Тура жолдан тайдыра алмайды

Мемлекет басшысы өзінің Президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы барша қазақстандықтарға мәлімдеме жасады.

Ғасырға татитын тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізге қысқаша тоқтала келіп, қыруар іс тындырылды, ең бастысы-еліміздің Тәуелсіздігін қадірлей, қастерлей біліңдер деген жүрек тебірентерлік сөзін арнады халқына. Бұл кім-кімді де ойландыруы тиіс. Тарихымызды парақтасақ, Тәуелсіздіктің бастауында Елбасы тұрғанын айқын аңғарамыз. Егемендіктің елең-алаң шақтарындағы қиындықтардан қаймықпай, халқын болашаққа сендіріп, соңынан ерте білді. Өзінің бойындағы бар күш-жігерін, ақыл- парасатын, туабітті табиғи талантын Тәуелсіз Қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруға жұмсады. Елбасының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларынан жұртшылық жыл құсы келгендей жағымды жаңалық күтті. Әсіресе, әлеуметтік саладағы оң өзгерістер қамқорлыққа зәру жандардың кеуделерінде үміт отын маздатып, болашаққа деген сеніммен ілгері ұмтылуларына септігін тигізді.

Жалпы Елбасы елін кемел келешекке бастаған көреген Көшбасшы десек, қателеспейміз. Ол жақындап келе жатқан жаһандық қауіп-қатерлерді де алдын ала болжап, одан сақтану жолдарын да айқындап берді. Қиын-қыстау кезеңдерде алдымен экономиканы дамытуға басымдық беріп, егемен елдің еңсесін тіктеді. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы да сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақ Елін төрткүл дүние танып, небір азуын айға білеген алпауыт елдер мойындады. Бірте-бірте экономиканы әртараптандыра отырып, алыс-жақын шет елдермен іскер байланыс орнатып, бәсекеге қабілетті тауар өндіруді алға мақсат етіп қойды. Тату тірлігі, береке- бірлігі жарасқан саяси тұрақты елмен экономикалық қарым-қатынас жасауға мүдделілік танытқан шетел инвесторлары ел игілігін бірлесе игеруге атсалысты. Аз ғана жылдар ішінде қаншама заманауи технологияларға негізделген өндіріс орындары салынып, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық код туралы айта келіп, саналарда сілкініс жасайтын кез жеткендігін нақты дәлелдермен түсіндіріп берді. Ұлы Даланың жеті қыры да біздің түп-тұқиян тегіміздің тым тереңде екендігін, ол сонау көне дәуірлік өркениетпен ұштасып жатқандығына нақты мысалдар келтіреді. Бұл бір кездері отаршылық езгісін көрген бұратана халық деген кемсітушіліктің күлін көкке ұшырып, бұрынғы өткен бабаларымыздың асқақ рухын дәріптеп, солардан мирас болып, бүгінгі күнге жеткен ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге үндейді. Отансүйгіштік, патриоттық сезім деген ұғымдар бар. Менің пайымдауымша, Қазақстандағы нөмірі бірінші патриот, елін шексіз сүйген кім десеңіз, еш ойланбастан-Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев деп сеніммен айтар едім. Ол-Мәңгілік Елдің жобасын сызып берген теңдессіз сәулетші. Ол Қазақстанның ертегідей ертеңіне шексіз сенеді.

Міне, тыңдаңызшы: «Қазақстан 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналады. Бұл-бәрі де адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Оның білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болады. Онда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрады. Азаматтары еркін әрі тең құқылы, ал билігі әділетті болмақ. Мұндай елде заң үстемдік етеді. Мен дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдімін. Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды»,-дейді Елбасы өзінің халыққа арнаған үндеуінде.

Ендеше ,Елбасы салған сара жолмен ілгері жылжуға бір Алла нәсіп еткей!

М.Мырзашев,

аудандық мәслихат хатшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT