Үкіметтік емес секторды дамытуға көңіл бөлінеді

Баяндама жасаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев билік пен қоғам арасындағы диалог мәселесіне айрықша тоқталды. - Үкіметтік емес секторды дамыту, мемлекеттік мәселелерді шешуге қоғамды тарту - ең маңызды басымдылық,- деп атап өтті ол.

Облыс әкімдігі, басқа да жергілікті мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуде, олардың көптеген ұсыныстары, мүмкіндігінше іске асырылып жатыр. Мәселен, инфрақұрылымды дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар шешімдер қабылданды.

Облыс әкімі үкіметтік емес ұйымдарға өзекті мәселелер бойынша нақты негізделген ұсыныстар жасақтап, енгізуді ұсынды. Бұл жағдайда мемлекеттік органдар оларға қолдау жасап, соның ішінде, қаржылай да көмектесе алады. Мысал ретінде аталған Қазан қаласында (Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы) қаланың билік органдары мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, табысты жұмыс жасап жатыр.

f3bb335a

Айта кетейік, Татарстан Президентінің кеңесшісі Фишман ханым Атырауға келеді деп күтілуде. Фишман ханымның қоғам үшін маңызды жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар.

Әрі қарай, Н.Ноғаев өңірдің дамуы мәселелері бойынша баяндады.

Атырауда өткен облыс активінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.

Активте баяндама жасаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің дамуына, тұтастай алғанда, оң динамика тән екенін айтты.

Соңғы 3 жылда (2016-2018 жылдар) жалпы өңірлік өнім көлемі 5 200,7 млрд. теңгеден 7 894,5 млрд. теңгеге дейін өсті. Республиканың жалпы ішкі өніміндегі облыстың үлес салмағы 15,6% құрап отыр.

Мемлекеттік бюджетке кіріс түсімдері бойынша Атырау облысы, Алматы және Астана сияқты мегаполистермен бірге республикада алдыңғы қатарда. Кіріс түсімі жыл сайын өсіп келеді; 2015 жылы - 591,0 млрд.теңге; 2016 жылы – 815 млрд.теңге; 2017 жылы – 1 047 млрд.теңге; 2018 жылы - 1 388 млрд.теңге.

Ұлттық қорға түсімдердегі өңірдің үлесі республика бойынша барлық соманың 50% жуығын құрайды.

2018 жылы республиканың жалпы сомасы 11 420 млрд.теңге шоғырландырылған бюджетіндегі облыстың үлесі 2 832 млрд.теңгені, немесе 24,8% құрады. Яғни, Атырау мемлекеттік бюджеттің басты донорларының бірі.

Өңір басшысы Президент Жолдауын жергілікті деңгейде іске асыру үшін атқарылатын шаралары айқындап, жергілікті атқарушы органдарға тапсырмалар берді. Кәсіпкерлікті дамыту айрықша назарда болады.

- Жергілікті атқарушы органдар үшін басымдылық – шағын және орта бизнесті дамыту, өңір экономикасын әртараптандыру, әсіресе, шикізат өндіруден тыс салаларды дамыту. Болашақта олар халықты жұмыспен қамтудың, табысын өсірудің негізгі көзіне айналуы тиіс-деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, бұл салада оң үдеріс байқалады. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2019 жылдың 1 тамызына 57 843 бірлікті құрады. Оның ішінде, жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны - 48 581 бірлікті құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106%-ке артты.

Президент Жолдауында айтылған, 2020 жылдан бастап, микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салынуы кәсіпкерлерге үлкен қолдау болмақ.

Қазір отандық кәсіпорындарды экспортқа бағыттау міндеті тұр. Кәсіпорындарды экспортқа бағыттау бойынша мемлекеттік қолдау құралдары бар. Соны кәсіпкерлердің назарына жеткізіп, қолданысқа енгізу қажет.

Инвестициялық қызмет аясында 2019-2024 жылдарда 2 200-ден астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 1,4 трлн.теңге 11 жоба іске асырылмақ.

Облыс экономикасына тікелей шетел инвестициясын тарту, өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында «Kazakh Invest»ҰҚ» АҚ, «Атырау Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Atyrau Innovations» ЖШС келген инвесторларға сапалы және жедел көмек көрсетеді. Инвестициялық қызметке байланысты проблемаларды жедел шешу үшін Атырау облысы әкімдігінің «Инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі» Өңірлік кеңесі жұмыс жасайды.

Білім сапасын көтеру мақсатында тиісті органдарға келесідей тапсырмалар жүктелді:

Қала мен ауыл мектептерінің білім беру сапасы айырмашылығын жою;

Ауыл мектептері мұғалімдерінің пәндік білімдерін жетілдіру;

Мобильді мұғалім жобасын енгізу;

Дарынды балаларды анықтау, соның ішінде, ауыл мектептерінің оқушыларына жан-жақты қолдау көрсету.

Медициналық қызмет сапасын жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

Әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту мәселесіне тоқталған өңір басшысы бұндай жұмысты нақты қажеттіліктерге бағыттауды тапсырды.

- Бірден айта кетейін, мемлекеттік қолдау масылдық пиғыл туындатпауы керек. Мемлекет тек шын мәнінде мұқтаж жандарға көмектесуі тиіс, ал, еңбекке қабілетті адамдар еңбек етуі қажет-деді Н.Ноғаев.

Жергілікті атқарушы органдар атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың ішіндегі еңбекке жарамды азаматтарды жұмысқа тарту, еңбек етуге ынталандыру жұмыстарын жүргізеді.

Жағымды жаңалық: келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салықтық түсімдер (корпоративтік табыс салығы) өңірлердің құзырына беріледі. Бұдан Атырау облысының бюджетіне 2020 жылдан бастап 29,4 млрд. теңге түседі деп болжануда. Облыс басшысы осындай мүмкіндікті өңірді дамытуға неғұрлым тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.

Қаланың оң жақ бөлігіндегі кəріздік тазалау имараттарын қайта жаңғырту, қаланың екі бөлігіндегі «Тухлая балка» және «Квадрат» кəріздік суларды буландыру алаңдарын қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжаттамалары 2019 жылдың аяғына дейін әзірленеді. Ал, қаланың сол жақ бөлігіндегі кəріздік тазалау имаратының құрылысы 2020 жылдың аяғына дейін аяқталады.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Президенттің Жолдауын еліміздің табысты дамуын, халықтың тұрмысын жақсартуды көздейтін аса маңызды құжат ретінде бағалап, оны жүзеге асыру жергілікті биліктің басты ұстанымы болатынын атап өтті.

- Президентіміздің «Сындарлы диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» Жолдауы таяу перспективадағы басымдықтарды айқындап берді. Соған орай Атырау өңірінде қай бағытта, қалай жұмыс жасауымыз керек, қандай міндеттер тұр – анық бағдар бар. Мүмкіндіктер, ресурстар бар – жұмылып, қажырлы еңбек етсек, алға қойған мақсатымызға жетеріміз сөзсіз. Барлық билік органдарын, Атыраудың азаматтарын соған шақырамын, -деді Н.Ноғаев.

Баяндамадан соң активке қатысушылардан бірнеше адам сөз алып, Мемлекет Басшысының Жолдауына қатысты пікірлерін білдірді.

Атырау облысының өңірлік

коммуникациялар қызметі

Сурет: ӨКҚ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT