Жалғансайдың жаңа ықшам ауданы инфрақұрылыммен қамтылуда

Жалғансайда әкім есебі

Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев Жалғансай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Алдымен ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттері туралы баяндады. Кейін Жалғансай ауылдық округі бойынша көтерілген мәселелер мен атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Өткен жылдың наурыз айынан бастап «Атырау – Сарайшық – Жалғансай» бағытында жолаушылар тасымалдайтын маршрут ұйымдастырылып, үздіксіз қызмет етіп келеді. Ж.Жабаев және М.Қырымқұлова көшелеріндегі 730,35 метр жазғы су құбыры жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 461 000 теңгеге пластикалық трубалар ауыстырылып тартылды.

«ГрандМастер-Атырау» ЖШС Жалғансай ауылының жаңа мөлтек ауданының электр желілерімен және көше жарығына бағаналарды орналастыру құрылысын жүргізді. Жаңа мөлтек аудан инфрақұрылыммен толық қамтылған жағдайда 2004 жылдан күні бүгін тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекте тұрған 145 адамның өтініштері қанағаттандырылады. Жаяу жүргіншілер жолымен қоса ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу үшін 2022 жылы облыстық бюджеттен 100 млн теңге, кепілдірілген Ұлттық қордан 50 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталды. Биыл осы жұмыстарды толықтай аяқтау үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 736 млн 066 мың теңге бөлінді.

– Ескі ойын алаңына «Өңірлік дамыту» бағдарламасы арқылы 1 297 000 теңгеге жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ойын алаңдары жаңа ойын құралдарымен толықтырылды. Балаларға арналған ашық ойын алаңын салу жоспарлануда. «Байшуақ-Үміт» ЖШС демеушілік көмегімен жасанды төсенішті ашық спорт алаңын салып берді. Сонымен қатар жасанды төсенішті ашық спорт алаңын салуға ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Биыл құрылыс жұмыстары басталады. Шағын ғана ауылға қос спорт алаңы жеткілікті деген ойдамын. Дәл осындай нысан Ақтоғай, Тандай, Талдыкөл және Есбол ауылдарында да салынады,- деді аудан әкімі.

И.Тайманов, М.Өтемісов, Абай, М.Қырымқұлова көшелеріне, Р.Отаров көшесіндегі аялдама қасында және саябақтың ішінде санитарлық тазалық ұйымдастыру бағытында 13 жәшік алынды. Қоқыс жәшіктерін орнластыруға алаңдар жасау мақсатында аудандық бюджеттен 1 млн. теңге бөлінді. Р.Отаров көшесіне тал отырғызу үшін  жер бөліп, қоршауын жасақталады. Жазғы су құбырларының жөндеу жұмыстарын жалғастыру, жазғы су жетпей тұрған көшелерге құбырлар тарту үшін ЖСҚ жасақтауға аудандық бюджеттен қаражат бөлінді.

Былтыр ақпанда көптен шешімін таппай келген тұрғындардың өтініш-тілегі қанағаттандырылып, ауылдық емханаға тұрақты жалпы тәжірибиелі дәрігер келді. Алайда коронавирустық инфекция өршуіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Қазіргі уақытта тұрғын үй мәселесі шешілмей тұруы себепті ауылға жалпы тәжірибелі дәрігер келмей отыр.

Ауыл тұрғындары жекеменшік жерлерді пайдалану, балабақша мәселесін көтерді. «Көктем гүлі» балабақшасына күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға облыстық білім басқармасына сұраныс берілген. Өкінішке орай, қаржы қаралмаған. Ал аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Салиевтың сөзінше, жеке меншікке берілген жер учаскелерінің иелері азаматтық кодекске сай ол жерлерді сатуға құқылы.

– Біз олардың құқығын шектей алмаймыз. Ендігі кезекте берілетін жерлер тізімге байланысты мониторингтен өтеді. Қазіргі заң бойынша жер алғаннан кейін үш жылдың ішінде игеру керек. Жер беру кодексіне өзгеріс енгізу жұмыстары ретке келуі мүмкін. Яғни, үш жылдан бір жылға дейін қысқаруы ықтимал. Былтыр ауылдық округтегі 400 гектар аумақты құрайтын жер учаскесі иесінің өтініші негізінде мемлекетке қайтарылды,- дейді бөлім басшысы.

Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындардың талап-тілегі заң аясында шешімін табатындығы айтылды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT