«Өнерпаз» мәдениет үйінде Алға мәдениет үйі жанындағы «Әлқисса» домбыра үйірмесінің «Өнерді өрге тартқандар» атты бес жылдық есеп беру концерті өткен еді. «Әлқисса» домбыра үйірмесі есеп беру концертін А.Райымбековтің «Секіртпе» күйімен ашып, маңайды күмбірлеген күйге бөледі.
Мерейтойлық кеште аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Жайлыбайұлы құттықтау сөз алып, үйірме жетекшісі Алмагүл Ермекова Алға ауылынан «Әлқисса» домбыра үйірмесін 2000 жылы ашып, басында ол тек қана 20 баламен ғана жұмыс жасағанын, бүгінде домбырашылар саны 90-ға өскенін, өнерлі балалар республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындармен оралғанын еске салып, толайым табыстар тіледі.
Слайдтан домбыра үйірмесі, оның жетекшісі Алмагүл Сұлтанқызы туралы, жеткен жетістіктері туралы бейнебаян көрсетілді. Онда Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваториясының ұстазы К.Сахарбаева шәкірті Алмагүл туралы жылы лебізін білдірді.
Домбырашылар Ж.Еңсеповтің «Шашу» күйін күмбірлетсе, домбырашылармен қоса Өміржан Әлішер сазсырнайда А.Жұбановтың «Қарлығаш» күйін орындап шықты. Одан әрі жас домбырашылар орындауында А.Жайымовтың «Би күйін» тыңдадық.
«Шабыт» тобы Р.Ахметжанұлының «Салкүрең» күйімен танылса, Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйін Орынбасар Аңсаған әп-әсем орындауымен есте қалды.
Алға ауылының әншілері Саяжан Құлахметова мен Әсемгүл Кужиева «Жүрші, сәлем, ауылға!»(А.Асылбеков) әнімен жиналғандарды баурап алды.
«Балауса» тобы «Ерке сылқымды» бебеулетсе, Алтынай Тынышбекқызы «Көкала ат» күйін шертті. Е.Үсеновтің «Кербез сұлу» күйін домбырашылармен қоса жетігенде тыңдадық. Ал «Әлқисса» домбырашылары А.Жайымовтың «Шалқыма» күйін күмбірлете орындап жатты.
Құрманғазының «Ақсақ киік» күйін Үміт Егінбай керемет орындаса, Қазанқаптың «Торы жорғаның бөгелек қағуы» күйін Алмат Өтеу күмбірлетті дерсің. Халық әні «Бос мойынды» Қайрат Жұмашев тамылжыта шырқады.
Аруна Нысанбай Махамбеттің «Жұмыр қылышын» орындаса, «Ақжелең» тобы Қ.Балтабайұлының «Кербез керік», «Ер Тұран» күйлерімен есте қалды.
«Әлқисса» домбырашылары күй тартыс, « Домбыра» күйімен кештің шымылдығын жапты. Зал ішін күй кернеп кетті.
«Әлқисса» домбыра үйірмесі жетекшісі Алмагүл Ермекова кешті қорытындылап, тамаша кешке куә болып, төл өнерді бағалағандары үшін жұртшылыққа, Алға ауылдық округіне, мәдениет бөліміне, «Өнерпаз» мәдениет үйіне, барша әріптестеріне, өнер сүйер қауымға өз ризашылығын білдірді.
Махамбет ауылының тұрғыны Сағида Шалтанова өнерлері өрге жүзіп, самғай беріңдер!-деген ізгі тілегін арнады. Жалғансай, Алға ауылының ата-аналары, Алмагүлдің апасы да ақжарма тілектерін білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды. Соңында бәрі естелікке суретке түсті.
А.Қуанышқалиева