Жақында Мемлекет басшысы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бағытында онлайн форматында келелі кеңес өткізіпті.
Кеңес кіріспесінде өңіріміздің әр саладағы даму бағытындағы тыныс-тіршілігін үнемі басты назарда ұстап келе жатқанын айта келе, одан әрі дәйекті дамуы үшін тез шешімін табуға тиісті жеті міндетке айрықша мән берген.
Олардың қай-қайсы да тек облыс экономикасына ғана емес, жалпы ел тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге тікелей қатысы бар мәселелер. Соның ішінде автокөлік жолдары мәселесінің кім-кімді де толғандырып жүргені аян. Жалпы жол құрылысы төңірегінде толғағы жеткен мәселелер жетерлік қой. Дегенмен, қала іші болсын, ауылдық елді мекендер аралығы болсын жолдар жасалуда. Бірақ, олардың сапалары әр қилы, әрине.
Осы сапа мәселесіне жүйлігіңкіреген Президент Қ. Тоқаев, бұл жолдардың адам өміріне төндірген қатерінен, елімізде соның ішінде Атырау облысында да қанша жанұялардың қайғыға ұшырап жатқанын айта келе:«...Үкімет пен өңірдегі әкімдердің міндеті — жол қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету» деп, құзырлы мекемелерге міндет жүктейді.
Әрине, жолдың салынуы мен жол жүру ережелеріне сай пайдалануға жағдай жасауға сала мамандары міндетті болар. Десе де, таяқтың екі ұшы бар ғой. Қайсы біреулеріміз сол жол жүру ережелерін бағамдап, санамызға сақтық ұялатып, көлігімізді жөнімізбен жүргізсек қайтер еді? Жапа шектірер жазым да, қайғыға соқтырар ажал да аулақ болмас па еді? Иә, шексіз құдірет иесі Жаратушы да: «Сақтансаң сақтармын! дейді ғой» деп, талай өмір өткелдерінен өткен үлкендеріміз қақсап жатпаушы ма еді. Бұрындары: «от пен су—тілсіз жау!»дейтін болсақ, бұл заманда айтақырдай көк асфальтта зымырандай зырғыған авто көлігің де, қас қағымда адам өмірін жалмай салар «жалмауызға» айналғандай ма?...
Мемлекет басшысы осы жол саласындағы кеміс-кемшіліктерді жою, кезек күттірмес келелі міндет деп билік басындағы құзырлы мырзаларға нықтап-ақ тапсырды. Ал, сол жол үстіндегі қауып-қатерден сақтанып, өзіміздің де, өзгенің де өміріне қорған болу әр қайсымыздың қағидалы міндетіміз деп түсінсек игі, ағайын! Жолдар жөнделер-ау, бүтінделер-ау сол жолдың үстіндегі сақтық шараларын сақтауымыз керектігін ешқашан естен шығармасақ екен.
СӘТҚАЛИ ӘУЕЛБАЙҰЛЫ
Атырау қаласы