Жерлестерімді тазалық сақтап, үйде болуға шақырамын

Әлем елдерін әуреге салған індет елімізге жетіп, оның ішінде Атырау облысына да тарай бастады.

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, дерттің алдын-алуға барлық жағдай жасалуда. Бүгінгідей ел басына ауыртпалық түскен уақытта бірлігіміздің сыналар сәті келіп жетті. Аудан халқы бір кісідей жұмылып жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созып жатыр. Мемлекет тарапынан да қажетті көмектер жасалуда. Осындай жағдайда халықтан талап етіліп отырғаны үйде болу. Өзім жақында вахтадан оралдым. Келіншегім Света да үйде демалуда. Бес балам жанымызда. Бұрын өзіміз жұмыс деп шапқылап, балалар сабақ, үйірме деп жүгіріп жиі бас қоса алмайтынбыз. Қазір бәріміз үйдеміз.

Бір-бірімізбен рухани жақындық орнатып, отбасылық құндылықтарға мән бере бастадық. Балалар домбыра тартып, ән айтып, біз олардың өнерін тамашалап мәз-мәйрам болудамыз. Кітап оқып, дойбы ойнап, уақыт өткіземіз. Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына екенін осы кезеңде түсіне бастағандаймыз. Басқа отбасылар да осылай ойлайтынына күмәнім жоқ. Еліміз індетті жеңіп, қалыпты тіршілігімізге оралған кезде де осы құндылықтарды сақтап, балалармен жиі бас қосуды, әңгімелесіп, жан-дүниелеріне үңілуді дәстүрге айналдыратын боламыз деп ойлаймын.

Отбасыларымыз аман болсын! Дертпен күресіп жатқан дәрігерлерімізге сенім артамыз.

Махамбеттік жерлестерімді тазалық сақтап, үйде болуға, қонақтық пен қыдырысты азайтуға, тәртіпке бағынуға, балаларымызға көңіл бөлуге шақырамын.

Талғат ГУБАЙДУЛЛИН,

ауыл тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT