Үлкенді сыйлау – ұлылық

Қазақ халқы қай уақытта болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген.

Қазақ халқы қай уақытта болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген.

Ата-бабаларымыздың жас ұрпақтың бойына сіңіруге тырысқан ең бірінші тәрбиесі – үлкенді сыйлау, құрмет көрсету. Осы ұстанымды берік ұстанған, бір кездері өзім еңбек еткен «Жауқазын» балабақшасының ұжымы мерекемен құттықтай келгенде қатты риза болдым.

«Жауқазын» балабақшасының іргетасы алғаш рет 1969 жылы 14 тамызда Махамбет аудандық кеңесінің атқару комитетінің №188 қаулысымен №3 балабақша болып қаланды. Бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан мекеменің алғашқы меңгерушісі өзім болған едім. Максина Александра, Злиха Қарженова, Мафтуха Гаммаева, Айғанша Орашева, Нан Эльза, Сағима Меңдіғалиева, Галя Хабирова, Рая Карчагина секілді өз ісінің майталман мамандарымен бірге жұмысымызды бастаған едік.

Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген ұрпақ. Ендеше, жақсы тәрбие ең алдымен балабақшада басталады. Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер-білімге баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық.Бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны сөзсіз. Біз қанша дамып, басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те,бала тәрбиесі бір сәт те назардан тыс қалмауы тиіс.

Бала жас тал болса, ал ересектер оған бағбан болуы ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан іс. Сәби жанын небір жақсылық нәрімен суару – оны өсіруші, тәрбиелеуші тәрбиешінің міндеті. Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді. Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі – шындық, сұлу, әсем, жарасымды болуы керек.Тәрбие – қалып тәрізді, егер қалып қисық, олпысолпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады.

Қазақтың белгілі ақыны Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» дейді. Расында да балабақша табалдырығынан аттаған балаға тәрбие беру үшін тәрбиеші маманның өзі тәрбиелі, білімді, өнерлі болғаны жөн. Балабақшада меңгеруші болып қызмет еткен кезімде мен осыларға айрықша мән бердім. Бұған қоса, баланы ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеуге күш салдым.

Менен кейін бұл балабақшада Жәміш Қарабаева, Сәуле Рахимова, Гүлнар Мырзагереевалар басшылық етті. Олардың ешқайсысы да менің салып кеткен сара жолымнан ауытқымай ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосты. Қазір «Жауқазынды» білікті маман Алмагүл Жұмалиева басқарып отыр. Алмагүлдің көрегенділігін ұжымның қыздарын ардагер ұстазды елеусіз қалдырмай, мерекемен құттықтап барып қайтыңдар деп жіберіп отырғанынан көруге болады. Балабақша ұжымына әріптестік,аналық алғысымды арнап, ақ батамды бердім. «Жауқазын» ұжымы әрқашан жауқазындай жайнай берсін!

Ақсұлу БАЛТАБАЕВА,

ардагер-ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT