Түркияның Мерсин провинциясының мэрі Нешет Тархан бастаған делегация Сарайшықты аралады

Биыл Атырау қаласының 382 жылдығына орай өңірімізде әр түрлі мәдени, ресми шаралар өткізіліп жатыр.

Әсіресе, Мемлекет басшысының өзі атап өткен көрші, бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында түрлі шаралар, көрмелер мен экскурсиялар жоспарға бекітілген.

Соның аясында жуырда Түркия мемлекетінен келген арнайы делегация тарихи мекен Сарайшыққа арнайы ат басын бұрды. 8 адамнан тұратын делегация құрамында Мэрсин, Мезитли қалаларының мэрі, орынбасарлары, Ассамблея мүшелері мен ауыл шаруашылығы, құрылыс саласындағы екі ірі компанияның директорлары да болды.

Бұл экскурсияның негізгі мақсаты екі ел арасындағы ынтымақтастық пен байланысты нығайту, экономика, өндіріс бағытында тәжірибе алмасу болды. Атырау қаласындағы, облыс аумағындағы бірнеше заводтар мен өндіріс орындарында, тарихи, мәдени ошақтарда және жеке шаруашылықтарда болып, біздің технологиямен танысқан түрік ағайындармен екіжақты меморандумға да қол қойылды. Меморандумның нақты шарттары бекітілген жоқ, бірақ негізгі мақсаты осы бауырлас мемлекеттер арасындағы жан-жақты қарымқатынасты нығайту екені сөзсіз. Бұл туралы Атырау қаласының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов былай дейді:

-Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Түркия мемлекеті бізді алғашқылардың бірі болып қолдап, қай кезеңде де екіжақтың байланысы ажырамай келеді. Түбі бір түріктердің мәдениеті де, тарихы да тамырлас, ортақ екен рас. Олар да мұсылман бауырлас ел ретінде біздің бастамаларымызды қолдап, өз ұсыныстарын білдіріп отыр. Біздің мақсатымыз Президенттің тапсырмасы бойынша алдағы уақытта өңірге жаңа инвесторлар тартып, жаңа жобаларды іске асыру. Түріктердің де бізден, біздің олардан үйренеріміз көп. Сарайшық ауылына арнайы келген қонақтар ең алдымен Алланың үйі мешітке кіріп, құран бағыштады. Оларды қарсы алып, құрмет көрсеткен аудандық мешіттің бас имамы Нұрбек Ибадоллаев та қонақтармен түрікше тілдесіп, ел амандығын сұрады.

sar17101

Хан ордалы Сарайшық мұражайының экскурсоводы үш орданың астанасы болған киелі мекеннің тарихы мен жеті ханға арналған ескерткішпен толығырақ таныстырып өтті. Қонақтар әсіресе, осы мекенді Шыңғыс ханның ұрпақтары билегенін, бір кездері Алтын орданың астанасы, Хан Беркенің тұсында Исламды қабылдаған діни –мәдени ошақ болғанын естігенде үлкен таңданыста болды. Мұражай ішіндегі эскпонаттар мен жәдігерлерді де оларға жеке-жеке таныстырылып, жан-жақты мәлімет берілді. Одан әрі қонақтар «Сарайшық ешкі сүтін өндіру» зауытына барып, ТМД-да аналогы жоқ кәсіпорынның жұмысымен танысты. Асыл тұқымды ешкіден сүт алып, өнім шығарып отырған зауыттың тағам түрлерінен дәм татып, өз бағаларын берді.

Сарайшыққа сапардан алған әсерімен бөліскен Мерсин қаласының мэрі Тархан Нешетли өз сөзінде:

-Қазақстанның жерінің асты да, беті де байлыққа толы өлкесіне аяқ бастық. Қонақжайлық пен құрметі үшін алғысымыз шексіз. Екі елдің арасында тарих дейтін алтын көпір жатыр. Әсіресе, хан ордалы Сарайшықты өз көзімізбен көргенімізге қуаныштымыз. Бізді болашақта үлкен жоспарлар мен жұмыстар күтіп тұр,- деп атап өтті.

Жалпы сауда-саттық, туризм, медицина саласы бойынша біздің ел түріктермен тығыз қарым-қатынаста. Енді соның аясын кеңейтіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс бағытында да тәжірибе алмассақ артық болмас еді. Бастысы бауырлас елдер арасындағы бейбітшілік пен келісімге сызат түспей , бір-бірімізді қолдап жүруіміз маңыздырақ.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521