Қазақ халқы қашанда нәзік жанды әйел затын қадірлеп, отбасының ұйытқысына, бірлік пен берекенің бастауына, ырыс пен ынтымақтың алтын қазығына балаған.
Осындай көптеген қазақтың қыз-келіншектері бүгінде еліміздің өркендеу жолында аянбай тер төгіп келеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз саналы ғұмырын мәдениет саласын дамытуға арнаған, сол еңбегінің нәтижесінде айтулы саланың майталманына айналған Мәншүк Жаленова. Жаленова Мәншүк Михайлқызы Махамбет ауданының келіні. 1962 жылы 29-маусымда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Ноғайты станциясында ұстаздар отбасында дүниеге келді. Әкесі М.Жаленов Ақтөбедегі «Қазанғап» оркестрінің күйшісі болған. 1969 жылы Сағыз орта мектебінің 1сыныбына қабылданып, 1979 жылы аяқтайды. Мектеп бітірген жылы сынып болып түгел комсомол-жастар бригадасына жұмысқа қалып, екі жыл «Алтын арай» бригадасында еңбек етіп, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосады. 1981жылы арман қуып, Гурьев педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түсіп, 1985 жылы аяқтап, мұғалім мамандығын алып шығады. Отбасы жағдайымен Махамбет ауданы білім бөліміне жіберіліп, Чкалов балалар саз мектебінде өнерлі ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек жолын бастайды. Қазақы иісі бұрқыраған, өзіндік өнер мектебі қалыптасқан өңір өнерлі қызды жатырқамай, керісінше бауырына басады. Міне, сол мезеттен бастап Ақтөбенің аяулы қызы Бейбарыс ауылының ғана емес, жалпы ауданның мәдениет саласында әлі де тер төгіп келеді. Шәкірттері жан –жақта өз өнерлерімен танылып, оқушысы Рамиль Елемесов өзімен үзеңгілес өнер мектебінде ұстаз қызметінде, аудан мәдениетін көтеруге де атсалысып жүр.
Мәншүк Михайлқызы саз маманы болғандықтан ауыл мәдениетін көтеруге де бір кісідей үлесін қосуда. 1987 жылы Ұлы Октябрь Революциясының 70 жылдық мерекесіне орай хор ұйымдастырып, облыстық байқаудан жүлделі орын алып, лауреат атанады. 1991 жылы Исатай Тайманұлының 200 жылдық мерейтойына атсалысып, алғыс хатпен марапатталады. Аудандық оркестрдің тұрақты мүшесі. Мәншүктің құдай қосқан қосағы Бейбарыс ауылының тумасы Жаңабай Жайлашев та өнерлі, ізденімпаз, жан-жақты, сабырлы, көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты азамат. Бүгінде төрт баласын да өнер жолына баулып, тәрбиелеп өсірген Жаңабай мен Мәншүк Жайлашевтар отбасылық ансамблін құрады. 1997 жылы Атырау теледидарына түсіп, облыс халқына сазды бағдарламаларын ұсынады. 2000 жылы Мәдениет жылы аясында «Ақ ерке -Жайық» облыстық аудан күндерінің өнер фестивалінде хор шығарып, бірінші орынды иеленеді. 2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланған Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойында аудандық оркестрмен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Махамбет бабамыздың күйлерін ойнап, марапатталады. 2003-2005 жылдары «Ауыл жылы» аясында өткен республикалық «Ауылым әнім» фестиваліне қатысып, лауреат атанып, алтын медаль иеленеді. 2008 жылы облыстық «Өнерлі өрге жүзер» отбасылық ансамбльдерінің байқауында бас жүлдені жеңіп алса, 2008 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен Жайлашевтар отбасылық ансамбліне «Халықтық» өнерпаздар ұжымы атағы беріледі. Айта берсе, Жайлашевтар отбасылық ансамблінің жеткен жетістіктері жетіп артылады. Бұл жетістіктерді талай жылғы төккен тердің қарымтасы деп ұққан жөн болар. Себебі, өнер адамы үшін еңбектің лайықты бағаланғанынан артығы жоқ. Нәзік жанды әйел бола тұра, әулеттің алдындағы келіндік міндетін мінсіз атқарып, отағасына қолдау көрсетіп, балаларына жан-жақты тәрбие беріп, ауданның мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Мәншүк Михайлқызының табандылығы мен жігерлілігі, нағыз қазақ әйеліне тән қайсарлығы қазақ қыздарына үлгі боларлықтай-ақ. Өмірінің жарқын тұстарын осы мәдениет саласына жұмсаған кейіпкеріміз бүгінде Бейбарыс ауылдық «Жас дәурен» мәдениет үйінің директоры қызметін атқарып келеді. Өнер адамын құрметтеу – ол халықты құрметтеу. Сондықтан Мәншүктей аяулы азаматшаларымызды мақтан тұтып, жас ұрпаққа өнеге ете білсек, ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
Баян СҮЙЕУОВА.