Вирусты гепатит – жұқпалы дерт

«А» вирусты гепатит – вирусты ішек инфекцияларының ішіндегі дүние жүзіне ең көп таралған жұқпалы аурулардың түрі. Халық арасында «Сары ауру» атауымен белгілі аурудың қоздырғышы ауыз қуысы арқылы адам ағзасына еніп, ең алдымен бауырды зақымдайды.

А гепатитінің қоздырғышы – ба­уыр жасушаларында көбейетін ви­рус. Науқастардың 60%-дан астамы 3-7 жастағы балалар. Аурушаңдық жылдың барлық мезгілінде тіркеледі. Дегенмен оның жиі тіркелуі жылдың жазғы-күзгі мезгілдерінде байқалады.

«А» вирусты гепатитпен тек адам ауыратындықтан, аурудың жұғу көзі – науқас адам. Жұқпаның берілу жол­дарында су, тағам, тұрмыстық жанасу жолдары үлкен орын алады. Сонымен қатар ауру қоздырғышын таратуда шыбынның рөлі зор.

Ауру қоздырғышы – вирус, қоршаған ортаға өте төзімді, -20 0 С-та бірнеше жыл, 18-220С-та бірнеше апта, нәжісте 1 ай, суда 3-10 айға дейін сақталып, 1000 С температурада қайнатқанда 4 минут ішінде, ультракүлгін сәулемен шарпығанда 1 минутта, ал құрамында хлоры бар препараттың әсерінен 15 минуттан кейін өледі.

Қоздырғыш адам ағзасына түскеннен кейін жасырын кезеңде (сарғаюдың алды) орташа есеппен 14-35 күн ара­сында ауру белгілері пайда болады. Кей жағдайда тұмауға ұқсас өтуі де мүмкін, яғни дене қызуы 38-3900С-қа көтеріліп, әлсіздік, енжарлық, ұйқысыздық, бас айналу, бұлшық еттердің ауруы сезіледі. Кейін аурудың клиникалық белгілері дамып, асқазан ішек қызметі бұзылады: тәбет төмендеп, лоқсу, кей­де құсу, ауыздағы ащылық, кекіру, іш қату немесе іш өту белгілері пайда бо­лып, оң жақ қабырға асты сыздап ау­ырады және бауыр көлемі үлкейеді, кіші дәрет түсі қоңырланып, нәжіс түссізденеді, тері қабаттары, көздің ақ қабығы сарғаяды. Науқас сарғайғанға дейінгі кезеңдерде айналасына қауіпті. Өйткені ол «А» вирусты гепатитпен ауырғанын білмей, денсаулығына жеңіл-желпі қарап, аурудың алғашқы белгілерінде емделмей, сыртқы ортаға көп мөлшерде вирус бөліп, өзімен қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырады.

«А» вирусты гепатитінің алдын алу мақсатында Махамбет аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы төмендегілерді ұсынады:

– көшеден үйге оралғаннан кейін, тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз;

– кездейсоқ су көздерінен және «краннан» су ішпеңіз, тек қайнатылған су ішіңіз;

– қолданар алдында көкөністерді, жемістерді, жидектерді мұқият жуыңыз;

– кездейсоқ адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан азық-түлік сатып алмаңыз;

– үйде ыстық және суық тағамдарды дайындау кезінде гигиена ережелерін сақтаңыз, азық-түліктің, әсіресе тез бұзылатын тағамдардың жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын сақтаңыз, шикі өнімдер мен дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз;

– шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке пышақтар мен кесу тақталарын пайдаланыңыз;

– тағамдарды мұқият қуырыңыз не­месе пісіріңіз;

– «А» вирусты гепатиттің ерек­ше профилактикасы – вакцина­циялау болып табылады. Алдын ала егу шарасының күнтізбесіне сәйкес балалардың 2 жасынан бастап «А» вирусты гепатитке қарсы егу шарасы жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде республика бойынша аурушаңдықтың тіркелу деңгейі төмендеп отыр. Сондықтан ата-аналар, балаларыңызды «А» вирусты гепатитке қарсы уақытылы ектіру аурудың алдын алу шараларының негізгі жолдарының бірі саналатындығын тағы да естеріңізге са­ламыз.

О.ЗИРЕК,

аудандық санитарлық- эпидемиологиялық станцияның басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT