Тойдың дәурені жүріп тұрған шақта қомақты ақша тапқан асабалар енді шаң басқан дипломын шығарып, мамандығы бойынша жұмыс істеуге кіріскен.
Дипломы жоқтар қалай күн көрерін білмей дал болған еді. Кей аймақтарда автобус, такси тізгіндеген асабалар да болды. Әйтеуір, күнкөрістің қамы. Ал белді асабалардың бірі, жерлесіміз Жақсылық Базарбаев тойға шектеу қоюға түбегейлі қарсы екендігін айтады.
- Бұл ұсыныстарға мен келіспеймін де, келісе де алмаймын. «Жасамасаң басқа тойды жасама, екі жастың бақыт тойы тойлансын» деген өлең жолдарынан-ақ қазақтың отыз күн ойынсыз, қырық күн тойсыз жүрмегенін аңғаруға болады. Иә, карантин бәрімізге кері әсерін тигізіп отырғаны рас. Талай қала, ауылды аралап, қайда той-томалақ болса, соның бас-қасынан табылып жүретін едік. Қазіргі жағдай үйде отыруға мәжбүр етті. Алдын ала алып қойған тойдың тапсырыстарының төлемдерін қайтарып бердік. Бірақ үйде болғанда да құр жатпай, бітпей тұрған жұмыстарды аяқтап, отбасымызбен емен-жарқын дастархан басында отырып, жанұялық өмірдің маңызын түсіне бастағандаймыз. Карантиннің бір жақсы тұсы осы болды десем де болады. Ғайыптан тайып, ұсыныс қолдау тауып кетіп жатса, ауылда өскен баламыз ғой, қос білекті сыбанып жіберіп, кез келген жұмысқа кірісіп кетуге дайынмын,- дейді жерлесіміз.
Қазір қарапайым жұмысшыдан бастап, бизнес өкілдері де қашықтан жұмыс жасауға көшкесін, әлеуметтік желінің де тиімді тұстарын көре бастады. Әншілер, асабалар да түрлі онлайн-дүкендерді жарнамалауды одан бетер күшейтті. Кейіпкеріміз де әлеуметтік желіні тиімділігін қолдану арқылы пайда көзіне айналдырып үлгерген.
-Өзім Instagram әлеуметтік желісінің тұрақты қолданушысы ретінде онлайн-сауда жасап жүргендерді жарнама жасаймын. Әр жарнаманың бағасы әр түрлі болады, осылайша күнімізді көріп жүрміз. «Үкімет тарапынан көмек керек», «Тойды жасауға рұқсат беріңдер» деп шағымданған емеспін. Той саласында жүрген таныстарымның көбінің мойнында екі-үш несиеден бар. Бала-шағаны асырау керек дегендей. Бірақ амал жоқ, тәртіпке бағыну керек. Елден індет кетсін дейміз тек. Қанша тойсыз отырып қалсақ та, біздің тілек бір – қазақтың тойы бітпесін,- дейді асаба.
Қ.Айтқалиев