МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КЕЙБІР ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІНЕ МӘДЕНИЕТ, БІЛІМ БЕРУ, ОТБАСЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ. ҚҰЖАТТА БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ТЕТІКТЕРІН КҮШЕЙТУГЕ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРТТЫРУҒА ЖӘНЕ САЛАЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІ ЖЕТІЛДІРУГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН. АТАП АЙТҚАНДА ЖЕТІМ ЖӘНЕ АТА-АНА ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ, БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫН САРАЛАУ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ТАЛАПТАРДЫ НАҚТЫЛАУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР.
БАЛАНЫ ҚОРҒАУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТЕТІГІ КҮШЕЙДІ.
Аталған Заң арқылы жер, бюджет, кәсіпкерлік, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстерге, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Мәдениет туралы», «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді.
Түзетулердің бірінші блогы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаудың құқықтық тетіктерін күшейтеді. Баланы асырап алу және кәмелетке толмағандарға қамқоршылықты немесе қорғаншылықты тағайындау барысында баланың туыстарына, ал олар болмаған жағдайда некеде тұрған адамдарға басым құқық беріледі.
Түзетулердің екінші блогына сәйкес, балалардың тамақтануына, тұрғын үйіне, медициналық көмегіне, білім алуына, тәрбиесіне және оларды сауықтыруға мемлекет бюджеті есебінен қаржы бөлінетін субъектілерге (объектілерге) қатысты мемлекеттің санитариялық- эпидемиологиялық бақылау мен қадағалау тәртібі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңның аясында реттелетін салаға жатқызылады. Сәйкесінше тиісті нормалар Кәсіпкерлік кодекстен алынып тасталады.
Түзетулердің үшінші блогы білім беру саласындағы кейбір түйткілді мәселелерді шешеді. Бұдан былай техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары Оқу-ағарту министрлігі бекітетін, осындай ұйымдар қызметінің жетістіктерін рейтингтік көрсеткіштерге сай бағалау әдістемесіне және оларды саралау қағидаларына сүйене отырып сараланады. Ал жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының саралануы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін бағалау әдістемесі мен қағидаларына негізделеді.
ФОНОГРАММАҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев қол қойған заңға енгізілген түзетулердің төртінші блогы мәдениет саласындағы бірқатар түйткілді мәселелерді қамтиды. Соның ішінде концерттерде фонограмма пайдалануға тыйым салу нормасы қоғамда кең талқылауға түсті. Аталған талап телевизиялық жазбаларға, сондай-ақ концерт өткізуге арнайы бейімделмеген орындарға қолданылмайды.
Бұл жаңашылдыққа өнер өкілдерінің көзқарасы әртүрлі. Махамбет ауданының әншісі, эстрада орындаушысы Айбек Ғасырбеков жанды дауысты өнер қайта жаңғыратынын айтады.
– Бұл шешімді толық қолдаймын. Өнер шынайылықты талап етеді. Көрермен концертке жанды дауыс есту үшін келеді. Фонограммаға тыйым салу арқылы сахна мәдениеті, вокалдық дайындық және орындаушылық шеберлік жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Бұл кәсіби әншілер үшін үлкен мүмкіндік. Нағыз тірі дауысты әншілер алдыңғы қатарға шығады, – дейді ол.
Ал түрлі телевизиялық жобаларда жұмыс істеп жүрген жерлесіміз, кастинг директоры Аслан Нұрланұлы аталған өзгеріске сақтықпен қарау керегін жеткізді.
– Фонограммаға түбегейлі тыйым салу кейбір жағдайларда қиындық тудыруы мүмкін. Ашық алаңдарда, техникалық жабдықталуы әлсіз өңірлерде немесе үлкен гастрольдік сапарларда сапалы дыбыс қамтамасыз ету әрдайым мүмкін емес. Сондықтан әр концерттің форматын, мүмкіндігін ескерген жөн. Бұл талап кейбір жас орындаушыларға ауыр соғуы мүмкін,- дейді А.Нұрланұлы.
Мамандардың айтуынша, жаңа норма сахна мәдениетін реттеуге бағытталғанымен, оны іске асыру барысында техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді ескеру маңызды. Алдағы уақытта бұл талаптың нақты орындалу тетіктері мен бақылау механизмдері қосымша айқындалады деп күтілуде. Сондай-ақ авторлық құқық объектісі саналатын шығармаларды масс-медиада немесе онлайн-платформаларда жария түрде пайдаланған кез келген жағдайда авторды (авторларды) көрсету міндетті. Кітапхана қорын байыту және сақтау шараларын қабылдау бұдан былай жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.
КӨЛІК САЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР
2025 жылдың 18 шілдесінде жаңа Салық кодексіне қол қойылды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан ба¬стап мүлікке салық салу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізіледі. Сол өзгерістердің ішінде көлік салығына қатысты жаңашылдықтар бар.
Махамбет ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс және бақылау бөлімінің бас маманы Руслан Еспусиновтың сөзінше, пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автомобильдер бойынша көлік салығын есептеу тәртібі өзгертіліп, оларға түзету коэффициенті – 0,7, ал 20 жылдан асатындарына 0,5 мөлшерінде қолданылады.
– Шаруа қожалықтары бір пикап көлігіне қатысты көлік салығын төлеуден босатылады. Бұған дейін көліктерді түріне қарай (пикап, джип, лимузин, фургон) бөлу нормасы қолданылған болса, енді көлік құралы жүргізу куәлігі санатына (A, B, C, D) қарай айқындалады. 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін Қазақстанда өндірілген немесе ел аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден асатын жеңіл автомобильдерге арналған салық мөлшерлемелері алынып тасталды,- дейді Р.Еспусинов.
Сонымен бірге заңды тұлғалар үшін көлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін тапсыру міндеті жойылды. Енді салық төлеуші тек жыл қорытындысы бойынша декларация тапсырып, салықты төлейді.
ЖАҢА ЖЫЛДАН БАСТАП АЙЫППҰЛДАР ӨСЕДІ
Парламентте бекітілген 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте негізгі есептік көрсеткіштер белгіленді. Соның ішінде айлық есептік көрсеткіш те бар. Айлық есептік көрсеткіш – мемлекет бекіткен тұрақты сома. Ол айыппұлдарды, жәрдемақыларды, салықтарды, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді есептеу үшін қолданылады. Бұл жүйе әр төлемді қайта-қайта есептемей, бір көрсеткішке байлап қоюға мүмкіндік береді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болады. Қазір ол 3 932 теңге. Демек, көрсеткіш 393 теңгеге өседі. Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты айыппұлдар да өзгереді. Жаңа мөлшерге сәйкес, жылдамдықты белгіленген нормадан 10-20 шақырымға асырған жүргізушіге 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады. Ал 20-40 шақырымға асырса – 10 АЕК (43 250 теңге), 40 шақырымнан артық асырған жағдайда – 20 АЕК (86 500 теңге) төлеуге міндетті. Егер бұл құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке, яғни 129 750 теңгеге дейін өседі.
Жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару – 5 АЕК (21 625 теңге). Жол белгілері мен жол сызықтарын сақтамау – 3 АЕК (12 975 теңге). Қызыл шамға өту – 10 АЕК (43 250 теңге), ал қайталанған жағдайда 15 АЕК (64 875 теңге) қарастырылған. Жаяу жүргінші жолымен көлік жүргізу 15 АЕК (64 875 теңге) айыппұлға әкеледі. Дұрыс емес тұрақ – 5 АЕК (21 625 теңге), ал тротуарға көлік қою – 10 АЕК (43 250 теңге). Тұрақ ақысын төлемеу – 3 АЕК (12 975 теңге).
Полицейдің тоқтау талабын орындамау ең ауыр құқық бұзушылықтардың бірі саналады. Бұл үшін 40 АЕК (173 000 теңге) айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда жүргізуші куәлігінен айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау көзделген. Ал бұрыннан жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғаларға 60 АЕК (259 500 теңге) айыппұл белгіленеді. Сондай-ақ жолаушылар тасымалдау ережесін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе көлік тізгінінде ұялы телефон қолдану 5 АЕК (21 625 теңге) айыппұлға әкеп соғады.
Жаяу жүргіншілер жол ережесін бұзған жағдайда 2 АЕК (8 650 теңге) төлейді. Егер құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл 10 АЕК-ке (43 250 теңге) дейін өседі. Қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйде жүру үшін 5 АЕК (21 625 теңге) айыппұл салынса, ауыр жағдайларда 10 АЕК-ке (43 250 теңге) дейін жетуі мүмкін. Ал қоғамдық орындарды, саябақтар мен алаңдарды ластау 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұлмен шектелмейді, қайталанса 20 АЕК (86 500 теңге) қарастырылған.
Айлық есептік көрсеткіш тек айыппұлдарды ғана емес, кейбір әлеуметтік жәрдемақыларды есептеуде де қолданылады. Атап айтқанда бала күтімі бойынша жәрдемақы, мүмкіндігі шектеулі балаға арналған жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға төленетін төлемдер, мүгедектік жәрдемақы, көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар АЕК-ке тікелей байланысты. Мамандардың айтуынша, 2026 жылы бұл төлемдердің кейбірі индекстелуі мүмкін, алайда нақты мөлшері тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылданғаннан кейін белгілі болады.
Жалпы алғанда заңға енгізілген түзетулер қоғамдағы өзекті мәселелерге жауап беруді және әлеуметтік салалардың жұмысын жүйелеуді мақсат етеді. Бұл өзгерістер бала мүддесін қорғауды күшейтіп, білім мен мәдениет салаларындағы тәртіп пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта аталған нормалардың іс жүзінде қалай орындалатыны мен оның нәтижесі қоғам назарында болмақ.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ


