Жаңа құрылғы іске қосылды

Аудандық орталық ауруханада туберкулез таяқшасын тез анықтайтын G-Exspert медициналық құрылғысы іске қосылды.

Құны 10 млн. теңге тұратын бұл құрылғы бюджет қаржысына алынып отыр.

Бұл құрылғының ерекшелігі науқас адамның қақырығындағы туберкулез таяқшасын бас-аяғы 2 сағаттың ішінде анықтайды. Бұрын бұл үшін 45 күн уақыт кететін. Сонымен қатар табылған таяқшаның туберкулезге қарсы дәрілерге сезімталдығын да сол бойда анықтайды. Бұл науқасты тез арада емдеу процесіне қосуға мүмкіндік береді.

Жаңа құрылғының іске қосылу сәтіне Атырау облыстық туберкулезбен күрес диспансерінің директоры Қуатжан Тұрысбеков арнайы келді.

- Бүгінде туберкулез ауруының инфекциясымен бүкіл дүниежүзі күресуде. Бұл ауруға қарсы үлкен бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде құрт ауруы әлем бойынша жылына 4 пайызға, ал біздің елімізде 2 пайызға кеміп келе жатыр. Бұл әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен, біздің Атырау облысы туберкулезбен аурушылықтан жоғары көрсеткіш көрсетіп отырғаны жасырын емес. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі. Бұл сөзіме науқастардың 70 пайызы жұмыссыздар болып отырғаны дәлел бола алады. Екіншіден, салауатты өмір салтын ұстанудың аздығы. Үшіншіден, экологияның да әсері зор. Біздің қысымыз өте суық, жазымыз ыстық болғандықтан тұрғындар далаға көп шыға бермейді. Бұл өкпедегі ауа айналымын бұзады. Сондықтан халық арасында спортпен айналысуды, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттаудың маңызы зор.

G-Exspert құрылғысы туберкулез таяқшасын дер кезінде анықтап, уақытында науқасқа көмек қолын созуға мүмкіндік береді. Бұрын бұл құрылғы тек Атырау облыстық туберкулезге қарсы диспансерде болған болса, енді жергілікті әкімшіліктің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының тікелей атсалысып, қаржылай қолдауының арқасында Құрманғазы, Жылыой, Махамбет аудандарына орнатылды. Қалған төрт ауданға америкалық USAID фонды тарту еткелі отыр,- дейді Қ.Тұрарұлы.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT