Жобаңды ұсын да, грант ұтып ал!

«ZhasProject» - бұл жастарға арналған бірегей әлеуметтік бағдарлама. Жоба жастарды қоғам өміріне тартып, қызмет ету арқылы олардың бойындағы тың бастамаларды көтеруді көздейді. Өткен аптада аудандық Жастар ресурстық орталығында аталған жобаның таныстырылымы өтті.

«ZhasProject» жастар корпусын дамыту жобасы басшысының орынбасары Алёна Баянбекова, жобаның мониторинг және бағалау бойынша маманының ассистенті Сұлушаш Қазтаева және гранттар бойынша маманы Нұрлыгүл Рамазановалар жоба жайында толық баяндап, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Бұл жоба тың идеясы мен нақты жоспары бар, алайда қаржылық жағынан қиналып жүрген жастарға үлкен мүмкіндік бермек. Оған 14-29 жас аралығындағы (жалпы білім беретін мектептерде оқитындардан басқа) жобаны іске асыру аймағында (6 айдан кем емес) тұратын жастар қатыса алады. Алайда, айта кететін жайт ерекше басымдылық жастардың осал топтарынан шыққан қатысушыларға және жоғары білімі туралы дипломы жоқ, жұмыс істемейтін, оқымайтын немесе жұмыс істейтін, бірақ кедейлік шегінен төмен қалған қатысушыларға беріледі.

Қалай қатысамын?

Жобаға қатысу үшін 3 немесе 5 адамнан тұратын команда болуы қажет. Алдымен әлеуметтік жобаны дайындап, гранттық конкурсқа өтінім бересіз. Өтінімдер 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында қабылданады. Одан кейін 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында әлеуметтік жобаларды техникалық, бағалау комиссиясының және компьютерлік кездейсоқ іріктеме әдісімен үш кезеңдік іріктеу басталады.

Грант ұтып алсаңыз!

Үш іріктеуден өткен команда 1 000 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант иесі атанады. Жобаны жүзеге асыру 1 маусымнан басталып 30 қарашаға дейін жалғасады. Алты ай бойы команда мүшелеріне жоғарғы оқу орнын бітіргендерге – 60 мың теңге, орта оқу орнын немесе мектеп бітірген жастарға – 40 мың теңге шәкіртақы төленеді. Бұл жоба аясында жастар өмірлік дағдылар мен жобаларды басқару дағдыларына үйреніп, сондай-ақ тәлімгерлерден қолдау алады.

Әлеуметтік жоба болғандықтан жас кәсіпкерлер кәсібінен ешқандай пайда көрмейді. Яғни, әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қолқабыс көрсетеді. Бекітілген мерзім аяқталған соң грант қаржысына алынған құрал-жабдықтардың барлығы жоба авторында қалады. Халықаралық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен 2017 жылдан бастау алған жоба 2020 жылға дейін еліміздің бүкіл аймағын қамтитын болады.

Балнұр САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521