Сақтық – қауіпсіздіктің кілті

ҚАЙ ҚОҒАМДА, ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БОЛМА­СЫН АДАМ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛУ – БАСТЫ МІНДЕТ. АЛ, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ ҚҰТҚАРУШЫЛАР НЕМЕ­СЕ ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР БОЛСЫН, ОСЫ САЛАДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІНДЕРДІҢ ҚАЙ-ҚАЙСЫСЫ ДА ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІН САҚТАУ ҮШІН ӨЗ ӨМІРІН ҚАУІПКЕ ТІГІП ЖАТАДЫ. ОСЫ ОРАЙДА ӨҢІРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ ЖҰМЫСТАРЫНА ТОҚТАЛЫП ӨТСЕК.

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ - ӨЗЕКТІ

Өрт – күтпеген, қатерлі жағдай. Оған дайын болу өмірді сақтап қалуға көмектеседі. Өрт шыққан жағдайда бастысы – дүрбелеңге салынбай, дұрыс әрекет ету. Негізі өрт аумағы кішігірім болса, өз күшіңізбен сөндіруге болады. Егер өрт аумағы үлкен көлемде болса, дереу 101, 112 нөміріне хабарлап, жанып жатқанын нақты айту керек. Хабарласқан адам аты-жөнін, байланыс нөмірін қалдыруды ұмытпағаны дұрыс. Бұл өрт сөндірушілердің жедел жетуіне көмектеседі.

Өртке қарсы алдын алу шараларын білу – әркімнің міндеті. Қауіпсіздік ережелерін сақтау өрттің алдын алуға, әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Асылхан Насимовтың айтуынша, өртке жатпайтын жану деген бар. Оған ағаш қалдықтары, қоқыстар жатады. Қашанда өрт кезінде сақ болған дұрыс. Адами фактор – табиғи өрттердің негізгі себебі, адамдар даладағы, бақшадағы қураған шөптерді жиі өртейтіні.

– Жыл басынан бері ауданы­мызда 41 өрт оқиғасы тіркелді. Жуырда жеке тұрғын үйде кір жуатын машинаның өртену оқиғасы орын алды. Үйде қараусыз қалған балалар кір жуатын машина ішіне сіріңке жағып, ол өртеніп, өрт жалыны үйдің қабырғасына тиген. Тұрғын үй пенопластпен қапталған. Үйдің бір жақ қабырғасындағы пенопласт түгелімен жанып кетті. Біз барғанша көрші-көлем су ша­шып, өртті ауыздықтап үлгерген. Өрттің шығуына себепкер, кінәлі кәмелет жасына толмаған балалар болғандықтан іс материалдары аудандық полиция бөліміне жол­данды. Аудандық полиция бөлімі істі толық тексеріп, өрт туындауына себепші болған балалардың ата-ана­сына айыппұл салды. Одан бөлек тағы 9 өрт оқиғасы бар. Барлық балалардың қатысуымен болған өрттерді аудандық полиция бөліміне жібереміз. Қазір жылыту маусымына байланысты алдын алу шаралары жүріп жатыр. Жалпы өрттердің көбі электр желісінен туындайды. Жылыту қазандығы, пештен де өрт жиі шығады.

Автокөліктердің өртену жағдайла- рына тоқталсам. Өткен қазан айында Махамбет ауылында тұрғын үй аула­сында 4 ескі автокөліктің өртенген оқиғасы тіркелді. Әдейі, қасақана өрт қойған болса, оған сараптама тағайындалады. Үй иесі өзі сарапшы шақыртып, сараптама жасатуға құқы бар. Көбінесе сараптама жа­салса да өрт қойған кісі анықталмай қалады. Ол жерде ескі автокөліктерді жөндеумен шұғылданған екен. Өрт болған кезде үй иелері де, ешкім де болмаған, - дейді А.Насимов.

Соңғы жылдары тұрғын үй са­лушылар арасында терезені темір тормен қаптап қою сәнге айналған. Таяуда Түркістан облысына қарасты ауылда орын алған тұрғын үйдегі өрт 12 адамның өмірін қиды. Онда екі қабатты үйдің барлық терезесіне темір торлар орнатылған екен. Мүмкін үйіне ұры-қары түседі деген оймен, «биіктен жас балалар құлап кетеді» деп үй терезелеріне, тіпті бірінші қабат терезесінен бастап жоғары қабатқа дейін түгел тор салдырған. Айналасындағылар «құтқарыңдар» деген сөзді естігенімен жанып жатқан үйге ешкім жақындай алмаған. Тек өрт сөндірушілер мен құтқарушылар ғана келгенмен, алапат өрт 12 адамның өмірін алып кетті, оның 9-ы – бала. Қандай өкінішті жайт?! Өрт тоқ көздерінен шықты деген болжам бар. Осындай немқұрайлылық салда­рынан өрт шығып, сол маңдай термен салған үй-жайы, жиған дүние-мүлкі отқа оранып, құрдымға кетіп, соңы ауыр қайғылы жағдайға соқтырып жатады.

Кейбір ауыл тұрғындары ауласын бау-бақшасындағы қураған шөптен, күл-қоқыстан тазартамыз деп қоқыс жағады. Оны қараусыз қалдырудың соңы өрттің тұтануына себеп болады. Егер өрт қатты жанып, өз күшіңізбен сөндіре алмасаңыз 101, 112 телефон­дарына қоңырау шалыңыз.

ДАЛАЛЫҚ ЖЕРЛЕРДЕГІ ӨРТ НЕДЕН ШЫҒАДЫ?

Жаз мезгілінде күннің аптап ыстығына байланысты дала өрті орын алады. Дала өрті адамдардың абайсыздығынан, әсіресе, табиғатқа серуенге шыққан тұрғындардың жаққан отты өшірмей кетуі, жол жиегіне тастай салған темекі тұқылы дала өртіне себеп болып жатады. Ашық алаңда от жағуға, қалдықтарды өртеуге тыйым салына­ды. Әрбір тұрғын үйлердің жанына су бөшкелерін, өрт сөндіргіштерді орналастырғаны жөн. Қай кезде де ата-ана балаларға ерекше назар аударғаны абзал. Әр округте, әр ау­ылда арнайы жасақ бар, техника да жеткілікті.

Биыл құрғақ шөп жануынан 5 дала өрті оқиғасы тіркелді. Жалпы 50 га жер өртке оранса, ол дала өрті болып есептеледі. Отбасында балаларға сіріңкемен ойнауға болмайтынын жіті түсіндіру қажет. Шөптер мен сабандарды жақпау, бақылаусыз қоқысты өртемеу, балалардың сіріңкемен ойнап, қураған шөптерді өртеуіне рұқсат бермеу, тұтанған оттың жалғасып кетпеуі үшін шаруашылық аулаларын, гараж, мал қора аумағын қураған шөптен, қоқыстан тазартқан дұрыс. Жас балаларды қараусыз қалдырмау, оларға қосылып тұрған электр, газ құралдарын бақылауды тапсырмаған дұрыс. Пәтерде газ иісін сезсеңіз, бірден өшіріп, электр жарығын қоспай, міндетті түрде 104 авариялық қызметті шақыру керек. Тозған электр сымдарын пайдаланбау, электр құралдарын шегеге бекітпеу, оны тұсқағазбен жаппау, стандартты емес электр сақтандырғыштарын қолданбау, зақымдалған электр розеткаларын, ажыратқышты пайдаланбаған жөн. Қоқыс жәшігіне сөнбеген темекі тұқылын тастамау, жертөледе мотоцикл, мопед, жанар- жағармай материалдарын, бензин, лак, бояуларды, тағы басқаларды сақтамау да өрттің алдын алу болып саналады. Сонымен қатар арнайы секция өту жолдарынан, жоғары қабатты үйлердегі сыртқы эвакуациялық сатыларға шығу жол­дарын жиһазбен, пайдаланбайтын заттармен толтырмаған жөн. Үйге жақын, салынып жатқан құрылыс шатырына қираған үй жиһаздарын, тез тұтанғыш сұйықтықтар сақтамау, ақаулы электр жылытқыштарды көп пайдаланбау қажет.

Төтенше жағдайдағы қауіпсіздікке мұз да жатады. Қыс айларында Жайықтың суы қатып, аяз тұрып, жағаны мұз құрсаулап, өзен қатқаннан бастап балықшылар ба- лық аулауға шығады. Су жағасында жүргенде мейлі ол балықшы болсын үстінде қорғаныш жилеті, қолында арқаны болуы тиіс. Суда жүретін қайықшылар да кеудесінен жилетін тастамағаны абзал. Көп адам осыған мән бермегендіктен, тілсіз жауменқарсы келгенін білмей қалып жатады. Судағы, мұздағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау арқылы сіз өміріңізге төнген қауіпті сейілте аласыз.

Ешбір апат айтып келмейді. Он­дай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін сақтық шараларын есте ұстаған абзал. Оның ішінде төтенше жағдай бөлімі мамандарының ылғи айтатын қауіпсіздік туралы ескертпелеріне селқос қарамай, құлақ түргеніміз дұрыс.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT