Вирусты гепатиттер – дүние жүзі бойынша кең таралған қауіпті, жұқпалы ауру. Бүгінгі таңда вирусты гепатиттің бірнеше түрі белгілі. Олар А,В,С,D (дельта), Е, G, TTV, SEN. Олар ағзаға түскенде бауырды зақымдайды. Сонымен қоса бауырдың функциясын реттеп тұратын барлық зат алмасу процесін бұзады. Улы заттарды залалсыздандыру қабілетін жоғалтып, дәрумендік теңгерімі бұзылады.
Вирусты гепатиттерді жұқтыру көздері – ауру адам немесе жұқпаны таратушы. Ең көп қаупі жеңіл немесе ауруы жасырын формаларымен, сары аурусыз жүретін науқастарда. А және Е вирусты гепатиттер ішек жұқпалары сияқты – жуылмаған жеміс-жидектер немесе кір сумен, жуылмаған қолдан жұғады да, олар созылмалы түріне өршімейді. А және Е вирусты гепатит науқастың ағзасынан дәреті арқылы анықталады. Бұл вирустар кіршең адамның қолынан, басқа да тұрмыстағы заттарда, тағамдарда қалып, басқа адамға жұғады. Бұл гепатит түрі көп жағдайда балалар, жасөспірімдер мен 30 жасқа дейінгі адамдарда жиі кездеседі.
В,С,D, және G, TTV вирустары ішек жолдары арқылы анықталмайды да, ауру кезінде қанға түседі. Гепатитпен ауыратындарда вирус өмір бойы ағзада қалады. Оларға созылмалы түрі тән. Сол себептен В гепатитін жұқтыру көзі тек өткір формасын жұқтырған аурулар ғана емес, осы аурумен ауырғандар, сонымен қатар дені сау вирус тасымалдаушылар да жұқтыруы әбден мүмкін. В гепатитін екінші рет қолданылып отырған инемен (көп жағдайда нашақорлар), ауру адаммен жыныстық қатынасқа түскенде, науқастың немесе вирус тасымалдаушының жеке заттарымен (қайшы, ұстара және т.б.) қолданған кезде, анасы ауырса баласына жұғады. Гепатитпен ауру алдында 1-2 жұма сары ауру алдындағы кезеңінен басталады. Оның белгілері әртүрлі. Тамаққа зауқы болмай, жүрегі айнып, тәбет төмендейді, тері бөртеді. Буыны сырқырап, ыстығы көтеріліп, жөтел пайда болып, мұрнынан су ағады. Несеп қарайып (қою қара шайдың түсіндей), ал нәжіс түссізденеді. Келесі кезең – сары ауру кезеңі (2-4 апта созылады). Тері жамылғысы сарғаяды. Сарғаю процесі болмауы да мүмкін. Мұны «вирусты гепатиттің сарғаюсыз формасы» дейді. Ауру басында жеңіл болғанымен, кейін ауыр түріне ауысып, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сонымен қоса науқас қоршаған ортаға қауіпті. Аурудың белгілері пайда болғаннан соң тез арада дәрігерге қаралу керек.
А гепатитінің алдын алу үшін:
– әжетханаға барғаннан кейін, тамақтың алдында қолыңызды дұрыстап жуыңыз;
– ашық су қоймасынан (өзен, көл, тоғаннан) алынған қайнамаған су ішпеңіз;
– ашық су қоймасында жеміс- жидектерді жумаңыз;
– су қоймасын ластамаңыз;
– көше, аула, пәтерлерді ластамау;
– қоқыс тастайтын жәшіктер, ауладағы қоқыс тастайтын жерлердің уақытылы таза болуын қадағалау;
– А вирустық гепатитіне қарсы вакцина алу қажет, екпе 94-98%-ға дейін ауруға төтеп бере алады.
В гепатитінен сақтанудың жолы:
– ауру адаммен жыныстық қатынасқа түспеңіз және есірткі заттар қолданбаңыз;
– бөтен адамның маникюрге арналған қайшысын, ұстара, тарақ, тіс щеткасын қолданбаңыз.
Есіңізде болсын, бір реттік шприцтар гепатиттің жұқпауына кепілдік береді. Донорлардан алынатын барлық қан ең алдымен В гепатитіне тексеріледі. Қазіргі таңда В гепатитінен қорғану жолдары пайда болды – бұл спецификалық түрде екпе арқылы гепатиттің алдын алуы. Екпені HBsAg таратушы анадан жаңа туған балаға, сонымен қатар ауруды жұқтырып алу қаупі жоғары топтағы адамдарға (медициналық қызметкерлерге, созылмалы қан тазарту бөлімшесіндегі науқастарға, донорлық қан алушылар, нашақорлар және т.б.) егеді. Гепатитке қарсы 3 реттік егілген екпе алушыларда жаңа антидененің пайда болуын тоқтатып, аурудан қорғайды. С гепатитін жұқтырған науқастарға А және В гепатиттеріне қарсы егілу қажет, себебі, бұл аурудың ары қарай өршуін тоқтатады.
О.ЗИРЕК,
аудандық санитариялық- эпидемиологиялық станциясының басшысы