Қазіргі таңда балалар қатыгездігі – қоғам үшін аса алаңдатарлық жайтқа айналды. Бұрын сирек кездесетін мұндай жағдайлар қазір мектептерде, көшеде, тіпті әлеуметтік желілерде де жиі байқалып отыр. Бұл құбылыстың себептері қандай? Оның алдын алу үшін не істеуміз керек? Осы тақырыпқа орай Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің психологы Қорлан Ерғалиевамен сұхбаттасқан едік.
- Қорлан Нұрымқызы, бала неліктен қатігез болып өседі деп ойласыз?
- Бүгінде қоғамда аландаушылық туғызған мәселердің бірі - балалар арасындағы қатігездік. Соңғы уақытта жасөспірімдер жасаған қорқынышты оқиғалар жиілеп кетті. Қоғамда буллинг ұғымы кеңінен таралған. Мамандардың айтуы бойынша еліміздегі әр бесінші оқушы буллингтің құрбаны болады. Бұл психологиялық күйзелістер соңы суицидке әкелуі мүмкін. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, буллингке ұшыраған балалардың басым бөлігі өзін төмен санап, болашақта түрлі мәселерлерге тап болады. Мұндай балалар кейін өздері де зорлық- зомбылық көрсетуге бейім болады. Баланың қатігездігі - жан айқайы. Бәлкім үйінде жылулық көрмеді. Қоғамда өз орнын таба алмаған бала өзгені қорқытып, өзін күштімін деп дәлелдеуге тырысады. Бұл қоғамдағы үлкен трагедия. Бұл сұрақтарға жауап іздесек, қоғамдағы өзгерістердің әсерін де ескеру қажет.
- Ата-ана бұл жағдайда не істеу керек?
- Қатігездік танытқан баланың отбасына зер салу қажет. Бала туылғаннан бастап ата- анасынан махаббат, жылулық, қамқорлық көрсе, болашақта мейірімді болып өседі. Ал егер ата-ананың өзара қарым-қатынасы дұрыс болмаса, жиі ұрыс- керіске жол берілсе, балада осыны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Ол өз сезімін сыртқа шығара алмай, агрессиясын айналаға төгеді. Балаға «қатігез болма» деп айту жеткіліксіз. Баланы сенім артуға үйрету қажет. Егер бала қиналған кезде көмек сұрай алмаса, ол ішіне бүгіп, өзін түсінетін басқа орта іздейді. Ол орта әрдайым қауіпсіз бола бермейді. Сондықтан ата- аналар баланың жанына жақын болуға, махаббат пен мейірім беруге тырысу керек. Қатігездік баланың қорғаныш реакциясы болуы мүмкін. Егер ол қамқорлықпен қорғаныш жетіспеген ортада өссе, агрессияны өзін қорғау құралы ретінде қабылдайды. Сондықтан балаларға қолдау көрсетіп олардың жан дүниесіне үңілу ата- ана мен қоғамның басты міндеті.
- Осы тұрғыда психолог ретінде ата- аналарға қандай кеңес айта аласыз?
- Балаларға проблемаларды сындарлы түрде, агрессивтіліксіз шешуге үйретіңіз, олар сәтті болған кезде оларды мадақтаңыз. Оларды жақсы ұстаған кезде мақтаңыз, бұл оларға өзін бағалауды арттыруға көмектеседі. Балаларға өз көзқарастарын қорғау үшін өзіне деген сенімділік қажет. Балалардан күндерінің қалай өткенін сұраңыз. Сыныптастарымен проблемалары туралы не айтқанын мұқият тыңдаңыз. Қорқытуды байыпты қабылдаңыз, балалардың көпшілігі ренжігенін айтуға ұялады. Баланы мұқтаж адамдарға көмектесуге шақырыңыз. «Мен саған сенемін» бұл балаға кез келген жағдайда өзін жалғыз емес екенін ұқтырады. «Бұл сенің кінәң емес» осы арқылы балаға мұндай мәселеге тап болып тұрған өзі ғана емес екенін түсіндіру маңызды. Балаңыз кез келген жағдайда көмек сұрауға дайын болатындай әрқашан сенімді қарым-қатынас орнатыңыз.
- Сіздің тәжірибеңізде мұндай оқиға жиі кездесе ме?
- Жиі емес, арасында болып тұрады. Жетінші, сегізінші сыныпта оқитын оқушы агрессивті, қатігез бала болды. Он бірінші сыныпқа келгеннен кейін жақсы оқитын, белсенді оқушының қасына отырып, дос болады. Қазіргі уақытта осы оқушы 180 градусқа өзгеріп, мектеп парламентінің құрамында, үнемі мектептегі қоғамдық шараларға белсенді қатысады. Баланы жүрген ортасы тәрбиелеп, өзгертеді.
- Мектеп психологы ретінде қандай шаралар қолданасыз?
- Мектеп басшылығы және оқушының заңды өкілінің қатысуымен балалармен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Осы орайда Қазақстан Республикасы Оқу- ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы «Баланы жәбірлеудің профиластикасы қағидаларын бекіту туралы» №506 бұйрығын басшылыққа ала отырып, мектеп оқушыларымен ақпараттық- психологиялық түсіндірме тренингтары өткізіледі. Әр дүйсенбі сайын бірінші сабақ сынып жетекшісінің 45 минуттық сынып сағаты әртүрлі тақырыпта өтеді. Сынып жетекшілер ашық тәрбие сағаттарын, педогог-психолог, қатігездік бойынша мектепшілік ата-аналар жиналысы, жоспар бойынша сауалнамалар өтеді. Оқушылар мен ата- аналар рұқсатымен психолог сұхбат жүргізеді.
Бала- біздің болашағымыз. Қазақта «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген мәтел бар. Балаларымыз саналы,ел үмітін ақтайтын тұлға болып өсуі өз қолымызда.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет. Жұмысыңызға сәттілік.
Сұхбаттасқан
Шырын Төлегенова,
Атырау университетінің 4 курс студенті