Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі туризм саласын дамытуға айрықша назар аударып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Байқасақ, соңғы жылдары еліміздегі таңғажайып табиғатымен, тарихи-мәдени орындарымен танылған туристік аймақтарға жыл сайын алыс-жақыннан келетін туристердің қатары артып келеді. Соның бірі «Қазақстанның Швейцариясы» атанған Шығыс Қазақстан облысындағы Қатон-Қарағай деп аталатын керемет жерді бір көруді армандайтындар елімізде де, шет мемлекетте де аз емес. Мен де биылғы кезекті еңбек демалысымды маусым-шілде айларына жоспарлап, таулы өлкенің сұлулығын өз көзіммен көрмекке жолға шықтым. Өйткені дәл осы кезеңде ауа температурасы қалыпқа түсіп, табиғатты алаңсыз тамашалауға болатын еді. Негізгі мақсатымыз – Алтайдың ең биік шыңы Мұзтаудың (орыс елі Белуха деп атайды) етегіне жетіп, жақыннан көру болды.
Сәуір айының аяғында Қатон- Қарағайға жетудің тиімді жолдарын қарастырып, Ерсін досым екеуміз транспорт түрлерін қарап шықтық. Біз үшін уақыт үнемдеу маңызды болғандықтан, Өскеменге дейін ұшақпен барып-қайту тиімді еді. Маусымның 25-іне барып, шілденің 10-ы күні кері қайтатын болдық. Атыраудан Өскеменге дейін бір адамға барып- қайту билет құны – 80 мың теңге. Астана арқылы Өскемен қаласына түс ауа ұшып келдік. Қатон-Қарағайға жету үшін «inDrive» қосымшасы арқылы такси іздедік, алайда хабарласқан ешкім болмады. Жергілікті жұрт «Яма» атап кеткен шығыстың қала-аудандарына қатынайтын көліктер мекеніне тарттық. Оған дейін ас-ауқатымызды алып, сол жерден қозғалып кетеміз деген ойымыз болған. Тамақтың өзі 35 мың теңгеге шықты. Алайда, кешкі уақытта такси де, адам да болмайды екен. Содан «Халифа Алтай» мешітіне барып көруге шешім қабылдадық. Мешіт түнгі уақытта ашық болса, мешіт ішіне түнейміз, болмаса ауласына күрке құрып, ұйықтап алармыз дегенбіз. Өзін мешіттің наиб-имамы деп таныстырған Олжас ұстаз бізді мешіт жатақханасына орналастырды. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, Алланың қалауымен жақсы азаматтар кездесіп, аяқ-қолымызды суытып, ұйқымызды қандырып алдық.
ЖОСПАРЫМЫЗ БІРДЕН ЖҮЗЕГЕ АСПАДЫ
Таң атысымен мешіт қызметкерлеріне, шәкірттерге алғысымызды айтып, мешіттен шықтық. Қажетті заттарымызды алу үшін аңшылық құралдарын сататын дүкенге барып, кейін Қатон-Қарағайға такси шақырамыз деп жоспарладық. Ұзақ уақыт іздеп отырып, әйтеуір бір көлік кездесіп, түскі уақытта қаладан қозғалдық. Өскеменнен Қатон- Қарағайға Осиновский деп аталатын ойлы-қырлы жолмен сағат кешкі 17:30- да жеттік. Бірден «Қатон-Қарағай ұлттық паркінің» бас кеңсесіне соғып, рұқсатнама алуға бардық. Сонша жол жүріп, ойлаған жоспарымыз, көз алдымызға елестеткен ой бірден жүзеге аспай қалды. Туризм бөлімінің қызметкерлері қазіргі уақытта рұқсатнама алудың қиын екендігін айтып, көмек бере алмайтындығын жеткізді.
Салымыз суға кетіп тұрған кезде ақылы түрде қызмет ұсынатын адамдардың байланыс нөмірлерін берді. Өзіміз жайлы ақпараттарды бергеннен кейін жауап күту керектігін айтты. Бірақ қанша күн?! Ол жағы белгісіз. Ойымыздағы болмаған соң, тағы бір күн күткіміз келді. «Қайда барамыз?» деп отырғанда, жолда мешітті көргеніміз есімізге түсіп, сол жаққа тарттық. Мешітте жан баласы болмаған соң ауласына күркемізді құрып, тамағымызды әзірлеп, жайландық. Кеш батқаннан кейін мешіттің имамы Тимур ұстаз келіп, бізге мешітке қонуымызға рұқсат берді. Бұл жағы бізге де дұрыс болды. Заттарымызды жинақтап, жылы жерде ұйықтап алуымызға мүмкіндік сыйлады.
Ертесіне «Қатон-Қарағайдан Мұзтауға қалайда болса жетеміз» деген мақсатпен жолға шықтық. Ауылішілік таксиге кездесіп, Қатон-Қарағай ауылының шығаберісіне дейін жетіп қалдық. Көлікті көп күтпедік. «Audi 100» көлігі тоқтай қалды да, Берелге дейін екі адамға 7 мың теңгеге жеткізіп тастайтынын айтты. Қуана келісіп, отыра кеттік. Тақтайдай тегіс жолмен желмен таласа жетіп келдік. Шағын ғана ауыл, туристерді қабылдайтын қонақ үй ретінде жасақталған үй көп. Ендігі мақсат — Берелден Қараайрық деп аталатын тексеру пунктіне жету. Түскі уақыт болған соң демімізді басып, ауқаттанып алуды жөн көрдік. Бортына отын тиеген көлік кездесіп, соған отыра кеттік. Қаракөлге бұл жерден – 25 км. Қиылыстан түсіп қалып, әрі қарай жаяу тарттық. Ақ Берел өзенінің екі жағалауын жалғап тұрған ағаш көпірден өтіп, Қараайрықтағы тексеру, рұқсатнама беру пунктіне жеттік. Мұзтауға баруға рұқсатнамамыз жоқ болғандықтан, Қаракөлге дейін ғана алуға тура келді. 6 тәулікке күркеде қону, балық аулау рұқсатнама бағасы адам басына шамамен 7000 теңгеге шықты.
БІРДЕ АЙҚАЙЛАП, БІРДЕ ӘНДЕТІП
Қараайрық постындағы шаруа аяқталған соң Қаракөлге жаяу тарттық. Әрқайсымызда 15 келіге жақын салмақ тартатын сөмке, бірнешеге күнге жететін тамағымыз бар. Жолда ешқандай көлік кездеспеді, жолымыз болып, жетіп қаламыз-ау деген ой болған. Алайда 25 шақырым жолды жүкпен жаяу жүріп өтуге тура келді. «Аю шығып қалмасын» деп, бірде айқайлап, бірде әндетіп, шаршап- шалдығып, баратын жерімізге 1 км қалған кезде қара бұлт аспанды торлап, жаңбыр төгіп салмасы бар ма?! Кеш батып барады. Қараңғы түскенше жетіп алу керек болғандықтан ақ жауынға қарамадық. Жаңбырдан қорғайтынымызды тағып алып, тоқтамастан жүріп отырдық. Кешкі 19:30 болғанда діттеген жерімізге аман- есен жеттік. Заттарымызды реттеп, жылыну үшін шай-пайымызды ішіп алдық та, бірден ұйқыға кеттік.
Қанша шаршап келсек те, денеміз ауырып жатса да таңғы 7-де ұйқымыз шайдай ашылып кетті. Көлге барып, жуынып-шайынып алдық. Біз секілді демалып жүрген туристер таңғы асқа шақырып, солармен бір дастарханда отырып ас іштік. Екеуі Қырғызстаннан, біреуі Жетісу облысынан келген. Бәрі де — туризм саласында қызмет атқаратын, тәжірибелі мамандар. Бурабайдағы драйф форумнан шығып, жолдағы түрлі локацияларды фото- видеоға түсіріп келе жатқан беттері екен.
Жаңбыр басылмай-ақ қойды. Бір жауып, бір тоқтап тұрды да қойды. Біз орнымызды ауыстырып, күркемізді құратын жайлы орын іздедік. Қуанышымызға орай, ешкім тұрмайтын, тіпті жалдауға да берілмейтін үйге орналасуды жөн санадық. Бір жағынан тегін, бір жағынан су болған заттарымызды кептіріп алуға мүмкіндік алдық. Түстен кейін жаңбыр басылғандай болды да, көлге суға түсуге кеттік. Су жып-жылы, кірсең шыққың келмейтіндей екен. Арқамыздан біраз жүк түскендей болып, қою шай ішімізді қайнатып, ішіп алдық. «Мүмкін балық түсіп қалар» деген оймен балыққа бардық. Бірақ жел тұрып, балықтардың бәрі қашып кеткендей болды да, кері қайттық. Кешкі асымызды ішіп, қалың ұйқыға кеттік.
ҚАРАКӨЛДЕГІ СОҢҒЫ КҮН
Біз тоқтаған жер Қаракөл деп аталады. Ол – ұзындығы 3 км, ені 700 метр, тереңдігі 6-7 метр, теңіз деңгейінен 1656 метр биіктікте орналасқан көл. Орысша «Язовое» деп аталатын көлде ақ қайран (язь), хариус балықтары көп кездеседі. Үйіміз дәл бұлақтың жанында орналасқандықтан іші салқын еді. Таңға жақын оянып, қалың киімдерімді киіп, қайта жаттым. Денеме салқын өтіп кеткен секілді, қайта тоңа бастадым да, ұйықтай алмадым. Күн шайдай ашық екен. Киімдерімізді кептіріп алу үшін далаға шығарып қойдық. Таңғы асымызды іштік те, балық аулауға келдік. Сенбі, жексенбі күн болғандықтан адамдар көп екен. Бірақ бәрі келіп, балық аулап, табиғат тамашалап, кері кетіп жатыр. Біз Мұзтауға баруға рұқсатнаманы күтіп әлі жүрміз…
Түсте балық аулап, ақ қайран (язь) деп аталатын балықты ауладық. Балықтың көлемі кішкентай болғанмен, дәмі тіл үйіреді екен. Күннің ыссылығы өтіп кетсе керек, дәрі ішіп алдым да, түстен кейін күркеде ұйықтап қалыппын. Кешке қарай қызуым түсіп, жақсы болып қалдым. Қаракөлдегі соңғы күніміз болғандықтан табиғатты суретке түсіріп, есте қаларлық сәтті естелікке сарт еткіздік те ұйқыға кеттік. Шығыста, оның үстіне тау етегінде күн ерте шығып, ерте батады.
РҰҚСАТНАМА ҚОЛЫМЫЗҒА ТИДІ
Таңмен тұрып алып, сөмкемізге заттарымызды салып, жинақталдық. Бір уақытта жанымыздағы үйдегі аға келіп, бір қазан сорпа дайындап қойғанын айтып, дәм татуын сұрады. Етті аңсап қалған біз сүйсіне ішіп алдық та, жолға шықтық. Ағаларымызға Алла разы болсын, көлігінде сөмкемізге ғана орын барын айтып, Қараайрық тексеру-өткізу пунктіне тастап кететіні жеткізді. Алдымызда – Қараайрыққа дейінгі 16 шақырым жол, әрі қарай Берел. Ол да жақын емес. Қарайрыққа жеткенде сөмкемізді посттан таба алмадық. «Ағамыз затымызды тастауға ұмытып кетті ме екен?» деген ой бірден келді. Бірақ сол жердегі қызметкер Бауыржан есімді ағаның үйіне тастап кеткенін айтып, көңіліміздегі күдікті сейілтті.
Бауыржан аға мен жолдасы – сол жерде қонақ үйлер салып, отбасылық кәсіпті қолға алған жергілікті тұрғындар. Біздің алыстан ат арытып жеткенімізді естіп, бірден дастарханды жайнатып, шайға шақырды. Қолдың майы, балы, тосабынан дәм татып, қою қара шайын ішіп, алғысымызды айтып, Берелді бетке алып, жолға шықтық. Алдымызда – ұзақ жол. Дүйсенбі күні болғандықтан көлік көп кездеспеді. Жүріп келеміз, жүріп келеміз, жан- жағымызда – тау-тас, қалың орман. Бір сәтте қарсы бағытта екі көлік келіп, тоқтап, жол сұрады. Берел қорымына қарай баратын жолды сұрап тұр екен. Біз олардың кері бағытта жүруі қажеттігін айтып жол көрсеттік. Көліктерінде орын барын айтқан көлік иелері Берелге дейін жетіп қалуға болатынын айтқан. Біз қуана-қуана көліктеріне жайғасып, Берелдің «Самай» деп аталатын шайханасынан түсіп қалдық. Бұл жердегі қызметкерлердің жылы шырайы, құрметі ерекше. Тамағымызды ішіп, техникаларымызды қуаттап, жайғасып кешке дейін отырдық. Танымал тележурналист, алғашқы еңбек жолын «Аtyray» облыстық телеарнасынан бастаған Мейіржан Әлібекұлын жолықтырдық. Зайыбы, бала-шағасымен жүрген ағамыздың алғашқы келуі екен. Сапар туралы, елдегі өзгерістер, жұмыс барысы туралы әңгімелестік.
Қуанышымызға орай, Мұзтауға баруға рұқсатнама дайын болыпты. Бір қызығы, сол Қаракөлге шығып кеткен жұма күні жауабы келген екен. «Әр нәрсенің бір жақсылығы бар» деп, Мұзтауға бағыт алуды жоспарладық. Алла жолымызды оңғарса, биіктігі 4506 метр Алтай мен Сібірдің ең биік шыңын жақыннан көруді қалап отырмыз.
Кешке қонатын жер мен рұқсатнаманы принтерден шығарып алатын орын іздеп отырмыз. Рұқсатнама электронды нұсқада болмайды. Дәмханада отырғанда екі жігіт жұмыс істеуге келген еді. Дастан есімді шебер жігіт досымен бізге қолұшын созуға келісім берді. Өздері қолдан жасап жатқан киіз үй формасындағы қонақ үйге орналастыратындығын айтты. Іші жылы, көрпе-төсегі бар орынға дейін жеткізіп, тіпті принтерді де тауып беріп, көмектерін көрсетіп жатты. Жандос есімді ағаның үйінен қағазға рұқсатнамамызды шығарып алып берді. Ол жігіттерге Алла разы болсын, еңбектеріне жеміс тілейміз. Ендігі жоспар – Берелден Қаракөлге дейін көлік табу, әрі қарай атпен немесе жаяу жүріп жету.
ОЙЫМЫЗДАН БАС ТАРТЫП, КЕРІ ҚАЙТТЫҚ...
Таңғы 7-де тұрып, жігіттерге алғысымызды жеткізіп, жолға шықтық. Дәмханадан таңғы асымызды ішіп, Қаракөлге жолшыбай көлік болса, жетіп алуды жоспарлап отырмыз. Әзірге көліктің реті көрінер емес. Бір мезетте «буханка» УАЗ автокөлігі келіп тоқтады. Турдың адамдарын Қаракөлге алып бара жатыр екен. Жүк салғышына болса да жатып бара алатынымызды айтып, әрқайсымыз 5000 теңгеден төлеп, Қаракөлге жетіп алдық. Әрі қарай жаяу тарттық. Қолымызға рұқсат қағазымыз бары көңілге медеу болған болу керек, өз күшімізге сеніп, кешке дейін Сәрсембай қыстағына жетіп алғымыз келді.
Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Тексеріп, тіркеу бекетіне жеткеннен кейін құжаттарымызды алып, өздеріне тіркеді. Барар жолды нұсқап, көрсеткен бекет қызметкері бізге жолдың нашар екенін ескертті. Ап- ауыр сөмкемізді иығымызға асынып, «Қайдасың, Мұзтау?!» деп тарттық. Ұзақ жүрместен, батпаққа тап болдық. Батпаққа белшеден батып, таудан аққан суды толарсақтан кешіп жүрдік. Пост қызметкері көрсеткен жолды таппай, адасып, батпаққа толы далаға кезіктік. Жығылғанға жұдырық болып, жаңбыр да қоймастан жауып кетті. Сәрсембай қыстағына бару ойымыздан бас тартып, кері қайттық. Қайтар жолда да дәл осы жағдайда постқа дейін жүріп келдік.
Қаракөлге барар жолда Тұрсынхан ағамен аттарын жалға алу туралы сөйлесуге келдік. Сәрсембай қыстағына дейін әр адамға бір күнге 30 мың теңге сұрады. Біз үшін бұл қымбат еді әрі қыстақтан Мұзтау етегіне дейін жаяу барғымыз келмеді. Қаракөлге жеткенде аяқ киім, шалбар, жейдеміз суға малынғандықтан, денеміз тоңа бастады. Бақытымызға орай, жалдайтын үйлер бос екен. Біреуіне орналасып, пеш жағып, су болған киімдерімізді кептіре бастадық. Жылыну үшін шай ішіп, тамағымызды әзірлеп, кешкі асымызды жеп алдық. Жоспарымыз бойынша, таңертең Тұрсынхан ағаға барып, аттарын жалға алып, Мұзтауға кету. Ат жалға беретін жер де Қаракөлден біраз қашықта. Ауыр сөмке, ұзақ жол шаршатса керек, бірден ұйықтап кеттік.
БАРЫП-ҚАЙТУ БАҒАСЫ – 50 МЫҢ
Кеше 36 мыңнан аса қадам жүріп, тәуліктік көрсеткішті 600%-ға орындап тастаған екенбіз. Сағат 9-да тұрып, таңғы асымызды ішіп алып, Тұрсынхан ағаның отыратын жеріне қарай бағыт алдық. Сөмкемізді жақын маңдағы үйге қойып, жаяу баруды қаладық. Орта жолда қарсы бағытта көлік кездесіп, туристерді Тұрсынхан ағаға жеткізіп тастап, қайтып келе жатқанын айтты. Аттарды ерттеп, бәрі жолға шығып кеткен екен. Орыс жігітпен Қаракөлге қайта келіп, «Берелге кері қайтамыз ба әлде аттарды күтіп, Мұзтауға барамыз ба?!» деп ақылдастық.
«Қатон-Қарағай» ұлттық паркінен де аттарды жалға алуға болатынын біліп, сұрастырдық. Барып, қайту бағасы 50 мың теңге және аттарға бөлек 10 мың теңге екен. Айтқан бағасына келісіп, ертең Мұзтауға шығатын болып жоспарладық. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, көздеген мақсаттан айнымайтын болып келістік. Қаракөлге суға шомылып, күркемізді құрып, жайғасып алдық. Ас-суымызды ішіп, тамаша табиғатты тамашалап отырдық. Аттарды күтіп жатырмыз…
МҰЗТАУ, ҚАЙДАСЫҢ?!
Бүгінгі таң әдеттегіден ерекше атты. Таңғы 4-те тұрып, Қаракөл жағалап жүріп қайттым. Ұлттық парк қызметкерлері кеше түнделетіп аттарды әкелген екен. Ерсін екеумізден бөлек тағы төрт турист және үш Ұлттық парк қызметкері бар, таңертең сағат 9-да жүктерімізді атқа артып, «Мұзтау, қайдасың?!» деп тартып отырдық.
Кеше біз батқан батпақты аттар қиналмай өте салды. Атқа отырмай жүргенім бірден білінді. Бір шақырым емес, 50 км-ден аса қашықтықты жүріп өту ат үстінде отырған маған оңайға соқпады. Тоқтаусыз ағып жатқан Ақ Берел өзенінен өту кезінде суға қарасаң бас айналып, аттан ауып кете жаздайсың. Сол күйді кештім. «Кеттім-ау» дегенде, бізді бастап келе жатқан Нұржан ағаның «Суға қарама, үзеңгіден аяғыңды шығарма» дегенін естідім де, тарта бердім. Құдай сақтап, астымдағы атым аман-есен арғы бетке алып шықты. Содан жүріп отырып, Сәрсембай қыстағына барып, сәл аялдадық. Шай-пайымызды, бұлақтың суын ішіп, демімізді бастық. Бұл кезде сағат 12:30 болатын. Көп уақыт созбай, әрі қарай жүрдік. Айналамызға қарап, Қатон-Қарағайдың тұмса табиғатына тамсанып келе жатып, Мұзтаудың етегіне қалай тез келіп қалғанымызды білмей қалдық. Сағат 18:00. Тау ішімен, ойлы-қырлы жермен, бұрын атқа отырып, суретке түсуді ғана білетін адам үшін 9 сағат жүріп өту қаншалықты қиындық келтіргенін білсеңіз ғой.
Заттарымызды аттан түсіріп, күркемізді құрып, әрі қарай Мұзтау етегінде орналасқан Кіндіктас деп аталатын жерге аттандық. Бұл жердегі тастан ерекше энергетикалық және мистикалық күш тарайды. Аңызға сенсек, найзағайлы күндері үстінде түрлі-түсті жарық пайда болады-мыс. Төбесі мәңгі қар мен мұзға көмілген Мұзтауды жақыннан көріп, көңілді бір қуаныш кернеді. Себебі, бұған жету үшін біраз уақытымызды, энергиямызды жұмсаған едік. Кіндіктасқа апаратын жолда Жылы көл деп аталатын көл бар. Таулы жерде орналасқанына қарамастан шын мәнінде жылы әрі жүзуге қолайлы. Кіндіктастан кейін шығып, орналасқан жерімізге келдік. Шай қайнатып, ауқаттанып алмақпыз. Күннің суықтығы денемізден өтіп барады, шай да, ыстық тамақ та көмектесер емес. Содан күркеге емес, Ұлттық парк қызметкерлерінің жанына барып, ағаш үйге түнедік.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ,
Махамбет-Шығыс Қазақстан- Махамбет
(Жалғасын келесі саннан оқи аласыздар)