Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде "Ана тілі" газетіне сұхбат берді.
" Мен былтырғы сұхбатымда 2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болатынын айтқан едім. Шын мәнінде солай болып шықты. Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ", -деп атап өтті Президент.
Сұхбатта өткен жылы елімізде атқарылған маңызды жұмыстар, оның ішінде тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй пайдалануға беру, автокөлік жолдарының салынуы мен жөндеуден өтуі, сондайақ тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларындағы ауқымды жобалар, қайта өңдеу секторында қарқынды жұмыстар сөз болды. Соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың да жетістігі айрықша атап өтілді.
Әлеуметтің әлеуетін басты назарда ұстаған мемлекетіміздің бұл бағыттағы атқарған жұмыстарын айтпай кетуге әсте болмас.
"Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында тағайындалған төлемдер, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысының артуы, еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынуы, сондай ақ шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылуы мен ғылымды қаржыландыру көлемінің артып, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетілуі, бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілуі де өткен жылдың еншісінде атқарылған елеулі жұмыстар.
Өткен жыл еліміз үшін жағымды жаңалықтарымен қатар, қауіп пен қатерге толы сәттерге толы болды. Президент тасқын судың зардабы мен оны ауыздықтауға қарсы жасалған жұмыстарды да атап өтті.
" Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік. Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген.
Төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды, - деді Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев.
Сұхбатта Президенттің Жолдаулары және Ұлттық құрылтайдың отырыстарында көтерілген маңызды мәселелер аясында қабылдануына түрткі болған бірқатар Заңдар да сөз болды.
Сонымен қатар, елдік маңызы бар тақырыптар ішкі-сыртқы саясат, Үкімет жұмысы, қаржы-валюта саясаты төңірегінде, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы іс-шаралар, қоғамдағы тіл, жастар сынды өзекті мәселелер ашық талқыланып, көпшілікке терең ой саларлық мән-маңызы жоғары сұхбат болды.
Эльмира Еспусинова,
Аудандық мәслихат депутаты