Президент Қ.Тоқаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте 7 міндетті тапсырды.
Оған мұнай-газ өнеркәсібін дамыту, автожолдарды дамыту, жұмыспен қамту, денсаулық жүйесін нығайту, аймақты жарықпен қамту, өңірлерді сумен қамтамасыз ету, экологиялық жағдай кіреді. Кеңесте Мемлекет басшысы үшінші міндет ретінде өңірдегі жұмыспен қамту мәселесін қозғады. Өз сөзінде Президент Атырау облысының тұрмыс деңгейі өзге өңірлерге қарағанда жоғары екенін, дегенмен мұнда жүзеге асып жатқан «Болашақта кеңею» жобасы жақында аяқталатынын меңзеді.
Алдағы үш жылда 55 мың адам жұмыстан босайтынын, облыс әкімі оның 31 мыңын еңбекпен қамтуды жоспарлап отырғанын еске салды. Жоба аясында вахталық тәсілмен өзге өңірлерден келіп, еңбек етіп жүргендер барын, үкіметке жұмыстан босатылатын жұмысшыларды біртіндеп жұмыспен қамту мәселесін тапсырды. Шынында да жұмыссыздық қай кезде де өткір тұрған мәселе.
Алдағы уақытта жұмыстан босаған 31 мың адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Біз жұмыссыз азаматтарды тіркеп, әлеуметтік жұмыс орындарына, уақытша, қоғамдық жұмыстарға жібереміз. Жұмысы жоқ азаматтарға жұмыс тауып беру-басты міндетіміз.
Алайда бұрын мол табыс тауып қалғандар көбінесе біз ұсынған жұмысқа барғысы келмейді. Арасында «жалақысы аз, басқа жұмыс жоқ па?» деп жіберген жұмысқа кірмейтіндер де бар. Ішінде қайта даярлау курстарынан өтіп, жұмысқа орналасып кетіп жатқандар барын жасырмаймыз.
Президентің қойған тапсырмасын орындау мақсатында аудан бойынша жыл басынан бері 315 адам жұмыс беруші мекемелердің сұраныстарына сай тұрақты жұмысқа орналаса, 392 адам қоғамдық жұмысқа, 33 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 22 жас маман жастар практикасына орналасты. 11 жұмыссыз азамат қысқа мерзімді кәсіби оқуға жолданды. 3 азаматқа «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шағын несие, 8 адамға жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін арналған мемлекеттік грант берілді.
Алмас ТӨЛЕГЕН,
аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры
Сурет:дереккөз