Биыл 15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толады. Он жылға созылған соғысқа қазақтың қаракөз ұлдары да қатысып, көпшілігі жас өмірін құрбан етті. Елге аман-есен оралғандары, сол жылдарды қасіретпен еске алады. Ауған соғысына Махамбет ауданынан да аттанған азаматтар аз емес. Соның бірі – Оразбай Боранғалиұлы.
Махамбет ауданы, Ақжайық ауылында туып-өскен Оразбай Даутбаев 1986 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Түрікменстанның Ашхабад қаласына аттанады. Бұл жерде 6 ай бойына арнайы Ауған соғысы үшін кіші командирлер дайындайтын оқу-жаттығудан өтіп, ары қарайғы қызметін Ауғанстанда жалғастырады. Бұл кезең Ауғанстанда 1978 жылы төңкерістің әсерінен басталған соғыстың сырт мемлекеттердің араласуымен ұзақ жылдарға созылып, ушығып тұрған уақыты болатын.
- Ашхабадтан соң Ауғанстанның Фарах провинциясында орналасқан 40-шы армияның 61-ші дивизиясы, 8-ші арнаулы батальонына түстім. Осы жерде майдан алаңына қару-жарақ жеткізетін 19-ші автомобиль колоннасында бөлімше командирі, артиллериялық қаруланудың аға шебері қызметтерін атқардым. Біз жаңадан барып, әскери міндетімізді өтеп жатқан кезеңде Алматыда желтоқсан оқиғасы орын алды. Осы жағдай Қазақстаннан барған жастарға кері әсерін тигізді. Офицерлер қазақ жігіттерінен елде болып жатқан жағдайды түсіндіруді талап етіп, бірнеше күн бойына қаруымызды бермей, әлекке салды. Сол күндерден бастап әскери бөлімшеде борышын атқарып жүрген қазақ жастарын шеттетушілік белең алды, – деп еске алады Оразбай Боранғалиұлы бізбен әңгімесінде.
Толығырақ газетіміздің 14 ақпандағы №7 санынан оқи аласыздар
Баян СҮЙЕУОВА