Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген ең маңызды бағыттардың бірі – «Заң және Тәртіп» ұғымының мәнін айқындау болды. Президенттің «Заң және Тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры» деген сөзі қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықтың, ел дамуының басты негізін көрсетеді.
Шын мәнінде, заң үстемдігі сақталған жерде ғана мемлекеттің іргесі берік болады. Тәртіп орнаған елде азаматтардың құқығы қорғалып, әділдік салтанат құрады. Президенттің бұл бастамасы еліміздің барлық саласында заңдылық пен жауапкершілік қағидатын күшейтуге бағытталған. Әсіресе, құқық қорғау органдарының ашықтығы мен тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайту – қазіргі таңда аса өзекті міндеттердің бірі.
Аудан деңгейінде де осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, жастарды заңға бағыну рухында тәрбиелеу – күн тәртібінен түспейтін маңызды іс. Себебі әрбір азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өз міндетіне де жауапкершілікпен қарағанда ғана елде әділеттілік орнайды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің өркендеуі цифрлық технология мен жасанды интеллекттің дамуына ғана емес, сонымен қатар заң мен тәртіптің қатаң сақталуына да байланысты. Бұл бағытта мемлекет пен қоғамның күш біріктіруі – ортақ жауапкершілік.
Біздің басты мақсатымыз – әділдік пен заң үстемдігіне негізделген қоғам қалыптастыру. Осындай ортада ғана ел бірлігі нығайып, мемлекетіміздің мызғымас тұғыры – бейбітшілік пен тұрақтылық сақталады.
Д.СӘДУАҚАС

