Шараның екінші бөлімінде шағын және орта бизнесті дамыту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі Елбасы тапсырмаларын еске салған аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген қағидамен кәсіпкерлерді ашық әңгіме алаңына шақырды.
Кәсіпкерлікпен айналысқанына ширек ғасырдай уақыт болған Ғабдуллин Бағыт ағамыз Елбасының кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстарына ризашылығын білдіріп, кәсібін енді бастайын деп жүрген жастарға өзінің тәжірибесімен бөлісуге даяр екендігін жеткізді. Сондай-ақ нарыққа ерте бейімделген алдыңғы толқын ағалар Б.Арыстанғалиев, Ж.Досқайыров, Р.Жұмағалиева, М.Кенжеғалиева сияқты кәсіпкерлер кісі ақысын жемеу, салық заңдылықтарын сақтап, адал кәсіпппен айналысу төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Ал жеке кәсіпкер А.Ойылданова шаруашылық мақсатындағы жер телімін алу үшін «Атырау жер, ғылыми өндірістік, мемлекеттік еншілес кәсіпорыны» аудандық филиалы арқылы құжаттар рәсімдеу, қазық қақтыруға үш жүз мың теңге шамасында қаржы жұмсалатынын, бұл жұмысын енді бастайтын шаруагерлерге қиындық туғызатынын жеткізді. Талдыкөлдік кәсіпкер А.Рысқалиев Үкіметтен субсидия бөлініп отырса да, каналдан алатын су қымбатқа түсіп отырғандығын қынжыла баяндады. Сонымен қатар ауылшаруашылығы техникаларын сатып алуға шаруагерлердің қаржылық мүмкіндігі жетпейтінін, сондықтан көктемгі дала жұмыстарына техниканы жалға беретін сервистік қызмет көрсету орталығы ашылса деген ұсынысын айтты. Жеке кәсіпкер Н.Ерғазиев Ақжайық ауылынан жанар-жағармай құю стансасын салуға жер телімін бөлуді сұрайды. Жалпы кездесу барысында әлеуметтік нысандар салу үшін жер телімдерін сұраған, инфрақұрылым жүргізіп берудің жеңілдетілген жолын қарастыру жөнінде кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс та көп түсті. Аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы олардың бәрі заңдылыққа сай шешілетінін түсіндірді.
«Байсапа» ЖШС директоры Р.Жұмалиев заманауи технологияға негізделген томат өнім өңдеу цехын іске қосу ойы барын, қалдықсыз технология қағидасымен малдың қиын пайдаға асырып, биогомус шығару жөніндегі жоспарларын жайып салды. Индустриалды аймақ ашылса, жұмысымыз ілгері басар еді деген тілегін жеткізді. Аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы мұндай нақты ұсыныстарды қолдайтынын айтып, Сарытоғайдағы алма бағын қайтадан жандандыру жұмысын қолға алатын болса, кәсіпкерге жер телімін берудің мүмкіндігі барынан хабардар етті. Келесі кезекте сөз алған ардагер спортшы Ж.Сұлтанов Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының жалпы қазақ халқы үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін маңыздылығына тоқтала келіп, аудандық жасөспірімдер спорт мектебі жанынан ат спортын ұйымдастыруды қолға алу жөнінде ұсынысын айтты.
Кәсіпкерлермен ашық пікір алмасу жиынында аудан орталығындағы «Нарын» базарының азып-тозып, күтімсіз тұрғандығы да айтылды. Аудан басшысы әлеуметтік нысанды қайтадан жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткізу үшін қажетті құжаттары дайындалып, сараптамадан өтіп жатқандығынан хабардар етіп, болашақта бұл нысан инкубатор орталығы болып, қайтадан ашылып, кәсіпкерлік палатасы да осы ғимараттан орын алатынын, басқа да кәсіпкерлікке қатысты барлық мәселе осы бір орталықтан шешілетінін шегелеп айтты. Сондай-ақ Махамбет-Атырау, ауылішілік жолаушылар тасымалын реттеу жөнінде де ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы бұл бағытта да ойға алған жоспарлы жұмыстар бар екендігін мәлім етті. Кездесу жиынын қорытындылаған аудан басшысы көбіне-көп жер телімін беру мәселесі қозғалғанына тоқталып, заңдылыққа сай мақсатты жер телімдері беріледі, бірақ жерді сырттай иеленіп, бірнеше жыл бойы қаңтарып қоюға болмайды, бірден іске кірісіп, жерді экономикалық айналымға қосу керек,-деді кәсіпкерлерден де жауапкершілік сұралатынын меңзеп.
Н.ЕРҒАЛИЕВ.