2021 жылы 26 сәуірде «Жетістікке бірге» ауқымды жобасы аясында Атырау облысы педагогтерінің кәсіби дамуына бағытталған «Педагог кадрлар» бағыты өз жұмысын бастайды.
Іс-шаралар үш негізгі аспекті бойынша: АКТ құзыреттерін игеру тұрғысынан педагогтерге онлайн сауалнама жүргізу, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы мәселелері бойынша мұғалімдерді оқыту және мектеп басшыларының кадрлық резервін дайындаудан бастау алады. LimeSurvey платформасында қала және ауыл мектептерінің 11 000-нан астам педагогіне онлайн сауалнама жүргізу мұғалімдердің цифрлық ресурстарды пайдаланудағы кәсіби проблемаларын анықтауға мүмкіндік береді. Онлайн сауалнама нәтижелері бойынша педагогтерді екі деңгейдегі: базалық «Старт» және жетілдірілген «Прогресс» бағдарламалары бойынша оқытуды ұйымдастыру жоспарлануда. Базалық деңгей бойынша оқыту мұғалімге сабақта АКТ қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге, түрлі құжаттар мен таныстырылымдар жасау дағдыларын игеруге көмектеседі. Жетілдірілген деңгей бағдарламасы мұғалімдердің біліктілігін арттыруды және олардың өз цифрлық ресурстарын дамытуын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, бағдарламалардың мазмұны АКТ-ны тәжірибеге белсенді енгізуге баса назар аудара отырып, әрбір педагогтің жеке қажеттіліктерін іске асыруға бағытталған. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту курстары жаратылыстану-математика пәндерінің мұғалімдері мен әдіскерлері үшін онлайн форматта өткізілетін болады. Бұл курстың ерекшелігі: мұғалімдер функционалдық сауаттылыққа арналған тапсырмалардың қыр-сырын және оларды шешу әдістемесін түсінеді, сондай-ақ осыған ұқсас тапсырмаларды мектеп тәжірибесінде қолдануға үйренеді. Мектепішілік менеджмент және білім берудегі көшбасшылық мәселелері бойынша болашақ мектеп директорларын даярлау мақсатында әзірленген мектеп басшыларының кадрлық резерві бағдарламасын жеке атап өту қажет. Сондай-ақ, осы жобаны тиімді жүзеге асыру үшін облыстық білім басқармасының жанынан жобаны ақпараттық қолдауға және жетілдіруге арналған жобалық кеңсе ашылғанын атап өткен жөн. Аталған іс-шараларды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Атырау облысының орта білім беру жүйесін дамытуға жәрдемдесу ретінде «Жетістікке бірге» жобасы аясында өткізеді.