Бар саналы өмірінің белесі- жастық шағын Ауған жерінің оты шарпыған жанның бірі – Ауған соғысының ардагері Бекежан Абилов.
Ол Ақжайық ауылының тумасы. Қызылүй орта мектебін 1983 жылы тәмамдаған Бекежан 1983-1984 жылдары оқу комбинатында оқып, жүргізушілік мамандығын алған. 1984 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған Бекежан сол жылдың сәуір айында екі айдай Өзбекстанның Самарқанд қаласында қысқа мерзімді жауынгерлік оқу-жаттығудан өткен . Ол 1984 жылдың маусымында Ауғанстанның Құндыз қаласында жүргізуші болып, әскери борышын өтепті.
-Әскерде мен Құндыз қаласында «МАЗ» автокөлігін айдадым. Ол жақта жүк көлігімен азық-түліктер, қару-жарақ, оқ-дәрі тасыдық. Ол жақта қаншама сан мыңдаған көліктердің түрі, БТР, вертолет, танктер керек пе, тау болып, үйіліп жатты. Ол жақтың сексен пайызы таулы аймақ. Біз қызмет еткен жер де таудың іші еді. Күні кеше бірге жүрген қарулас жігіттердің ішінде оққа ұшқаны, минаға жарылып, қаза тапқандары да болды. Жалпы мен Ауған жерінде әскери борышымды 2 жыл 3 айдай өтеген екенмін. Әскерден соң 1987 жылы жүргізуші болып, еңбек еттім. Ал 2004 жылдан бері «Атыраумұнай» ЖШС-де жұмыс істеп келемін. Соңғы кездері денсаулығым сыр беріп жүр, көзіміз кетті. Отбасымда екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отырмын -дейді Бекежан бізбен әңгімесінде.
Ауған соғысының ардагері Даутбай Оразбай Боранғалиұлы да Ақжайық ауылының тумасы. Ол 1985 жылы Қызылүй орта мектебін бітірген соң Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінің жүргізушілік курсын тәмамдап, «Ақжайық» совхозында слесарь болып, еңбек еткен. Оразбай 1986 жылдың сәуірінде әскер қатарына шақырылып, Түркменстанның Ашхабад қаласында кіші командирлер дайындайтын оқу- жаттығудан өткен. Ол 1986 жылдың қарашасында Ауғанстанға аттанған екен. Ол жақта №44527 әскери бөлімде №194 автомобиль колоннасында бөлімше командирі, артиллериялық қаруланудан аға шебер болып, түрлі қызметтер атқарған көрінеді. Оразбай Ауған жеріндегі әскери қызметі туралы былай деді:
- Біз Ауғанстанда Парах провенциясында десанттық батальонда арнайы қызметте болдық. Барған соң бір жылдай «Урал- 4220» автокөлігін айдадым, кейін пулеметшілікке ауыстым. «Урал» автокөлігімен Шиндандтағы базадан азық-түліктер, заттар, қару- жарақтар таситынбыз. Тұрған жеріміз тау бөктерінде орналасқан еді. Қасымызда үш елді мекен болды, арасы 5 шақырым. Біздің басты міндетіміз төңірекке барлау жасау, дұшмандардың жүк керуендерін ұстау, олардың жолына тосқауыл қою еді. Дұшмандар автокөліктерімен қару-жарақ, оқ-дәрі, мина, граната, гранатамет, тіпті есірткіге дейін таситын. Елге қайтар уақытта бір жауынгердің аса ірі көлемде героинмен ұсталып, бірнеше жылға сотталып кеткенін білемін. Оқу-жаттығулар тау аэродромында өткен кезде салмағы 17 кг тартатын арнайы киіммен Термез, Қарақұмға дейін 30 км жаяу жүргеніміз есімде. Ашхабадта тура Мәскеудегідей кіші Қызыл алаң бар екен. Сонда оқу-жаттығудан өткен соң 7 қарашада Қазан төңкерілісінің мерекесіне байланысты өткен Қызыл алаңдағы шеруге қатыстық. Келесі күні Мариге, одан ұшақпен Шиндандқа келіп түстік. Біз тұрған Ауғанстан жері Иранмен, Пәкістанмен шектесетін. Ауғанстанға жіберу үшін ол кезде әскери дайындықтардан соң бірнеше рет арнайы комиссиядан өткізеді. Арамызда кей жігіттер ол комиссиялардан өте алмай, қалып қойғандар да болды. Жолда жүргенде, колоннамен келе жатқанда автокөліктің ішінде арнайы киімдер киіп отырамыз. Онсыз болмайды. Ал ол жақ өте ыстық аймақ. Әрине, мидай ыстықта көліктің ішінде қабат-қабат киім киіп отыру оңай емес. Алайда босаңсуға жол берілмейді. Кез келген сәтте дұшмандардың торуылына, тосқауылына тап болуың мүмкін. Дұшмандар ешкімді аяған емес, әсіресе, сұр мергендері қашықтықтан колоннаны дәлдеп тұрып атып, құлатуды ғана көздейді.
Әскери міндетімізге енді ғана кірісіп жатқан кезде бір тосын оқиға орын алды. Дұшмандар «Стингер» деп аталатын қашықтықтан басқарылатын ракетасымен бізді атқылады. Бір ажалдан аман қалдық. Бұл «Стингер» ракетасы АҚШ-тан 1986 жылы шыққан жаңа қару екен. Дұшмандар сол қаруды сынақтан өткізіп, сол жердегі кеңес жауынгерлерін түгел қырып салуды көздесе керек. Тікұшақпен айнала ұшып, төңірекке шолу жасағанда карта тауып алыпты. Бізде барлау жүргізіп, сол карта бойынша барғанымызда ол жерден 120 ракетаны таптық. Соңғы үлгідегі РС ракеталар тізіліп тұр екен. Бәрін екі машинаға тиеп алдық. Сол «Стингер» ракетасын ең алғаш қолға түсірген біздің қарулас досымыз Бауыржан Шығыс Қазақстан облысының Семей жерінен келген жауынгер еді. Бүгінде полковник шеніндегі жігіт Абай облысында тұрып жатыр.
ҮШ РЕТ «ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗ» АЛҒАН НАРИМАН
Бізде Нариман деген ержүрек жігіт болды. Өзі спортқа бейім. Одан таяқ жемеген адам жоқ шығар. Өзі келіп, тиіскен адам болмаса, жайдан-жай ешкімге барып, ұрынбайтын. Ақкөңіл, үнемі адамға қамқор болып, әрдайым жақсылық жасауға асығатын. Көптеген ұрыс-қимылдарына қатысып, жанқиярлық ерлік істер жасап, талай адамды ажал тырнағынан құтқарды. Нағыз сұрмергеннің өзі еді. Сол Нариман үш рет «Қызыл жұлдыз» орденін, бір рет «Ерлігі үшін» медалін алған азамат. Біз елге қайтар кезде оның не кінәсі болғанын білмеймін, елге жібермей, сонда алып қалды. Мүмкін елге кейінірек оралған шығар. Әскерде бірге болған қарулас жолдас-жоралардан Нариманды сұрастырып, бар екенін білдім.
ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ӘСКЕРИЛЕРГЕ ДЕ ӘСЕР ЕТТІ
Тағы бір айтарым, Алматыда 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасы кезінде әскерде бізге өте қатал қарады. Тіпті қолымыздағы қаруымызға дейін тартып алды. Біз басында шынымен не болып жатқанын түсінбедік. Газет оқып, теледидар көрмейтін, радио тыңдамайтын адам Қазақстанда не болып жатқанын қайдан білсін? «Қаруды не үшін алдыңдар? Біздің кінәміз не?» десек, «естідіңдер ме, Алматыда Желтоқсан оқиғасы болып жатыр. Қазақтар ана жақта үкіметке қарсы шығып, көтеріліске шығып жатыр» -дейді. Қазақтар әскерде де бүлік шығарады деп, бізді жазалаған түрі шығар шамасы. Ол жақта санаулы ғана қазақ едік. Онда газет оқып, теледидар қарайтын уақыт жоқ. Ал газет- журналдары араб, парсы тілінде ғана. Әйтеуір кейін бәрі басылып, қаруымызды қолымызға берді-ау.
Ауған жерінде әскери борышымызды өтеген кезде мен де колоннаны басқарып, командир болғанмын. Менің қарауымда кем дегенде 7-8 машина болды. Діттеген жерге жауынгерлердің, автокөлікке тиелген заттардың аман жетуіне жауаптысың. Егер жеткен көлік жарамсыз болса, ауыстырасың. Тау ішінде әр жерде бір шашылып жатқан автокөліктердің, вертолеттің шегі жоқ. Тау болып үйіліп жатыр. Өйткені, тау арасымен темір жол жүргізілмеген, пойыз жүрмейді. Жолының өзі қара жол.
ЖАУЫНГЕРЛЕР ЧЕКПЕН ЗАТТАР АЛАТЫН
Әскерде әр кеңес жауынгеріне чекпен №9 норма беретін. Ол норма бойынша сержант – 36, қатардағы жауынгерге 23 чек берілетін. Бір чектің өзі 4 рубльді құрайтын. Ауғанстанның үлкен қалаларында арнайы дүкендерде, базарларда сол чекпен сауда жасап, өзіңе керегіңді алуға болатын. Кейбір шетелдік киімдер Ауғанстан базарларында да кездесетін. Сол киім-кешекті жергілікті тұрғындар мүлдем алмайтын. Жергілікті тұрғындар көбінесе ұлттық киіммен жүретін. Кеңес одағында ол заттар қат болғандықтан, солдаттар оларды көбіне үй-ішіне алатын. Қымбат жапон магнитофонын, дипломатты мен де алғанмын. Бір жолдас жігіт елге қайтқалы жиналып жатқан. «Үйіме ештеңе алмадым. Таудың арасында не болсын. Елге қалай құрқол қайтамын? Сен көлікпен көп жүресің ғой» деп маған магнитофон қосты. Мен оған жапон магнитофонын, басқа да қосқан сыйлықтарын әкеліп беріп, қуантқаным есімде.
СЫНЫПТАСЫМ ҚОЙЛЫБАЙМЕН КЕЗДЕСУ
Бір күні Шиндандқа заттар алуға барған едік. Түн болғасын сол жерге қонуға тура келді. Шинданд әскер көп шоғырланған аймақ еді. Ол жерде база болғандықтан қару-жарақты да, азық-түлікті де сол жерге әкелетін. Біз батальонға керек-жарақты Шиндандтағы базадан алып қайтушы ек. Ол жерден Ақжайықта бірге оқыған сыныптасымды көремін деп ойламаппын. Жолдас жігіт екеуміз кешкі асымызды көлік ішінде ішіп отырсақ, бір бейтаныс қазақ жігіті келіп, кабинамды соғып тұр. Ол «қазақсың ба? қай жақтансың? Гурьевтенсің бе?» дейді маған. Мен де: «өзің кім боласың? қай жақтың қазағысың?» деп бетіне қарап, аздап оны шырамытқандай болдым. Бірақ кім екені есіме түссейші. Ол алыстан «Гурьев» деген жазуды көріп келдім. Әскерге Махамбет ауданының Ақжайық ауылынан келгенмін. Атым – Коля. Мұнарада қарауылмын. Жазуды көріп, жерлестеріммен амандасайын деп келдім» дейді. Мен ол жігіттің «Ақжайықтанмын» дегесін бет-пішініне қарап, сыныптасым екенін танып, «онда сен ешқандай Коля емессің, менімен оқыған сыныптасым Қойлыбайсың ғой»-деп екеуміз шұрқырай амандастық. Ақжайықта Қойлыбай бастауышта бізбен оқып, кейін отбасы Атырауға көшіп кеткен еді. Көп уақыттан бері көрмегесін оны танымағаным рас. Өзі отбасымен Атырауда тұратынын айтып, елге оралғасын міндетті түрде кел деп мекен жайын жазып берді. Аз-кем тұрған Қойлыбай өзінің жұмыста жүргенін айтып, кетіп қалды. Елге оралғасын үйіне іздеп барғаныммен оны таба алмадым. Арада біраз жыл өткен соң тағы іздеп барғанымда, үйіндегілер оның қаза болғанын айтты. Екеумізге кездесу жазылмаған екен. От пен оқтың ортасынан аман-есен келгенімен, есіл ер туған жерінде бұзақылар қолынан көз жұмыпты. Өкінішті жағдай» -деп Оразбай әңгімесін аяқтады.
Жауынгер Оразбай Боранғалиұлы 1988 жылдың мамырында елге оралған. Сол жылдың тамызында Гурьев педагогикалық институтына оқуға түскен. Ол 1994 жылы осы институттың тарих, құқықтану мамандықтары бойынша бітірген. Сол 1994 жылдың тамызында Қызылүй орта мектебіне мұғалім болып орналасқан. Ал 1997 жылдан әскери жетекші, тарихшы, музей меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. Ұзақ жылдық ұстаздық еңбегі, әскердегі қызметі елеусіз қалмады. Бірнеше мемлекеттік наградаларға, атап айтсақ ,«СССР Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Ауған халқы атынан Алғыс», «СССР Қарулы Күштерінің Құрмет грамотасы», « 1 санатты спортшы-жауынгер», екі рет Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы медальдармен марапатталды.
Бүгінгі таңда ол Қызылүй орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Отбасында бес баласы баласы бар. Сөз арасында ардагер соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп жүргенін де айтып қалды.
Жастық шағын соғыс өрті шалып, жат елде әскери борышын өтеп, елге аман-есен оралған Ауған соғысы ардагерлеріне ұзақ ғұмыр тілейміз.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА