Аудан орталығында бағдаршам орнату мәселесі алдағы жылдары өз шешімін таппақ.
Махамбет аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар «Атырау-Жарық» АҚ мекемесі қызметкерлерімен кездесті. Үміткерлер Руслан Әженов пен Серік Қойшығұлов аталған мекеме жұмысшыларына партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесу барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасында ауданды дамытудың 7 басым бағыты анықталғанын, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды басты мақсат етіп қойылғандығын жеткізді.
Аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Р.Болатұлы партияның «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» сынды жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қатысты жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға қолдау көрсететіндігін атап өтті. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру және көшелерді жарықтандыру жұмыстары іске асыру көзделген. Ақтоғай, Жалғансай, Алға, Талдыкөл, Есмахан ауылдарында жалпы ұзындығы 4 шақырым көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге «Nur Otan» партиясы алдағы бесжылдықта ықпалдасатын болады. Сонымен қатар аудан орталығында бағдаршам орнату мәселесі алдағы жылдары өз шешімін таппақ. Бұл тұрғыда, әрине, «Атырау-Жарық» мекемесінің қызметкерлеріне де артылар жүк ауыр.
- Сіздердің халық үшін жасап жатқан еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Тәуелсіздік күні қарсаңында сіздермен жолығып, партияның ауданды дамытуға қатысты бағдарламасымен таныстыруға мүмкіндік алып отырмыз. Соңғы жылдары ауданда тұрғын үй, жол құрылысы қарқын алып, халықтың әл-ауқаты артып келеді. Жалпы тұрғындардың тұрмыс сапасын жан-жақты арттыру, олардың таза су, сапалы жол мен коммуналдық қызметтерге қол жеткізуіне «Nur Otan» партиясы ықпалдасатын болады. Сайлауда әрбір дауыс маңызды, сол себепті алдағы сайлауға ұжым болып бірлесе қатысып, «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырамын,-деді Р.Болатұлы.
Жиынға қатысушылар тарапынан бағдарламаның орындалысына, тұрғын үй, жол құрылысына қатысты сұрақтар қойылып, үміткерлер тарапынан тұшымды жауаптар берілді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Махамбет ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді