Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ойлар – еліміздің технологиялық және цифрлық дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды бағдар.
Президент атап өткендей, бүгінде бүкіл әлемде пилотсыз жүк тасымалдайтын автокөліктер мен дрондар кеңінен қолданыла бастады. Бұл үрдіс еліміздің де көлік-логистика саласында инновацияны жедел енгізудің қажеттігін айқын көрсетіп отыр.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолында осындай жаңа технологияларды қолдану – уақыт талабы. Дрондар мен жасанды интеллект жүйелерін ауыл шаруашылығында, коммуналдық салада және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде пайдалану тиімділікті арттырып қана қоймай, адами ресурстарды үнемдеуге және экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Президентіміз атап өткендей, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар осындай инновациялық бағыттарды қолдап, тиісті құқықтық және инфрақұрылымдық жағдай жасауы тиіс. Бұл тұрғыда аудан әкімдігі де өз тарапынан цифрландыру жобаларын дамытуға, жас мамандарды тартуға және заманауи технологияларды енгізуге айрықша көңіл бөлетін болады.
Бүгінгі Жолдау – еліміздің болашағын айқындайтын стратегиялық құжат. Онда айтылған міндеттерді орындау арқылы Қазақстан жаһандық технологиялық көштен қалмай, жаңа өркениеттік деңгейге көтеріледі деп сенеміз.
Д.Жолдасқали

