Жеңіл табыс – ауыр зардап

Қазіргі қоғамда құмар ойын мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Ақша табуды жеңіл жолмен жүзеге асыруды көздейтін бұл әдет көптеген адамдарды өзіне тартады. Алғашында жай ғана қызығушылық немесе уақыт өткізу ретінде басталған құмар ойын, уақыт өте келе адамның өміріне, мінез-құлқына және болашағына теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан құмар ойынның мәнін, оның пайдасы мен зиянын тереңірек түсіну маңызды.

Құмар ойындардың басты қауіптілігі – адамды тәуелділікке итермелеуінде. Ұтылып қалған ақшаны қайтаруға деген үміт ойыншыны қайта-қайта ойнауға мәжбүрлейді. Соның салдарынан адам қаржылық қиындықтарға тап болып, отбасы мен достарынан алыстай бастайды. Кейбір жағдайларда оқудан немесе жұмыстан қол үзіп, психологиялық күйзеліске түсуі мүмкін. Құмар ойын адамның сабырын, жауапкершілігін әлсіретіп, болашаққа деген сенімін жояды. Бұл тек жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға да зиян келтіреді.

Құмар ойын – сырттай қызықты көрінгенімен, соңы өкінішке әкелетін қауіпті әдет. Ол адамды материалдық та, рухани да күйзеліске ұшыратады. Сондықтан әрбір адам өз өміріне жауапкершілікпен қарап, құмар ойыннан аулақ болғаны жөн. Уақыт пен күшті білім алуға, спортқа, пайдалы істерге жұмсау – болашаққа салынған ең дұрыс инвестиция. Құмар ойын емес, еңбек пен табандылық қана адамды шынайы жетістікке жеткізеді.

 

Г.СӘДУАҚАС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT