Ауданда төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ЖАО қызметкерлері мен Отбасы қолдау орталығы мамандары бірлесіп, жеке тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік шараларын пысықтау бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейд барысында үйлерге түтін анықтайтын датчиктер орнатылып, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері мен маңыздылығы жайлы жан- жақты ақпарат берілді. Тұрғындармен әңгімелесу кезінде мамандар пеш пен мұржаны уақытылы тазалау, электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, газды тұрмыста қолдану кезіндегі ережелерді қатаң сақтау сынды өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді.
Әсіресе, ашық отты қараусыз қалдырмау, жанғыш материалдарды жылыту құралдарына тым жақын орналастырмау қажеттілігі ескертілді. Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Асылхан Насимов тұрғындармен әңгіме барысында датчиктердің пайдасына тоқталды.
— Түтін анықтайтын датчиктердің ең басты артықшылығы — қауіпті өте ерте кезеңде анықтап хабар беруі. Бұл адам өмірін құтқарып қалуда шешуші рөл атқарады. Тұрғындар өз үйлеріндегі қауіпсіздікке бей- жай қарамай, жабдықтардың жарамдылығын жиі тексеруі тиіс,- деді ол.
Мамандар кез келген күдік тудырған түтін немесе күйік иісі байқалған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарласуды ұмытпау қажеттігін айтты.
Жүргізілген бұл шаралар — аудан тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға, қысқы маусымда өрт оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.
Қ.БАҒЫТ


