Жаңа Конституция – цифрлық дәуірдегі адам құқығының берік негізі

Бағдарламалаушы ретінде Жаңа Конституция жобасындағы ең маңызды тұстардың бірі – шығармашылық еркіндікке, ғылым мен техникаға, зияткерлік меншікке ерекше мән берілуі деп санаймын. Қазіргі таңда бағдарламалау, жасанды интеллект, цифрландыру салалары тек техникалық құрал ғана емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық ресурсқа айналды. Сондықтан адамның ой еркіндігі мен интеллектуалдық еңбегін қорғау – заман талабына толық сай шешім.

Сөз бостандығы мен ғылыми еркіндіктің Конституция деңгейінде нақты бекітілуі инновацияның дамуына тікелей ықпал етеді. Жаңа идеялар мен технологиялар ашық ортада, еркін пікір алмасу жағдайында ғана қалыптасады. Ал зияткерлік меншікті қорғаудың күшейтілуі бағдарламалаушылар, инженерлер мен ғалымдардың еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Бұл – стартаптар мен отандық IT-жобалардың дамуына серпін беретін маңызды фактор.

Жоба білім беру жүйесінің зайырлы сипатын және діннің мемлекеттен бөлінгенін нақты бекітуі де болашақ мамандардың сыни ойлауын, ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға жағдай жасайды. Ақпараттық технологиялар дәуірінде білімнің еркін әрі бейтарап ортада берілуі – прогрестің басты кепілі.

Сонымен қатар, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау тетіктерінің күшейтілуі – әлеуметтік әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. IT саласында да инклюзивтілік пен тең мүмкіндік қағидаттары ерекше мәнге ие. Әр адамның қабілеті жынысына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан бағалануы тиіс.

Тәуелсіздік жылдарында қоғамның түбегейлі өзгеруі жаңа Преамбулада көрініс табуы орынды. Ол бүгінгі цифрлы, жаһандық әлемдегі Қазақстанның мақсатын айқындайды. Жаңа Конституция жобасы адамды, оның құқығы мен еркіндігін мемлекеттің басты құндылығы ретінде бекіте отырып, еліміздің жасанды интеллект пен жоғары технологиялар дәуірінен шет қалмай, дамыған елдермен қатар қадам басуына берік құқықтық негіз қалайды деп ойлаймын.

Бек Тұрлыбек, IT маман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT