Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды тарихи құжат. Әлемдік өзгерістер мен сын-қатерлер үдеп тұрған шақта Президент елдің алдағы жылдардағы басымдықтарын белгілеп, мемлекетімізді жаңа белеске көтеретін нақты міндеттерді жүктеді.
Жолдауда ең алдымен экономиканы әртараптандыру мәселесіне назар аударылды. Елдің мұнай-газ саласына тәуелділігін азайтып, өндіріс, аграрлық сектор және жаңа технологияларды дамыту – болашақтағы тұрақты өсімнің кепілі болмақ.
Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік орнату, қоғамдағы теңсіздікті жою, халықтың әл-ауқатын жақсарту – басты бағыт ретінде белгіленді. Бұл тұрғыда білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінің сапасын арттыру, жастарды қолдау, жұмыспен қамту мәселелері жан-жақты қамтылды.
Ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлініп, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту – ел дамуының негізгі міндеттерінің бірі екендігі атап өтілді. Инфрақұрылымды жақсарту, жол, су, жарық мәселелерін шешу арқылы ауыл тұрғындарының өмір сапасы артады.
Президент сонымен қатар мәдениет пен рухани құндылықтарды сақтау, ұлт бірлігін нығайту мәселелеріне тоқталды. Бұл – елдіктің тұғыры, болашақ ұрпаққа аманат.
Жаһандық үрдістерден қалыс қалмай, жасанды интеллект дәуіріне бейімделу, цифрландыру мен инновацияны дамыту – Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі басым бағыт ретінде айқындалды.
Бұл Жолдау – халқымыздың бірлігі мен елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, болашаққа сенімді қадам жасауға жол ашатын құжат. Ондағы міндеттерді жүзеге асыру – баршамыздың ортақ парызымыз.
Нұрғали Латифұлы,
Махамбет аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы