Көпшілік монша көңілден шығуда

Елбасының отбасылық бизнесті дамыту жөніндегі тапсырмасын баспасөз беттерінен оқып танысқан махамбеттік Жеңіс Хайруллин қапелімде ойланып қалды.

Бұған дейін темір тұлпар тізгіндеп нәпақасын тауып жүрген жігіт шынында да бизнес ашсам деп басын ауыртып көрмепті. Нартәуекелден желкені жығылып көрмеген қайсар рухты қазақтың ұрпағы емес пе, «несі бар, жұрт істеген жұмысты мен неге істемеймін?» деп өзін-өзі қайрап, ширығып шыға келген Жеңіс Хайруллин көп уақыт созбай, шұғыл шешім алды. «Қабырғасымен» кеңесе келе Махамбет ауылында сұранысқа ие көпшілік жуынатын монша салуды ұйғарды.

Құзырлы орындар арқылы әлеуметтік нысанға қажетті жер телімдерін рәсімдеп, аудандық кәсіпкерлік палатасының қолдауымен жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, өткен жылдың аяғына таман ауылдың «Шұғыла» мөлтек ауданынан көпшілік жуынантын жаңа монша пайдалануға берілді.

Монша қожайыны Жеңіс Хайруллиннің айтуынша, аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері қызметін ұсынатын көпшілік моншаның ерлер, әйелдер жағында бір мезгілде он бес адамнан отыз адам емін-еркін жуынып, тазаланып, буға бұлауланып, өздеріне-өздері демалыс сыйлай алады. Тынығу бөлмесінде сұранысқа сай шөл басатын сусындар ұсынылады.

Нарық жағдайындағы қызмет көрсету бағасы да қолжетімді, жас шамаларына қарай балаларға жеңілдіктер қарастырылған.

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT