Мемлекеттік қызметкердің еңбекақысы екі өлшемге-жұмыс тәжірибесі мен атқаратын лауазым санатына тәуелді.
Бұл орайда қызметкер орындайтын жұмыстың қиындығы мен тиімділігі ескерілмейді екен. Бонустар, жәрдемақы түріндегі ынталандыратын төлемдер бәріне бірдей төленеді. Жүйе 14 жылдан бері қолданылып келе жатқандықтан еш өзгеріссіз қалды. Нәтижесінде орталық пен облыстың мемлекеттік қызметкеріне, мемлекеттік және жеке сектордың қызметкерлеріне жалақы төлеуде теңсіздік орын алды. Жаңа жүйенің басты ерекшелігі, мемлекеттік қызметкерге жүктелген міндеттер мен жұмыс нәтижелігі басты орында болғандығында.
Жаңа жүйенің берері мол
Биыл Астана қаласы әкімдігі, Маңғыстау облысы әкімдігі, Әділет министрлігі мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде мемлекет- тік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Бүгінде пилоттық жоба өзінің тиімділігін байқатты. Жалақы өсті, кадр тапшылығы жойылды. Қызметтер балдық меже жүйесі бойынша бағалануда. Әр қызметші өзінің жауапкершілігін сезініп, жоғары кәсібилігі мен жан-жақтылығын көр- сете бастады.
Жалақы төлеудің тың әдістері АҚШ, Сингапур, Жаңа Зеландия елдерінде кеңінен қолданылып жүр. Оны қазірдің өзінде 174 жекеменшік, квазимемлекеттік сектор компаниясы жүзеге асыруда. Жалақы төлеудің жаңа жүйесі тұрақты және айнымалы деп аталатын екі бөліктен тұрады. Айнымалы әдісі жақсы жұмыс үшін қосылатын бонусқа қатысты болмақ. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауда өте жақсы және тиімді жұмыс жасағандар ғана бонустан үміттене алады. Қазір жалақы еңбек өтілі мен атқарып жатқан лауазымының санатына байланысты болса, жаңа жүйе мемлекеттік қызметшінің жақсы жұмыс жасап, мемлекеттік органның дамуына қаншалықты үлес қосатындығын саралауға мүмкіндік береді.
Әкімдіктің үлкен мәжіліс залында өткен аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Қалиевтің төрағалығымен Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында осы жоғарыда айтылған мәселелер кеңінен талқыланды. Оған ауыл әкімдері, бөлім басшылары, округ, бөлім мамандары қатысты. Аудан әкімі аппаратының кадр қызметі және персоналды бағалау бөлімінің басшысы Г.Сахова №32 шешімге сәйкес аудандық ветеринария бөлімінің басшысы М.Сидеғалиевтың үстінен жазылған арыз қорытындысымен таныстырып, оған қатаң сөгіс берілгенін айтты. №36 шешімде Қызылқоға ауданында лауазымды тұлғаның мемлекеттік мүлікті, арнаулы автокөлікті заңсыз пайдаланғаны айтылыпты. Ал №38 шешімде Исатай ауданындағы заңсыз жер беру мәселесі қамтылған. Бөлім басшысы Гүлжамал Маратқызы одан әрі «Е-қызмет» арқылы анықтама алу жайлы сөз етіп, келген арызға үш күн ішінде жауап беруді, қашанда әр іске салғырт қарамай, мұқият болуды тапсырды.
Жұмыс тәжірибесі жаңаша есептеледі
Жоба Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жасақталған. ФБШ-ға мемлекеттік қызметшінің еңбек өтілі, лауазымы да кіреді. Жаңа жүйеде мемлекеттік қызметшілерге жылына бір рет бонус беріледі. Бұл 174 жеке квазимемлекеттік секторға енгізілген. Бұрын бір кісіге-1-2 кандидаттан болса, қазіргі уақытта 1 адамға-20 үміткерден келеді. Мәселен, бас маманның айлық табысы-100 мың теңгеге өскен. Астана, Маңғыстау облысында кадр тұрақсыздығы азайған. Бұған мамандардың жұмыс тәжірибесін жаңаша есептеу де кіреді. ФБШ жүйесі осыны шешеді. Маңғыстау облысының әкімі 562 мың теңге жалақы алса, ауыл әкімі 125 мың теңге алатын болды. Бос лауазымдар төрт есе қысқарады. Енді қаржы көздері туралы. Штаттан тыс қызметкерлер санын қысқарту, оның ішінде кеңес беру сынды босалқы қызметтерді қысқарту көзделген.
Кәсіби шыңдалған маманға сұраныс бар
Сондай-ақ аудан әкімінің аппарат басшысы Нұрлан Серікұлы мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақытта ҚР Әдеп нормаларын бұзу жөніндегі талдау жұмыстарына да тоқталды. -Сәл нәрседен құқық бұзушылық, кейде әкімшілік-құқық бұзушылықтар да туындап жатады. Әр нәрсені алдымен тексеріп алған артық етпейді. Бәрі де тіркеледі. Өздеріңіздің әрбір іс-қимыл, әрекеттеріңізге жауапты екендіктеріңізді ұмытпаңыздар. Осының бәрін қарауыңыздағы мамандарға екжей-текжейлі түсіндіру керек. Келер жылы біраз қызметкер қысқаруы мүмкін. Мамандардың атқарып отырған қызметінің тиімділігі, оның функциясы маңызды рөл атқарады. Бәрі есепке алынады. Бізге тек кәсіби шыңдалған мемлекеттік қызметшілер ғана керек. Қызметкерлерге жалақының дұрыс төленуі, әрі қарай жүйеге қалай енеміз, бар мәселе сонда болып тұр. Барлығы тиімді жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуде жатыр. Бәріне үлкен дайындық қажет. Мәселен, бөлім басшысы немен айналысады? Бізде мамандық бойынша талаптар қандай? Егер ол талапқа сай болмаса, ол маманды төмендетуге, немесе басқа жұмысқа ауыстыруға болады. Маман атқаратын мамандыққа сай болмаса, білімін жетілдіріп, басқа мамандық алу жағын қарастырғаны дұрыс. Тағы бір айта кетерлігі, әр маман барлық заңды жетік біліп, меңгергені абзал. Көбі сол заң білмеген соң таяқ жеп жатыр. Кейде алдымызға бір қайнауы ішінде шикі құжаттар келетіні рас. Қазіргі уақытта жер мәселесі өткір тұр. Тек елімізде, облыста ғана емес, аудандарда да жер мәселесінде шешілмеген түйткілдер бар. Басқа салалар да жетерлік. Бүгінде ауыл әкімдері 12 сала бойынша жұмыс істеп отыр. Төртінші бюджет тағы бар. Мемлекеттік сату және сатып алуды көп есепшілер біле бермейді. Ондағы қаражатты игеру өз алдына, көбіміз мемлекеттік сатып алуға келгенде біліміміз таяз болғандықтан оған өреміз жете бермейді. Ал төртінші бюджеттің тілі, тәсілі басқа. Ынталандыру – бізден, жазалау - әкімнен. Шынын айту керек, қызметті атқарар алдында кей адам мемлекеттік қызметші екенін мүлдем ұмытып кетеді. Бірақ сол жерден қалай шығу керектігін білмей, дағдаратыны рас. Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітер» демей ме.
Тәртіп пен талап қатаяды
Еліміз дүниежүзілік жүйеге еніп жатыр. Міне, сондықтан тағы айтамын, атқаратын қызметке сәйкес келмесеңіз, жұмыспен қоштасуға тура келеді. Бізде ішімдік ішкен, тәртіпсіздік жасаған жандарға орын жоқ. Кей басшылар қол қойғаны үшін жұмыстан кетуге мәжбүр. Әр маман жұмысының тиянақты, нәтижелі болғанын қалаймыз. Кейбір ауыл әкімдері көлікті өздері айдайды. Сонда неге оның жүргізушісі жоқ па? Онда мемлекеттік көлікті пайдаланбай, таксимен жүрсін. Тағы бір айтарым, округтердегі жұмыста бірізділік, жүйелілік жоқ. Әлі де колхоздың жұмысы сияқты қарабайыр басқаратын округ әкімдері барын білемін. Арамызда компьютерлік сауаттылыққа онша мән бермейтіндер де кездеседі. Көптеген бөлім басшылары, ауыл әкімдері арнайы орнатылған жүйені(ЭСИДО) білмейді, оны аша да алмайды. Сол жүйені бір мекемеден хатшының алдында тұрғанын көргенім бар. Немесе бір маманға бекітіп қояды, сұрасаң, жүйені сол маман ғана біледі деп отырғаны. Әркім жүйемен дұрыс жұмыс істей білсе екен. Базаны бәрі білуі тиіс, сондықтан оны мамандар да үйренсін. Әр адамға компьютер тілін білген артық етпес еді. Жұмыс тәртібі бәріне ортақ. Аудандық әкімдікте жұмыс уақыты таңғы сағат 9.00-дан кешкі 18.30-ға дейін. Кейде облыстан келген тапсырмалардың көптігіне байланысты кешкі уақытта да қалып, жұмыс істейтініміз бар. Осы кезге дейін сол жұмысты ың-шыңсыз атқарып келген жоқпыз ба? Облыстан келген хат-хабарлар, тапсырмалар бірінші кезекте орындалады. Мамандар сізге мезгілінде бер деді ме, сіз оны тап-тұйнақтай етіп, орындауға тиіссіз. Ертең-арғы күні деген жоқ. Қазақта «Еріншектің ертеңі бітпес» демей ме. Қолыңыздан келмесе, оны айтыңыз. Қай округтің маманы мезгілінде тапсырманы жібермейтінін біліп отырамын. Орындамаса, жаза қолдануға тура келеді. Жастарды алғаш жұмысқа алғанда оларды мұқият тексеріп алған дұрыс. Көбінесе сырттан бақылайтын солар. Жаңаша ойлап, жұмыстарыңызды жүйелеңіздер, –деді Н.Серікұлы сөзін қорытып. Бөлім басшысы Г.Сахова кей ауылдық округтердің мамандары жіберілген қызметтік хаттарға жауап бермей, тапсырмаларды мезгілінде орындамайтынын тілге тиек етті. Кейбірі кері қоңырау шалып, тапсырманы түсінбей, сұрап, әуреге түседі. Бірақ облыстан шұғыл деп келген хаттарды түсіндіріп жатуға уақыт жоқ. Осы кезге дейін іс қағаздарын жүргізіп келе жатқан округтердің мамандарына таңым бар. Жастар өз алдына, ал бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мамандар ше? Жалпы еңбекақы төлеу жүйесіне байланысты Атырау облысында да жұмысшы тобы құрылуда. Барлық мемлекеттік мекемелерде түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Жаңа бағалау әдісі енгізілуіне байланысты республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейтін болып шықты. Ол ішкі қордың есебінен жүзеге асатын көрінеді. Осы мақсатта бос тұрған жұмыс орындары қысқартылғалы отыр. Атырау облысында еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін болды.
А. ҚУАНЫШҚАЛИЕВА