Аудандық балалар кітапханасында Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына байланысты « Армандарын айырбастап ажалға, туған жерге қайтпай қалған қыршындар» атты еске алу кеші өтті. Кешке Ауған жерінен оралмаған жауынгерлер Алаш Тұржановтың отбасынан Батима апа, Мұхтар Рахметовтің бауыры Асқар Рахметовтер қатысып, қыршыннан қиылған боздақтар өмірінен сыр шертті. Алдымен Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиналғандарға Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан екі батыр Мұхтар мен Алаш туралы бейнеролик көрсетіліп, онда Мұхтардың досы Қайрат Исмагулов, сынып жетекшілер Жібек, Марфуға апайлар өз естеліктерімен бөліскенін білдік.
О.Шонаев атындағы орта мектептің оқушысы Анель Айбек Б.Смагұлдың «Мұсылман батальон» өлеңін оқыса, Нұрсәлім Бірманқызы «Туған жерге қайтпай қалған қыршындар» өлеңін оқуымен есте қалды.
Алаштың жеңгесі Батима апа өзінің Тұржанов әулетіне 1972 жылы келін болып түскенде Алаш кіп-кішкентай 6 жасар ойын баласы болғанын, бір әулеттен екі бала Өтеміс пен Алаш қатар әскерге алынып, Ауғанстанда Отан алдындағы борышын өтегенін айтты. Батима апа отбасымен Ортақшыл ауылында тұрғандарын, Алаш алғыр, зерек, ұғымтал, үнемі күліп жүретін ақжарқын бала болғанын, үйде тауық асырағанын, күнделік жазғанын, Ауған жерінен хатты өзіне жазғанын еске алды. Ол хатында ауылдың амандығын сұрап, әскерде жүріп, жанұясы туралы түс көргенін, ол кезде ағасы (менің жолдасым) өмірден өткенін жан жүрегімен сезгенін, бір хатында қарындасым Айгүл 4-ке толғанда келемін деп жазғанын айта кетті. Алайда Алашқа елге оралу жазбаған екен. Елге мырыш табытпен келгенде ашып қарағанда Алаштың басы таңулы болғанын айтқан Батима апа көзіне жас алды.
Мұхтардың туған інісі Асқар Рахметов отбасында 8 бала болғанын, екі апасынан соң үшінші Мұхтар болғанын, ағасы елден ерекше,өжет, елгезек жан болғанын, бәріне қамқор, қорған болып жүрген кездерін еске алды. Спорт десе, ішкен асын жерге қоятынын, жастай техникаға үйір болғанын айтты. Үйдегі мотоцикльді өзі жөндеп, айдап кете беретінін, әскери комиссариат жанынан оқып, жүргізушілік куәлік алып, совхозда трактор айдағанын, ауыл тұрғындарының шөбін тракторымен тасығанын тілге тиек етті. Мұхтар әскерге аттанғанда Асқар 8-9 сыныпта оқыса керек. Ол Асқарға отбасын, малға қарауды тапсырыпты. «екі жыл өтеді де кетеді, келем ғой» депті. Ауғанстанда жүрген кезінде Мұхтар үйіне жиі хат жазып, ол жақта көпірді, керуенді күзететіндерін жазған көрінеді. Тіпті әскерде туған күнін атап өтіп, оған Файзабат, Бахараттан қой әкеліп, сойғандарын да хатында жазыпты. Ол желтоқсан айынан бастап Мұхтардан хат үзілгенін, ал ақпанда ерлікпен қаза тапты деген қаралы хабар жеткенін еске алды.
Кеш меймандары Батима апай, Асқар Рахметов те Ауған жауынгерлері де еске алу кешін ұйымдастырған кітапхана ұжымына шынайы ризашылықтарын жеткізді.
Еске алу кешін кітапхананың балалармен жұмыс жөніндегі орынбасары Зада Енбаева қорытындылап, келген жауынгерлердің туыстарына алғыс айтып, сыйлықтар ұсынды. Шара соңында бәрі естелікке суретке түсті.
А.Текебай