Цифрлық мемлекетке бастар жол

Қазақстандағы цифрландыру мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық бағыты ретінде қалыптасты. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» және «Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы» ұлттық жобалары еліміздің инновациялық дамуының негізін қалады.
2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет», – деп атап өтті. Цифрландыру – жай ғана тренд емес, мемлекеттік қызметтерді жаңа деңгейге көтеретін қуатты құрал. Ол қағазбастылықтан арылтып, халыққа қызмет көрсетуді жеңілдетіп, жылдам әрі ыңғайлы етуге бағытталған. Бүгінде бұл өзгерістер азаматтардың уақыты мен күшін үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электрондық үкіметті дамыту, деректерге негізделген басқару моделін енгізу және мемлекеттік қызметтерді толық автоматтандыру көзделген. Осы процесте жасанды интеллект негізгі құралдардың біріне айналып отыр. Себебі ол үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуге, талдауға және басқарушылық шешімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жасанды интеллект элементтері мемлекеттік басқарудың бірнеше саласында қолданылуда. Атап айтқанда, электрондық үкімет жүйесінде қызметтерді проактивті форматқа көшіру, өтініштерді автоматты өңдеу жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді талдау, бюджеттік жоспарлау және тәуекелдерді ерте анықтау бағытында аналитикалық және болжам жасау жүйелері енгізілуде. Қауіпсіздік саласында бейнебақылау, жол қозғалысын бақылау, бет-әлпетті тану технологиялары қолданылады. Сонымен қатар, кадрларды іріктеу, қызмет тиімділігін бағалау барысында да жасанды интеллект элементтері пайдаланылуда.
Мемлекеттік органдарда ЖИ негізіндегі чат-боттар мен виртуалды көмекшілер азаматтардың сұрақтарына жедел жауап беруге мүмкіндік беріп отыр. Үлкен деректерді (Big Data) талдау арқылы нақты әрі негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау мүмкіндігі артты. Жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу бірқатар маңызды нәтижеге қол жеткізуге жол ашады. Басқарушылық шешімдердің сапасы артып, мемлекеттік қызмет көрсету уақыты қысқарады. Процестердің автоматтандырылуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, мемлекеттік аппараттың ашықтығын күшейтеді. Деректерге негізделген басқару тәсілі бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіруде жетекші рөл атқарып келеді. Академия өзгермелі заманда өзгерістерді басқаруды басты ұстаным етіп алған. Академия қызметі Smart Academy цифрлық экожүйесі арқылы ұйымдастырылған. Бұл – Мемлекеттік басқару академиясының цифрлық технологиялар қызметі әзірлеген бірыңғай цифрлық платформа. Платформа оқу процесін, ішкі басқару жүйесін және академия бөлімшелері арасындағы өзара байланысты толық автоматтандырады. Мұнда оқу бағдарламалары, академиялық жүйе, қайта даярлау курстарына тіркелу, кейс платформасы, ғылыми репозиторий, онлайн қабылдау, электронды сертификаттар беру, түлектер платформасы мен ғылыми журнал секілді ақпараттық ресурстар біріктірілген.
Сонымен қатар, Мемлекеттік басқару академиясының базасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасымен Қазақстанда баламасы жоқ жасанды интеллект зертханасы құрылды. Бұл зертхана мемлекеттік сектор үшін интеллектуалды шешімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу бойынша құзыреттер орталығына айналып отыр.
Академияның Атырау облысы бойынша филиалы өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттыру және жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметінде тиімді қолдануға үйрету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылы филиалда мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект негіздері бойынша онлайн курс және AI-Qyzmet оқыту бағдарламасы іске асырылды. Аталған оқыту бағдарламаларына барлығы 2009 мемлекеттік қызметші қамтылды. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдардан – 1107, орталық атқарушы және орталық мемлекеттік органдардан – 902 қызметші.
Мемлекет басшысының цифрландыру бағытына сәйкес Атырау облысының Цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп, қала және аудандарда 240 мемлекеттік қызметшіге арналған «Жасанды интеллект: пайдасы мен ықтимал қауіптері» тақырыбында көшпелі семинарлар өткізілді. Оқу бағдарламалары практикалық бағытта ұйымдастырылып, қатысушылар нақты цифрлық құралдармен жұмыс істеу дағдыларын меңгерді.
Жасанды интеллект – мемлекеттік қызметтегі инновацияның негізгі қозғаушы күші. Ол басқару сапасын арттырып қана қоймай, халық пен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады. Жасанды интеллект – мемлекеттік қызметті жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық құрал. Оны тиімді әрі жауапкершілікпен қолдану – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Лаура ҒАЗИЗОВА, 
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының кабинет меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT