Аудан әкімінің қолдауымен, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жыл үздігі – 2024» жастар премиясы өтті. Бір жыл ішінде өздерінің белсенділігімен көзге түскен, аудан намысын түрлі додада қорғап, абыройын асқақтатқан жастар бұл шарада марапат төрінен табылды.
«Daulet Hаll» мейрамханасында өткен шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев құттықтау сөз сөйлеп, ыстық лебізін білдірді.
– Қазіргі таңда жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көп. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 18-35 жас аралығындағы жастарға несие, қайтарымсыз гранттар беріліп жатыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып келеді. Биылғы су тасқынынан қиындық көрген өңірдің түлектері жоғары оқу орнына гранттық негізде түсуі үшін жеңілдіктер жасалды. Әрине, жастардың көмегімен атқарылып жатқан шаруа көп. Соның ішінде су тасқыны кезінде бөгет соғу, еріктілер көмегі қажет болғанда біздің жастар белсене іске кірісті. Жастардың атқарған жұмыстарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жаңа жылдан жақсылық күтіп, жоғары жетістіктерге жетейік. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын. Белсенді жастардың қатары арта берсін,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Кейін аудан әкімінің алғыс хатымен бір топ белсенді жас марапатталды. «Жыл үздігі – 2024» жастар премиясының негізгі бөлігінде түрлі номинация иегерлері де анықталды. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, магистр Жүніс Байғалиев «Белсенді жас», Мұратбек Ерболат «Үздік жас полиция қызметкері», Есбол орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Жалғас Таңатов «Үздік жас мұғалім», волейболшы Айнұр Мұратова «Үздік жас спортшы», Зоя Есенғалиева «Үздік жас дәрігер», Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Қарақат Әділбек «Үздік жас ақын», Сәулет Жолғалиев «Үздік жас өрт сөндіруші» және аудан жастары Қазбек Айтқалиев пен Дархан Қабижанның бастамасымен жүзеге асқан «QUIZLAND» интеллектуалды ойыны «Үздік жоба» аталымына ие болды.
Аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мәжиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашевтар да шараға қатысып, номинация иелеріне марапат табыстап, шынайы ықыластарын жеткізді. Қай кезде де жастарға қолдау білдіріп жүретін кәсіпкер, «Сульмарт» шағын маркеті мен «Авангард» тез тағам желісінің басшысы Ғалымбек Сүлейменов «Жастар жанашыры» номинациясының иегері атанды. «Айс-кофе» иесі Әсел Мадаминова «Үздік жас кәсіпкер», Злиха Қадимованың жетекшілігімен «Өнерпаз» мәдениет үйі жанынан құрылған «Әсем-ай» би тобы «Үздік жас би тобы» номинациясына ие болды.
Өнерлі жастар ән айтып, би билеп, «Жыл үздігі – 2024» шарасының жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
Қ.БАҒЫТ