ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ: салық жүйесі қайта жаңғыртылады

Салық төлеу жүйесі келешегін ойлайтын ел үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та салық төлеу жүйесін жаңғыртуға баса назар аударып отыр. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Экономиканы қарқынды дамыту үшін мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс», - деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.

"Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын", - деді ол өз сөзінде. 

Президенттің айтуынша, жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Осы ретте мемлекет басшысы Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар Жолдауда салықтық тексеру, салық берешегі, салық режимдері, қайта инвестициялауды салық бойынша қолдау, өңделмеген өнімдерді экспорттау, тағы басқа кәсіпкерлер үшін оң, тиімді тәсілдер де айтылған.  

 Президент экономикалық салаға да жіті тоқталды. Ол банк секторы тарапынан мемлекет бюджетіне әділетті үлес қосылуымен осы орайдағы сараланған салық салудың қажеттілігін де атап өткен екен. Одан бөлек банктерден экономиканы несиелендіруді арттыруды талап етіп, соған байланысты үкімет пен Ұлттық банкке тиісті шара кешенін әзірлеуді тапсырды. 

Жолдауда мұнай-газ, химия, металлургия, машина жасау салаларын дамыту, инфрақұрылым секторларын(энергетика, көлік, логистика), заңсыз алынған активтерді қайтару басқа да жайттар кеңінен сөз болды. 

Мунира АЛМУРЗИНА,

 Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының оңалту және банкрот бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT