Бүгін аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың қатысуымен, «AMANAT» партиясы Махамбет аудандық филилалының кезектен тыс XXXVII конференциясы өтті. Оған 50 делегат сайланып, толықтай қатысты.
Күн тәртібінде негізгі мәселе партияның Саяси тұғырнамасын талқылау болды. «AMANAT» партиясы Махамбет аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Руслан Әженов тұғырнамаға қатысты ой-пікірін жеткізді.
-«AMANAT» партиясының жаңа Саяси тұғырнамасы ағымдағы жылдың наурыз айында басталған толық ауқымды партиялық трансформацияның бір бөлігі болып табылады.Тұғырнамада Қазақстанның басты қоғамдық күшінің болашаққа деген көзқарасы, даму бағдарлары, ұстанымдары мен саяси мақсаттары қамтылған.Біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген жаңа, Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр.
«AMANAT» партиясы, ел аманатын арқалай отырып, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын барша азаматтарды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түбегейлі реформаларын қолдауға, Жаңа Қазақстан құру идеясының төңірегіне бірігуге, халық болып, ұлт болып ұйысуға шақырады!
Біз барлық тәжірибеміз бен қабілетімізді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған түбегейлі реформаларды табысты іске асыруға бағыттаймыз – деді ол.
Аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы тұғырнамада қамтылған білімді, дені сау ұлт қалыптастыру қағидаттары, қоғамды біріктіруші күшке айналуы тиіс жасампаз еңбек тақырыптары, әлеуметтік әділдік, руханият, ұлттық қауіпсіздік, тиімді мемлекеттік басқару, аймақтарды дамыту, ауыл ахуалын оңалту тақырыптарына қатысты ойын ортаға салды.
Конференция барысында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының кезектен тыс XXXV конференциясына делегаттар сайланып, Саяси кеңес құрамы қайта бекітілді.