1 мамыр - Қазақстан халқы достығы күні кең көлемде атап өтіліп, орталық алаңда «Бірлік-береке, ынтымақ - ырыс мекені»атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
«Бір шаңырақ астында» атты барлық ұлт-ұлыстар бірігіп, қазақ биін дөңгелене биледі. Бимен қатар кезінде Қазақстан жеріне күшпен қоныс аударған түрлі ұлттардың азып-тозған күйде түйіншектерін, шабандарын көтеріп, елімізге қоныс аудару көрінісі де көпшілік көңілінен шықты. Сонау 1995 жылы 1 наурызда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл толып отыр. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен бірліктің, береке мен ырыстың, татулық-тұрақтылықтың тұғырына айналып, күллі әлемге өзінің өміршеңдегін дәлелдеді. Тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері жұмылып, бірліктің үлгісін қалыптастырды. Жүзден аса этносты асты бауырына басқан Қазақстан бейбітшіліктің бесігін тербетті.
Шараны ашқан Махамбет ауданы әкімі Қайрат Нұрлыбаев жұртшылықты бүгінгі айтулы мерекемен құттықтады. Ол көпұлтты елімізде, ауданымызда тұратын этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен достықтың символы болып табылатын бұл мереке бәріміз үшін қымбат екенін, бейбітшілік пен достық тарих қойнауына жетелейтінін, бүгінде махамбеттіктер өзара түсіністік, ортақ мүдде жолында ынтымақтастықты берік ұстап, егемендікті асқақтатуға атсалысып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар қоғамдағы тұрақтылық пен келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізін құрайтын басты байлығымыз болып қала беретінін меңзеп, мереке әр шаңыраққа шарапатты шаттық сыйласын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген ақ тілегін жолдады.
Аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мажиев мерекелік шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдері Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Төлеш Мырзахметовті, мәдениет саласының ардагері Амангелді Есенғалиевты, білім беру саласының ардагері Алмажай Мастекованы, жеке кәсіпкер Қоныс Ермановты «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, көгілдір лента тағып, ұрпақтары гүл шоқтарын ұсынды. Өзге ұлт өкілдерінің өз тілінде өлең жолдарын жолдағаны да көкейге қонымды болды. Нұрболат Баяхметтің «Елге арнау» әні де тыңдарман қауымға жылылық сыйлады.
Сарайшық ауылының тұрғындары белорус ұлтының өкілі Борис Маслов пен азербайжан ұлтының әкілі Гүлбике Иманова, татар ұлтының өкілі Ғарибжан Амировтер сахнаға шығып, барша махамбеттіктерді мерекемен құттықтап, толайым табыстар тіледі. Сарайшық ауылының тұрғындары Борис Маслов пен Гүлбике Имановалар сонау қуғын-сүргін заманда Қазақ жеріне табан тірегендерін, сол кезде жатсынбай, бауырына тартқан қазақ халқына шынайы ризашылығын білдірді.
Украин халқының ұлттық киімінде шыққан Ақкенже Құлымова украин халық әні «Пидмануланы» нақышына келтіре орындаса, қырғыздың халық әні «Сағынам» әнін айыр қалпақты Арман Дүйсенғұлов шырқағанда қол соқпаған жан қалмады. Ал Гүлсая Меңдігереева өзбек халқының «Қызыл алма» әнімен көзге түсті. Али Төлеуов татар халқының «Эпипэ» әнін орындауымен есте қалды. Биші қыздар «Орыс» биін мың бұрала билеп жатты. Дана Ғасырбек «Ақ тілек» әнін шырқап, жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Кезек енді бір сәт көршілес Исатай ауданынан келген өнерпаздарға жолданды. Олар домбырамен халық әндерінен бес ән орындауға көшті.
Сазды бағдарлама трио Али Төлеуов, Дана Ғасырбек, Гүлсая Меңдігерееваның орындауында «Туған ел» әнімен шымылдығын жапты.
А.Қуанышқалиева