Жандос ДҮЙСЕМБАЕВ: «Үмітім күдігімнен басым түсті»

өзімнің саулығымды,жақындарымыздың қамын ойлағандықтан да ресейлік «Спутник-V» вакцинасын ерікті түрде салдыруға бекіндім

Екпе - коронавирус індетіне тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы.

Өткен жылдың жазында қабырғамызды қайыстырған қаншама жайттар орын алды. Бәрі де осы әлемді шарлаған дерттің дендеп еніп кетуінен еді. Бұл жеңіл-желпі қарайтын ауру емес екендігін дәлелдеп кетті. Сол оқиғаларды ескеріп, өзімнің саулығымды,жақындарымыздың қамын ойлағандықтан да ресейлік «Спутник-V» вакцинасын ерікті түрде салдыруға бекіндім.

Аудандық аурухананың қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы екпенің пайдасы, оның әсері туралы нақты ақпараттар беріп, вакцина алғаннан кейін қорқынышсыз жүруге болатындығын айтқан-ды. Ақпан айында коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталған уақытта алғашқылардың қатарында болып, екпе қабылдадым. Вакцина алған кезде болуы мүмкін деген температураның көтерілуі, бас ауруы, бас айналуы секілді жағымсыз реакциялардың бірде-бірі менің бойымнан байқалмады. Бәрі ойдағыдай өтті. Вакцина алғаннан кейін үш күн бойы дәрігерлердің бақылауында болып, екінші дозасын 21 күннен кейін алдым.

Әлем бойынша коронавирусқа қарсы екпе тұңғыш рет қолданысқа еніп тұрғандықтан көңілімде күдік те, алаң да болғанын жасырмаймын. Тіпті осы вакцина туралы небір дақпырт әлеуметтік желі арқылы таралып, кімге сенерімізді білмей қалған жайымыз бар.

Бірақ, үмітім күдігімнен басым түсті. Білікті дәрігерлердің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, халықты вакцина алуға шақырамын. Себебі, бұл коронавирус індетіне тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы.

Жандос ДҮЙСЕМБАЕВ,

аудандық мәслихаттың депутаты,

Жастар ресурстық орталығының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT