ТЫШҚАН КӨБЕЮІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ БЕЙБАРЫС АУЫЛЫНДА ШҰҒЫЛ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс ауылдық округінде кеміргіштердің көбеюіне байланысты жергілікті билік бірқатар шұғыл шараларды қолға алды. Ауданда қалыптасқан жағдайды талқылау мақсатында аудан әкімі жедел жиын өткізіп, тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Эпидемиологиялық қауіптің алдын алу үшін А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп пен Талдыкөл орта мектебі 19 қарашадан бастап уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Сондай-ақ дезинфекциялау жұмыстарын толық әрі сапалы жүргізу мақсатында «Балдырған» және «Балақай» балабақшаларының қызметі уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда мамандандырылған қызметкерлер ауыл аумағында санитариялық бақылау мен дезинфекция жүргізіп жатыр.

Бейбарыс ауылдық округінің әкімі С.Зұлқашевтің айтуынша, кеміргіштер негізінен ауылдың шетіндегі бөгет маңында көбейіп отыр.

«Тышқандардың шөп арасынан келіп жатқаны байқалады. Сол себепті бөгет маңындағы қалың өскінді шабу жұмыстары ұйымдастырылады»,- деді округ әкімі.

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жағдайдың асқынуына былтырғы су тасқыны да ықпал еткен болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауланған кеміргіштер зертханалық талдаудан өткізілген. 

«Әзірге қауіпті инфекциялар анықталған жоқ. Дегенмен тұрғындардың шағымдарына орай төрт ауылдық округке обаға қарсы күрес станциясы дайындаған уланған бидай таратылуда. Қазіргі уақытта ауру ошағы тіркелмегендіктен, аудан аумағын жаппай улауға негіз жоқ»,- деді аудан басшысы.

Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жаннат Кенжеғалиева да халықтың өз күшімен күрес жүргізіп жатқанын жеткізді. 

«Обаға қарсы күрес бөліміне хат жолданып, қажетті дәрі-дәрмек дайындалды. Ауа райының құбылуы да кеміргіштердің көбеюіне әсер етуде»,- деді ол.

Аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Асхат Сәпенов тышқанмен күрес мақсатында қауіптілігі жоғары «бромадиолон» препараты дайындалғанын айтып, оның концентрациясы биыл күшейтілгенін жеткізді. 

«200–300 келі көлемінде уланған бидай әзірленді. Биыл кеміргіштердің көбеюі айқын байқалып отыр. Ауа райының салқындауы да індетті көбейтетін факторлардың бірі»,- деді ол.

Ал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Орынбек Зирек қазіргі ахуалдың тұрақты екенін атап өтті. 

«Эпидемиологиялық жағдай әзірге қауіпсіз. Төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ. Тышқанның тістеуінен ауру анықталған жағдайда, обаға қарсы мекемеге жедел ұсыныс беріледі. Рұқсат етілген препараттарды қолдану – жеке және заңды тұлғалардың да жауапкершілігі»,- деді О.Зирек.

Жергілікті атқарушы органдар жағдайды қатаң бақылауға алып, кеміргіштерге қарсы күрес шараларын жүйелі жүргізуді жалғастыруда. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев барлық мекеме басшыларын, ауыл әкімдерін обаға қарсы күрес бөлімшесімен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT