Инфрақұрылымдары біршама жақсы дамыған Махамбет ауданында соңғы жылдары күрделі инвестициялық жобалар қолға алынуда.
Солардың бірі-қала іргесіндегі «MEKEN-CHICKEN» ЖШС-і әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып, ет бағытындағы бройлерлік құс етін өндіру кешенінің салуға батыл бет бұрып отыр. Қазірдің өзінде құрылыс алаңының жерлері заңдастырылып, қадалары қағылып, қажетті қаржы мөлшері анықталып, жоспарлы жұмыс басталып та кеткен. Жоба іске асырылғанда жылына 2600 құс етін өндіріп, өңдейтін болады. Құрылыс алаңындағы барлық жұмысты үйлестіруші инженер М.Г.Петраштың айтуынша, жаңа технологияға негізделген кешен іске қосылғанда жүзден аса адам тұрақты жұмысқа тартылатын көрінеді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Ислямұлы Дүйсенбаев Махамбет ауданына іссапар барысында жолшыбай осы нысанға соғып, жұмысымен танысты. Заңдылыққа сәйкес, инфрақұрылымдарын тартуға жергілікті бюджеттен қаржы қарастыру жөнінде ұсынысын айтты.
Одан әрі сенатор Сарайшық ауылын орап жатқан Жайық өзенінің жағалауын бекіткен тұсына ат шалдырып, ел игілігі үшін атқарылған іске ризашылық сезімін білдірді. Өйткені, «апат айтып келмейді» дегендей, тып-тыныш тұрған өзен аяқ астынан тасып, арнасынан асса, елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін. Ескі Сарайшықтағы қазба жұмыстары жүргізілген орын да болашақ ұрпақ, тарих үшін суға шайылып кетуден сақталатын болады. Жалғансай ауылы маңындағы Жайық үстінен салынып жатқан көпір құрылысы да түрлі себептерге байланысты созылып келеді. Осы нысанның басына барып, жұмыс барысын көзбен көрген Ғұмар Ислямұлы қосымша қаржы көзін қарастыруға жұмыстанып жатқандығын жеткізді. Ал, құрылыс басында жолықтырған мердігер мекеме басшысы Парвиз Ахмедов қымбат құрылыс материалдары пайдаланылған көпірдің сапасы талапқа сай екендігіне сендіріп, қаржылық қолбайлау болып қалмаса, қыркүйек, қазан айларынан қалдырмай, жұмысты жылы-жарықта аяқтауға бар күшті жұмылдырып жатқандығын айтты.
Аудан орталығы-Махамбет ауылындағы күрделі жөндеуге тұрған дене шынықтыру кешенінде де жұмыс қарқынды жүруде. Астаналық мейман ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарының жай-жапсарына қанығып, Елбасының алға қойып отырған міндеттерінің бірі-саламаттылық салтын қалыптастыру, спорттың қолжетімділігін арттыру екендігіне назар аударды.
Сапар қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында өткен жиынды кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімі, филиал басшысы Жәрдемғали Бахуұлы қысқаша ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына шолу жасады. Әсіресе, басымдық беріліп отырған ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер, соңғы жылдары бой көтерген әлеуметтік нысандар, жаңа ақпараттық технологияны меңгеру жөніндегі Елбасы тапсырмасының жергілікті жерде орындалысына тоқталды.
- Белгіленген жұмыс кестесіне сай елді мекендерді аралағандағы мақсатымыз-халықтың мұң-мұқтажымен жақынырақ танысу, қордаланған проблемалардың шешілу жолдарын қарастыру, сол бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мәселенің оң шешілуіне ықпал ету,- деді жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Ислямұлы, -бір жыл ішінде 84 заң қабылданса, олардың 19-ы бюджеттік қаржы айналымына қатысты, ал 25 заң құқық қорғау, сот саласына байланысты қабылданды. Көп болмағанмен ауылшаруашылығына арналған заң жобалары да бар. Атырау облысы халқын су тапшылығы алаңдатып отыр. Таза ауыз су мәселесі де өткір күйде қалып отыр. Облыс басшысы Н.Ноғаев қозғап жүрген Ақтөбедегі мол жерасты су көзін игеріп, құбыр арқылы Атырауға жеткізу жөнінде зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Ақтөбе облысының жеріндегі суға Атыраудың қаржысын салудың заңға қайшы тұстары бар. Осының бәрін заңға, талапқа сай үйлестіру оңай шаруа емес. Республикадан қаржыландырылатын балық қорғау инспекциясының материалдық техникалық базасын жақсарту жөніндегі мәселе де оң шешімін тапқалы отыр. Сондай-ақ Қызылқоға, Мақат аудандары аумағынан өтетін асфальт жол құрылысы да жалғасын табатын болады. Атырау-Астрахань бағытындағы жол құрылысын қаржыландыруға байланысты аздаған проблемалар бар, бірақ жыл аяғына дейін Ганюшкино-Атырау бағытындағы жолдың құрылысы басталады.
Бұдан әрі жиын ашық пікір алмасу, сұрақ-жауап түрінде өрбіді. «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қ.Ерманов он екі пайыздық қосымша құн салығын шаруа қожалықтарынан алып тастауға, немесе жеңілдетуге болмай ма? Оны сұрап отырған себебім: өнім өндірмейтін көктем айларында табыс көзі болмағандықтан салық берешектерімен есептесу қалтаға соғады. Нағыз болмағанда күзгі жиын-терін аяқталғаннан кейін салық берешегімен есептесу жолдарын қарастыруға болмай ма?,-деген сұрағын қойды. Ал, «Первомайский» ЖШС,БК директоры Е.Есқариев "ауа райы қолайсыздығына, жердің қуаңшылығына байланысты мал азығына субсидия төлеуге ықпал етсеңіз" деген өтінішін жеткізді. Ал, «Феликс» шаруа қожалығының жетекшісі Юн Енисей суға субсидия төлеуге жеңілдіктер қарастыру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселенің мән-жайына қаныққан сенатор Ғұмар Ислямұлы: – айтылған ұсыныстарды жазбаша түрде беріңіз, жұмыстанамын, – деді. Сонымен қатар, іссапармен Астана қаласына келіп жатсаңыз, шаруаларыңызды бірлесіп шешуге әзірмін,-деп өзімен тығыз байланыс орнатуға шақырды.
-Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен халықтың әлеуметтік жағдайын одан сайын жақсартуды көздейтін «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тарихи құжаттарында халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылығын қалыпқа келтіру, түгендеу, саралау бағытындағы міндеттер айқындалған,-деді пікір білдіру үшін мінберге көтерілген аудандық алдагерлер кеңесінің төрағасы Н.Сәменов. Ауданымызда осы бағыттарды жүзеге асыру үшін жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жалпы аудан тұрғындары Елбасы саясатын қолдайды. Жоғарыда Сарайшық ауылы тұсындағы Жайық өзені жағалауы бекітілгені туралы жағымды жаңалықты естідік. Махамбет ауылы тұсын да бекітсе, қауіпсіз болар еді. Ардагерлер қамқорлыққа зәру екендігін де әнүзі айтып келемін. Ардагерлер дегеніміз – ата-аналарымыз емес пе?
Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты С.Шотпақов су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі Елбасы алға қойған міндеттер барынша орындалып жатқандығына, яғни ауыл шаруашылығы су пайдаланушылары егінді израильдік тамшылатып суару әдісіне көшкенін айтты. Бірақ одан Жайық суы үнемделіп жатқан жоқ, булану нәтижесінде су азайып барады. Көп жылдан бері Жайық тасыған жоқ. Сондықтан осы бастан сақтық шарасын ойластырып, бұрынғы тоғандарды пайдаланып, жасанды су қоймасын жасауға жұмыстануымыз керек. Мұның бәрі айналып келгенде қаржыға келіп тіреледі. Жиында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы, депутат Өмірзақ Зиноллаұлы мәслихаттың алты ай ішінде атқарған жұмысына қысқаша тоқталды. Ауыл шаруашылығы саласын зерделеп, алда тұрған міндеттерді айқындап, саланы одан әрі дамытудың жолдарын қарастыру мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, аудандарды аралап, сол бойынша облыстық мәслихат сессиясында мәселе қаралғандығын айтты. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, кепілді медициналық көмек, тегін таратылатын дәрі, қоршаған ортаны сақтау, ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне субсидия төлеу мәселелері де тұрақты комиссия отырыстарында, облыстық мәслихат сессияларында қаралғандығын тілге тиек етті.
- Сондай-ақ, облыс бойынша балалардың жазғы сауықтыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру бағытында біраз жұмыстар қолға алынуда,-деді сөзін одан әрі сабақтаған Өмірзақ Зиноллаұлы. «Тұлпар» жазғы демалыс лагері тың жерден жаңадан бой көтермекші. Исатай ауданындағы Зинеден ата ауылынан 500 орындық балалардың сауықтыру орнының құрылысы басталады. «Арай» лагері күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қолдау көрсету мақсатында АНПЗ сиияқты ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың құрылыс жұмыстарына жергілікті өнімдерді пайдалануын мәселе етіп көтердік. Депутаттар белсенділігін арттыру бағытында да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Осындай қаралған мәселелерге байланысты шешім алу үшін ұсыныстарымызды облыс әкіміне жолдадық. Жиынды аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы қорытындылады.
Н.ЕРҒАЛИЕВ.