерімен тығыз байланысты. Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысы аумағынан табылған жүздеген мың жылқы сүйегі бұл жануардың адам өміріндегі орнын айқын көрсетеді. Жылқы – көшпелі мәдениетті әлемге танытқан феномен, уақыттың философиясы, азаттықтың рухы. Ат жалында жүріп-ақ кеңістікті меңгерген көшпенділердің бүкіл өркениеті осы жануармен бірге қалыптасты деуге болады. Жылқы жылы адамдарға да әрқалай әсер етеді деп есептеледі. Бұл кезеңде жеке еркіндікке ұмтылыс күшейіп, дербес шешім қабылдауға деген құлшыныс артады. Көпшілік үшін оқу, біліктілікті арттыру, тіл меңгеру, жаңа ортаға бейімделу сәтті болмақ. Жылқы қозғалысты білдіретіндіктен, сапарлар мен қоныс ауыстыру да оң нәтиже беруі мүмкін. Алайда ішкі тепе-теңдікті сақтай алмаған жан үшін жыл эмоциялық тұрғыдан күрделі өтуі ықтимал. 

«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дейді қазақ. Бұл сөздің астарында әр кезеңнің өзіне лайық тұлпары бо¬латыны, әр адамның өз шабысы бар екені жатыр. Жылқы жылы – сол шабысты танытатын, ішкі мүмкіндікті ашатын шақ. Біреу үшін бұл жыл – үлкен серпіліс, біреу үшін – сын кезеңі. Бірақ әрекеттен қашпаған, жолдан таймаған жан ұтылмайды. Қасиетті Қамбар ата түлегі төрге озған, тұлпар дүбірі елдік рухты оятқан Жылқы жылы әр шаңыраққа береке, әр жүрекке жігер әкелсін. Аламаннан атыңыз озып, армандарыңыз ақ боз аттай алға жетелесін. Жылқы жылы құтты болсын! 


Қ.АЙТҚАЛИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT