Жайық өзені мен аудан көлеміндегі инспекция қарамағына қарасты су айдындарының жағалауларының санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен 1-31 мамыр аралығында республикалық деңгейде Балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы жүріп жатыр.
Махамбет ауданы көлемінде осы аталған акцияға ауылдық округтер мен мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары және ауыл тұрғындары қатысуда. Сонымен қатар Махамбет инспекция бөлімінің қызметкерлері Балық шаруашылығы су айдындарында табиғат қорғау акциясын өткізу жөнінде «Таза су айдындары» деген тақырыпта әртүрлі мекеме қызметкерлеріне, мектеп оқушыларына лекция оқып, акцияның өтуіне басшылық жасап, араласуда. Мамыр айының бірінен бастап жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізудегі басты мақсатымыз – аудан аумағындағы су айдындарына тасталған аулардан, торлардан және жағалауларды қоқыстардан тазалау, сол арқылы халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру. Елімізде экологиялық сауатсыздықтың кесірінен табиғат, соның ішінде су айдындары қатты зардап шегуде. Суы лас өзен - көлдің балығы, басқа да су жәндіктері де өсіп - өнуін қысқартады. Махамбет, Сарытоғай, Есбол, Ортақшыл, Алға селолық округтерінде өткізілген акцияға бір ауыздан ұйымшылдықпен қатысып, акция кезінде 9 мекемеден 150 мекеме қызметкерлері қатыстырылып, Жайық өзені жағалауларын түрлі қатты қоқыс қалдықтарынан тазартылып, жалпы көлем 7,5 тоннадай қоқыс жиналып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылды. Әрбір адам қоқысты лақтырар алдында бір сәтке ойланып, жауапкершілікті сезініп, тәрбиені өзінен бас- таса ғой. Құрметті аудан тұрғындары, Жайық өзенінің санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы осы шараға өз үлесімізді қосуға атсалысайық.
Н.БАҒЫТЖАНОВА,
Махамбет инспекциясы бөлімінің бас маманы.