Жүректерге нұр сепкен

Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін айтулы мерекелердің бірі – Алғыс айту күні.

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1 наурызды – Алғыс айту күні деп жариялап: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын. Қиын-қыстау заманда тағдыр тауқыметімен елімізге қаншама этнос өкілдері қоныс аударып, жерімізді паналады. Солардың қатарында қонақжай қазақ халқымен бір шаңырақ астында ауызбіршілікте өмір сүріп, қиын кезеңдерді бірге еңсерген, бүгінде махамбеттік атанған өзге ұлт өкілдерінің қатары аз емес.

Болашақ жарымды жолықтырдым

Тарихқа көз жүгіртсек, бір кездері Т.Рысқұлов, М.Әуезов сияқты қазақ зиялылары Ташкент қаласында оқып, білім алып, бауырлас өзбек халқы- мен етене араласып, достықтың дәнін сепкені белгілі. Содан бері арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, қиын кезеңдерде шыңдалған достығымыз одан әрі нығая түсуде. Менің өзбек бауырларым Қазақстанды өз үйіндей көреді. Өйткені, қазақтай досқа адал, жаны жомарт адаммен бірге өмір кешу кім-кімнің де арманы десем, артық айтқандық емес. Енді өз жайыма келер болсам, мен Өзбекстан Республикасы Қоңырат қаласында дүниеге келдім. Бірнеше жылды артқа тастап, тағдырдың жазуымен 1972 жылы Атырау қаласының / бұрынғы Гурьев қаласы/ тумасы, болашақ жарым Иманғалиева Кларамен отбасын құрдым. 1985 жылы Махамбет ауданы, Чкалов ауылына / қазіргі Бейбарыс ауылы/ көшіп келіп қоныстандық. Осы ауылдағы «Первомайский» совхозында жолдасым кассир, егінші болып еңбек етсе, өзім механизатор болып жұмыс жасадым. Бірнеше жылдан бері жұбайыммен жұбымыз жазылмай, бақытты ғұмыр кешіп келеміз. Отбасында 6 бала тәрбиелеп өсірдік.

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін құшағына алды, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді де құрметтейді. Себебі, бір отанды мекен еткен біздердің түп тарихымыз да тамырлас, болашаққа деген арман-мақсаттарымыз да бір арнаға тоғысқан. Біз баршамыз бейбіт елде берекелі күн кешудеміз. Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды, ақкөңілділігімен және қонақжайлық қасиетімен таң қалдырды.Мұның өзі олардың сүйегіне сіңіп кеткен асыл қасиет.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күні – өткенімізге көз тастап, еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасын одан сайын жақындастырып, сан ғасырлар бойы қалыптасқан достығымызды бекемдей түсуге мүмкіндік береді. Қазақ табиғатынан жатсынуды, бөлектеуді білмейді. Сондықтан да Алғыс айту күнінде өзге ұлт өкілдері атынан баршаның баласын өзінің ет жақын бауырындай қамқорлаған қазақ еліне, оның көреген басшысы Н.Назарбаевқа, барша отандастарыма шексіз алғысымды білдіремін.

Рустем ГУЛЯМОВ,

Бейбарыс ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT