Мұз әлсіз алайда көліктер мұздан өтуді тоқтатпауда.
Ағымдағы жылдың 15 наурыз күні сағат 19.05 шамасында Махамбет ауылының тұрғыны Б.К меншігіндегі «Нива Шевроле» автокөлігімен Жайық өзені арқылы арғы бетке өтпекші болады. Алайда «Өткел» елді мекені тұсында көліктің салмағын көтере алмаған жұқа мұз жарылып, автокөлік суға бата бастайды. Жүргізуші өз күшімен көліктен шығып, жағалауға жетіп, аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хабарлайды. Абырой болғанда оқыс оқиға орнында қаза тапқандар жоқ.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 3 сүңгуір-құтқарушылары келіп, су астындағы көлікті тросспен байлап өз жұмыстарын жасады. Нәтижесінде бүгін, яғни 16.03.2021 жылы түстен кейін жергілікті уақытпен сағат 13.40 та жағалауға шығарылды. Сонымен қатар аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің, №11 өрт сөндіру бөлімінен 6 қызметкер, ауданға тиесілі 2 жүк тракторлары, полиция қызметкерлері, 1 автокөлік және ауыл тұрғындары көлікті мұздан жағаға шығаруға жұмыла атсалысты.
-Бұл аудан көлемінде тіркеліп отырған 2-і дерек. Бұған дейін Жайық өзеніндегі мұзға 2021 жылдың 07 наурызында Жалғансай ауылының тұрғыны Е.Ө.басқаруындағы «Лада Гранта» автокөлігі түсіп кетіп шығарылған болатын. Мұндай оқыс оқиғалардың орын алуына көлік жүргізушілерінің өз өмірінің қауіпсіздігіне салғырт қарауы, белгіленбеген жерлерден өтуге қатысты заңбұзушылықтар жасауы себеп болып отыр. Жайық өзенінде автокөлікпен мұздан өтуге тиісті органдармен мүлдем тыйым салынған. Сонымен қатар аудан аумағында Жайық өзенінен өтетін автокөлік көпірі халыққа қызмет етуде. Осыған дейін де, Төтенше жағдайлар құрылымдары және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар арқылы әлеуметтік желілерде мен бұқаралық ақпарат құралдарында да Жайық өзенінен автокөлікпен өтуге қатаң тыйым салынғаны туралы хабарланып, ақпараттар таратылып жарияланған болатын. Алдағы уақытта, аудан басшылығының арнайы тапсырмасына сай тиісті осындай заңбұзушылықтарға жол берген тұлғаларға жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатынын қайталап ескертеміз,- дейді аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, жұмылдыру дайындығы және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Н.Бердіғалиев.
«Жайық-Ақпарат»